Жаңалықтар

Президент Әлихан Смайыловты қабылдады

ашық дереккөзі

Президент Әлихан Смайыловты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндалды деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап. Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы аралықта ЖІӨ өсімі 3,2 пайызды құрады. Тауарлар өндірісі 3,3 пайызға, көрсетілген қызметтер 2,4 пайызға артты. Құрылыс, сауда, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ көлік және байланыс салаларында айтарлықтай өсім бар. Премьер-министр Президентке Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу шараларына қатысты мәлімет берді. Үкімет 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын орындап келеді. Премьер-министр инфляция деңгейін төмендету, экономиканы демонополизациялау, елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Әлихан Смайылов құны 22,2 триллион теңге болатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Үкімет басшысы Президентке Қазақстанның 2023-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Президент құрылымдық реформалар мен экономиканы демонополизациялауды жалғастырып, кәсіпкерлікке қолдау көрсету қажет екенін айтты. Сондай-ақ халықтың кірісін арттыруды қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.