Жаңалықтар

IQanat жобасы ауыл мұғалімдерінің қауымдастығын дамытуды көздейді

ашық дереккөзі

IQanat жобасы ауыл мұғалімдерінің қауымдастығын дамытуды көздейді

Қазақстан мектептерінде білім алушылардың 48%-ы - ауыл оқушылары. Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау бойынша халықаралық бағдарламаның (PISA-2018) деректеріне сәйкес, Қазақстанда ауыл оқушылары мен қала оқушыларының арасындағы білім сапасында 1,5 жылдан 3 жылға дейін айырмашылық бар. Кәсіпкерлер Қазақстанның шалғай елдімекендеріндегі оқушылар мен мұғалімдерді қолдау, оларды сапалы біліммен қамтамасыз ету және ақпараттық теңсіздікті төмендету мақсатында бірікті. «CSI» тәуелсіз сараптамалық-кеңес беру компаниясының Қор бағдарламаларының тиімділіктерін бағалау бойынша мәліметтеріне сәйкес, IQanat олимпиадасы кейінгі 4 жылда 152 мың ауыл оқушысын қамтыған ең ауқымды жобалардың бірі саналады. Ең маңызды деген ұсыныстардың бірі – мұғалімдер қауымдастығын құрып, ауылдағы білім беруді дамыту. Бәсекеге қабілетті ауыл мұғалімдерінің қауымдастығын дамыту мақсатында Қор екі жыл қатарынан «Teacher’s Camp» слетін өткізіп келеді. Өткен олимпиадалардың жеңімпаздары – жас айқанаттықтар болды. Олар жетістікке жетуге үлес қосқан мұғалімдері туралы эссе жазды. Ең әсерлі эсселердің авторлары лагерьге жолдама алды. Слет бағдарламасы XXI ғасырда қажетті негізгі құзыреттер мен дағдыларды дамыту бойынша оқыту мен ойлау дизайны, кейсстади, жобалық оқыту арқылы тұрақты дамытуды қарастырады. 2022 жылы өткен слет ерекше болды. ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан бойынша кластерлік бюросы IQanat-тың серіктесі болды. «Біз дәл ауыл мұғалімдерінің әлеуетін көтеруге осындай алаң жасап отырған IQanat қорымен жұмыс істегенімізге қуаныштымыз. «Тұрақты даму бойынша білім беру» сияқты маңызды тақырыпта өткізілген тренинг ауыл мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттырарына сенеміз. Болашақта Қазақстандағы ауыл мен қала мектептері арасында алшақтық болмайды»,- деді ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының білім беру жөніндегі ұлттық маманы Мергүл Алпысбаева. «Бұл менің педагог ретінде дамуыма жол ашты. Лагерьге қатысу мен үшін оқу жылының алдында үлкен мотивация болды. Бұл жерде  әріптестерімді кездестірдім. IQanat қорына ерекше алғыс білдіргім келеді. Келесі жылы IQanat метебіне түсу туралы ашық сабақтар ұйымдастыруды жоспарлап отырмын»,- деді Қараөзек ауылындағы орыс тілі пәнінің мұғалімі Сағиева Нурлагаин. Қордың жұмысы 90-нан астам кәсіпкердің арқасында жүзеге асып жатыр. IQanat осындай маңызды миссияға басқа кәсіпкерлерді де шақырады.