Кәсіпкер: Түркия мен Қазақстан арасындағы сауданы дамытқан – қазақ әйелдері
Кәсіпкер: Түркия мен Қазақстан арасындағы сауданы дамытқан – қазақ әйелдері
Саудада береке барын білетіндер ерте бастан бұл жаққа ат басын бұрған. Солардың ішінде икемі келетіндердің дені әйелдер қауымы. 8 жылдан бері Қазақстан мен Түркия арасында сауда-саттық саласы бойынша алтын көпір болып жүрген, қиындықтарын жеңіп, жетістікке жеткен Фатима Аманжолқызы өзінің тәжірибесін, Түркиядағы өмірі жайлы turkystan.kz тілшісіне айтып берді.
Фатима Аманжолқызы Атырау өңірінің тумасы. 34 жаста. Бір қызы бар. Кәсіп саласында жетістікке жетіп қана қоймай, шәкірт те тәрбиелеп жүр.
- Түркияға көшіп кеткеніңізге қанша болды? Ол жақтағы тұрмыс-тіршілігіңіз қалай?
- Түркияда жүргеніме 8 жылдан асты. Ол жаққа жұмыс бабымен бардым. Кейін жеке кәсіп аштым. Түркияда бірнеше ірі компания мен холдингте жұмыс істедім.
- Кәсібіңіз туралы айтсаңыз, нақты немен айналысасыз?
- Қазақстанда білім беретін орталығым, Түркияда көтерме бағамен тауар сататын дүкенім бар. Негізінен, әйелдер киімдерін сатамын және Түркияда кәсіп ашқысы келетін жандарға жол көрсетіп, оларға дәріс оқимын. Бұдан бөлек, Атырау қаласында жеке дүкенім де бар.
Түркия нарығында өндірілетін сапалы өнімдерді Қазақстанға таныстыру арқылы көтерме бағамен сатамыз. Қазір осы саудамыз бір жобаға да айналып кетті. Атап айтқанда, әйгілі деген тері бұйымдарынан жасалған өнімдерді Түркиядан Қазақстанға, Ресейге, Қырғызстанға жібереміз.
- Кәсіпте жүрген қыз-келіншектер туралы соңғы кезде жиі ести бастадық. Бізде қазақ қыздарының карьера қууына қатысты түрлі ойлар бар. Сіз не дейсіз?
- Қазақ қыз-келіншектерінің өздерін дамытуға деген ниеттері ұнайды. Қыз болсын, жігіт болсын, білім алып, ізденіп, жетістікке жетуіне тілекшімін. Кәсіп бастап, карьера жасап, компаниясын алға сүйреймін деп күш салып жүрген қыз-келіншектерді қос қолдап қолдаймын.
1991-1992 жылдары, яғни Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған кезеңде осы Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасты бастағандар, оны дамытқандар – әйелдер. Қазіргі «Түркиядан» дейтін сөздің шығуына, оның қалыптасуына сол кездегі ала дорбасын арқалап, еліне сапалы тауар тасыған қазақстандық қыз-келіншектер тікелей әсер еткен. Сондықтан Түркиямен ең бірінші болып кәсіп көзін бастаған әйелдер деп толық айтуға негіз бар және оған бірнеше рет көзім жетті.
- Қазақстанға оралып, осында кәсіпті жалғастырғыңыз келмей ме? Елге қайта оралуға не кедергі?
- Шындығында, көшіп кетпедім. Екі жақта жүрмін. Тіпті көшу де ойымда жоқ. Тек жұмыс, кәсіп болған соң солай жүріп-тұруға тура келеді. Бұрын Түркияда «есігін теуіп кіретін өзімнің үйім болса ғой» деп армандайтын едім. Сол арманға жеттім. Алайда Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Себебі мен ұлтын сүйетін, патриот адамдардың бірімін. Қай елге барсам да уақытша тұрақтаймын, бірақ Отаныма қайту, елімде өмір сүру минут сайын санамда жүреді.
- Түркияға кеткенге дейінгі және кейінгі Фатима қандай?
- Өткенді еске алғаннан ауыр нәрсе жоқ шығар... Ол кезде Фатима қарызға батқан, денсаулығы нашарлаған жан еді. Тағдырдың басқа салғанына көнбей, осы елді таңдап, тіршілік етемін деп келдім. Ал қазіргі Фатимамен ол кезді салыстыра алмаймын. Екеуінің арасы жер мен көктей. Түркиядағы күндер, қиындықтар өмірімді өзгертті. Сабақ болды. Сондықтан ол жаққа айтарым тек алғыс. Себебі сол қиындықтарды жеңу арқылы өз Отаныма титтей де болса пайдамды тигізіп жатырмын деп ойлаймын.
Шынайы жауаптарыңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан: Марғұлан АҚАН