2016 жыл несімен есте қалды?

2016 жыл несімен есте қалды?

2016 жыл несімен есте қалды?
ашық дереккөзі
2016 жыл қазаққа не берді, несін алды? Жыл басынан бергі болған оқиғаларды тізбектей берсек, еліміздің асқан асулары да, әттегенайлары да жетерлік. Бірақ осы сәтсіздіктер мен сәттіліктердің арқасында жаңа мақсат-мүдде түзіліп, ертеңгі күн – келесі жылға артылған үміттің жүгі ауырлай түспек. Демек, өткенімізді сараламай, ертеңімізге қадам баса алмайтынымыз сөзсіз. Биыл Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына енді. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деп баға берді: "Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енді. Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер. Семей ядролық полигонын жабу  және қуаты жөнінен төртінші  зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімімізді бүкіл жер шары біледі және қолдайды. Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты». Расында, бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін еш­қа­шан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін орган­да өкілеттілік етпеген бүкіл Орта­лық Азия субөңірінің де табысы». Мектепке емтихан қайта оралған жыл Келесі жылы емтихан қайта оралады. Аяқасты енгізілген Ұлттық бірыңғай тестілеу 16 жылдан соң қайта алынып тасталды. Әуелі сынақ мерзімі беріліп, отандық білім жүйесі мен қоғамның, тәлім алушылардың жағдайына қарай біртіндеп бейімдеу жұмыстарын жүргізу бақандай он алты жылға созылыпты. Осы тестің пайдасы мен зиянын ажыратып алу үшін сынақ мерзімі берілуі тиіс еді баяғыда. Алайда, бұл жүйенің бізге әзірге келмейтінін түсіну үшін бірнеше жыл керек болыпты. Ақыры, ҰБТ алынып, бұрынғы емтихан қайта қалпына келтірілетін болды. Бұл биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі. Бұл турасында ҚР Білім және Ғылым министрі өзі түсіндірді. "Биыл елімізге ҰБТ-ның енгеніне – 13-ші жыл. Осы жылдар ішінде бұл тестілеуге 1,5 миллионнан астам бала қатысқан. Әрине, бұл аралықта оның артықшылығы да, кейбір кемшіліктері де болған. Дегенмен, уақыт өткен сайын бұл жүйеге де өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған екен. Оған көпшілік арасында жүргізілген қоғамдық сауалдама нәтижесі ықпал етіп отыр. «Ең біріншіден, қоғам ҰБТ-ны тек қана ЖОО-ға түсу емтиханы ретінде қабылдайды. ҰБТ бірінші күннен бастап мектеп бітіру емтиханы ретіндегі өзінің функциясын орындамай отыр. ҰБТ-ға ешқашан түлектер 100 пайыз қатысқан емес. Және де жыл сайын оған қатыспайтындар қатары артуда», деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Министрлік ҰБТ төңірегіндегі барлық мәселені зерделей келе, оның жаңа форматына ауысуды жөн санаған. Е.Сағадиевтің айтуынша, министрлік қорытынды аттестаттауды бөлу жұмыстарын жүргізген. Енді түлектер мектеп бітіру сынағын тапсырады. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуді ЖОО-ға түсу үшін ғана тапсырады. Мектептегі қорытынды аттестаттау 5 пәннен тұрады, оның 4-еуі міндетті, 1 пән – таңдау бойынша. Сөйтіп, ҰБТ ЖОО-ға қабылдау емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталады, бірақ оның форматы өзгереді. Үзілген үміт Осыған дейін әр-әр жерден ана бала зәбір көрді, мына бала жәбір көрді дегенді естуші едік.  Бірақ бұл жаңғырық биыл жиі құлаққа шалынды. Жай естілген жоқ, оқиға орын алған соң, әлдінің әлсізге күш көрсетуі көбейген соң естіле бастады. Соның бірі Ақтау қаласында тапа тал түсте педофилдің қорлауын көріп, екі ай бойы өмір мен өліммен арпалысқан алты жасар қызды еліміздің ең озық дәрігерлері де құтқара алмады. Күдікті ұсталды, бірақ қылмысты жасаған сол ма?! Республиканың барлық жерлерінде балаға қол жүгірткен безбүйректер шығып жатыр. Олармен күрес тиісті деңгейде жүргізіліп отыр ма? Биыл педофилдерді химиялық кастрациямен жазалау заңдастырылды. Әділеттік орнады деді біреулер. Бұл жаза емес, уақытша шара деді біреулер. Расында, бұл уақытша егілетін дәрі ғана. Мерзімін өтеп шыққан соң, оның дәніккен ісіне қайта кірісетініне еш кепіл жоқ. Десек те, қандай да бір шараның болғаны көңілген демеу. Қашаған Осыдан екі жыл бұрын «Қашаған іске қосылды», «Қашағаннан бұрын-соңды болмаған өнім аламыз» деп тақиямызды аспанға лақтыра қуанып, баспасөз беттерінде жарыса жариялағанымыз есте. Ал нәтижесі не болды? Қашаған үмітті ақтамады. Апат салдарынан тағы екі жылға құлып салынған болатын. Биыл осы қуанышты  ақпаратты тағы естідік. Бірақ бұрынғыдай алып-ұшқан қуаныш сезілген жоқ, керісінше тілеуін тілегені байқалды. Биыл апат зардаптары түгелімен қалпына келтіріліп, Қашаған кеніші мұнай бере бастады. Келесі жылы да қомақты мұнай алуды көздеп отыр. Оның жылдық өндірісіне тіпті ОПЕК-тің де, ОПЕK-ке мүше емесе елдердің өзара уағдаластығы бойынша 2017 жылдан бастап мұнай өндірісін кеміту туралы шешімі де әсер ете алмайды. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығы Тәуелсіздік. Алаш азаттығының мерейтойы – аттай жиырма бес жылдығы. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы - өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Тәуелсіз Қазақстан өзінің жаңа тарихымен табысты мемлекет және бүкіл Орталық Азия өңірінің көшбасшысы атануға құқығы бар екендігін дәлелдеді. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Допинг дауы Спортшылардың сағын сындырған допинг дауы араға сегіз жыл салып, Бейжің мен Лондон олимпиадасында жүлдегер атанған спортшылардың медалін тартып алды. Жалғыз Қазақстан дүниежүзі елдерінде басталған үрдіс бірқатар мемлекеттердің спортшыларын құр алақан қалдырып, спорттағы допингтің даңғазасын әшекерелей түсті. Бұл әсіресе зілтеміршілердің еңбегін еш кетірді. Илья Ильян, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло және басқа да алтын жүлдегерлердің алтыны кері қайтарылды. Ал Рио олимпиадасына жолдама ала алмаған мықты спортшыларымыздың орнын ойсыратпай, Оңтүстік Америкадан құрама олжалы оралды. Сөйтіп, еліміз әлемдік рейтингте медаль саны бойынша 22 орынға тұрақтады.