Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы азық-түлік картасын енгізуді ұсынды

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы азық-түлік картасын енгізуді ұсынды

«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері азық-түлік бағасының өсімі проблемасын талқылады. 29 шілде мен 5 тамыз аралығында баға өзгерісін бақылап жүрген партияның мониторинг топтары 1 747 нысанда 1 126 рейд жүргізді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесі бойынша бағаның ең жоғары өсімі 5 өңірде: Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Атап айтқанда, аманаттықтар Маңғыстау облысында Үкімет бекіткен шекті бағадан қырыққабат –117%-ға, сәбіз – 60%-ға, пияз    35%-ға қымбаттағанын анықтады. Қарағанды облысында қант бағасы орта есеппен 30%-ға өсті. Батыс Қазақстан облысында қарақұмық жармасы 38,7%-ға қымбаттады. Алайда партия мүшелері баға өсімімен күрес мәселесінде «айналым схемасының» тиімділігі байқалмай отырғанын айтып жатыр. Бұл ретте, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов ел Президентінің таяудағы тапсырмасын еске салды. «Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «айналым схемасының» тиімділігіне күмән келтірді. Сондықтан тиімді шешім табуды тапсырды. Соған қарамастан, «айналым схемасы» жұмысын жалғастырып жатыр. Ешқандай жаңа шешім естіген жоқпыз. Президент тапсырмасын естімеген немесе түсінбеген сияқтысыз», – деді Кеңес төрағасы. Айта кету керек, бұған дейінгі кеңес отырыстарында және депутаттық сауалдарда партиялықтар халықты баға өсімінен қорғау үшін «айналым схемасының» орнына тұрғындарды қолдаудың атаулы шараларын пысықтауды ұсынған болатын. «Жақында елорда әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін азық-түлік карточкаларын енгізетінін мәлімдеді. Бұл шара шамамен 160 мың адамды қамтиды. Карточкалар аз қамтылған азаматтарға азық-түлікті төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Бақыланбайтын инфляция жағдайында мұндай шара өте тиімді болуы мүмкін. Себебі  көмек атаулы болған соң, мемлекеттік қолдау оған аса мұқтаж адамдарға жасалады. Өзге өңірлер де Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі бойынша азық-түлік карточкаларын енгізуді ойластыруы тиіс», – деп атап өтті Аманжан Жамалов. Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және сату тізбегіндегі делдалдар санын заң жүзінде екіге дейін шектеуді және көтерме жеткізушілер үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең жоғары сауда үстемесін 15% мөлшерінде бекітуді ұсынды. Сонымен қатар  партия тәжірибесі азық-түлік картасын енгізуге көмектесетінін жеткізді. «Пандемия ушығып тұрған кезеңде партия мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін тарату, 50 мың теңге көлемінде атаулы көмек бөлу секілді игі істерді қамтыған BizBirgemiz  акциясын өткізді. Сол тұста осындай отбасылардың тізімін дайындап, оның анық-қанығын тексердік. Енді осы тізімді жандандыру қажет. Сонда азаматтар арнайы карта бойынша жеңілдікпен азық-түлік сатып ала алады. Өйткені қазір  еліміздегі әлеуметтік дүкендерде кез келген адам тауар сатып ала алады», – деді ол. Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов негізгі азық-түлік өнімдерінің қымбаттауын түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, Қазақстандағы азық-түлік қымбатшылығының бір себебі – жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуымен, әлемдегі баға өсімімен және сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауымен байланысты. «Егер әлемдегі баға өсімі туралы айтатын болсаңыз, онда халықтың жалақысы мен табысын да дәл солай арттыруды қамтамасыз етіңіз. Бағаның әлі де көтеріле беретінін, бірақ табыс мөлшері артпайтынын айтқан кезде, алдағы уақытта адамдар тойып тамақ жей алмайды деген ойды жеткізесіз. Сіз министрлікте сол үшін отырсыз ба? Себеп туралы айтатын болсаңыз, онымен күрес жүргізетін әдісі туралы да айтуыңыз керек. Орнаған жағдайды қайталап айтып берудің қажет жоқ», – деп атап өтті Кеңес төрағасы Аманжан Жамалов.