Ерлан Қарин қостанайлық қыздың жақындарына көңіл айтты

Ерлан Қарин қостанайлық қыздың жақындарына көңіл айтты

Ерлан Қарин қостанайлық қыздың жақындарына көңіл айтты
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Қарин Ерлан фейсбуктегі парақшасында Қостанай облысында суға батып кеткен 5 жасар Мәдинаның қазасына байланысты жазба қалдырды деп хабарлады turkystan.kz.
«Соңғы күндері бүкіл ел Қостанай облысынан жақсы жаңалық күтіп отырды. «Бес жастағы Мәдина із-түзсіз жоғалып кетті» деген хабар тарағаннан бастап бүлдіршіннің аман-есен табылып, ата-анасымен, бауырларымен қауышқанын тіледік. Өмірге енді келген жеткіншектің жапан түзде жалғыз жүргенін ойлаудың өзі қорқынышты еді. Мәдинаны іздеуге құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен, Ұлттық гвардияның әскерилерінен, кинологтардан және еріктілерден құралған мыңға тарта адам жұмылды. Әрбір жаңалыққа елеңдеп, аймақтағы құзырлы органдармен  хабарласып, ақпарат алып отырдық. Бірақ тағдырдың жазуы басқа екен. Жағымсыз жаңалық жанымызға қатты батты, жүрегімізге ауыр тиді. Ажалдың арсыз екенін, айтып келмейтінін бәріміз білеміз ғой. Дегенмен, дүниені енді танып жатқан балақайдың ажалы тұтас қоғамды есеңгіретіп кетті. Әлі өз-өзімізге келе алмай, жазмыштың бұлай жазылуына сене алмай отырмыз. Мәдинаның ата-анасының, жақын-жуықтарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Бекем болыңыздар. Жаратқан ешбір адамды баласымен сынамасын. Ұрпағымыз аман, бейбіт заман болсын! Бір-бірімізге қамқор болайық» деп жазды Ерлан Тынымбайұлы.