Мектепке дайындық: базардағы баға қандай?

Мектепке дайындық: базардағы баға қандай?

Мектепке дайындық: базардағы баға қандай?
ашық дереккөзі
Әне-міне дегенше санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Бұл мектеп жасындағы баласы бар әрбір отбасы үшін қарбаласқа толы кезең десе де болады. Ата-аналар жаңа оқу жылына жаппай қам жасап, балаларының керек-жарағын түгендейді. Биыл азық-түлік қана емес, оқу құралдары мен мектеп формасының бағасы өскені белгілі. Қымбатшылық қалтаны қаққан сәтте баланы мектепке дайындау оңай болмай тұр. Осыған орай turkystan.kz. тілшісі елорда базарларындағы бағаны біліп қайтты.  Алдымен «Астаналық базарға» бағыт алдық. Сыртта оқу құралдары мен балалар аяқкиімін қаз-қатар тізіп қойған сатушы көзімізге жылы ұшырасты. Қаныш сауданың қыр-сырын студент кезінен үйренген екен. Оқу құралдарының бағасына тоқталып өткен ол биыл сатып алу көрсеткіші төмендегенін жеткізді.  width=
«Тауарды Алматыдан әкеліп жатырмыз. Сауда жаман емес. Жылдағыдан баға қымбаттады. Сөмкелер 4 мыңнан басталады. Орташа баға – 7 мың теңге. Дәптерді 30 теңгеден сатып жатырмыз. Негізі, өзіміз 37 теңгеден аламыз. Бір баланың (4-5-сынып оқушысына) керек-жарағы, сөмкесімен қосқанда шамамен 20 мыңға шығады. Ал аяқкиімге келсек, олар 4 мыңнан басталады. 13 мыңға дейін. Былтыр 4-8 мыңның арасында болған. 8 мыңға сапалы дүние келетін еді. Жалпы, қазір тауар дефицит. Таппай жатырмыз. Алматыға барамыз, ештеңе ала алмай қайтамыз», – дейді Қаныш Мақан.
 width= Базардағы аяқкиім бағасы былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға қымбаттаған. Сондықтан ата-аналар бәрін аз-аздан алып жатыр. Бұрын екі тоқсанға жететін заттарды бірден алып қойса, қазір «бір айға жетсе болды, қалғанын келесі айлықтан аламыз» деп кетеді. Ал «Шапағат» базарынан көпбалалы аналар мен зейнеткерлерді көп кездестіресіз. Өйткені мұнда қаладағы бағадан айырмашылық бар. Саудамен айналысып жүргеніне 10 жылдан асқан Бақыт Жақыпова да биыл барлық заттың қымбаттағанын айтып отыр.  width=
«Бізге келетін тауарлардың бәрі долларға байланысты. Қытайдан, Түркиядан келеді. Доллар көтерілген сайын саудагерлерге қиын. Баға былтырғыдан екі есе өсті. Ұлдардың жейдесі 3 мыңнан басталады. Шалбармен бірге алсаңыз, ең азы 8 мың теңге жұмсайсыз. Жалпы, ұл болсын, қыз болсын, бір балаға мектеп формасының жиынтығын алуға 20 мың теңге жетпейді. Спорттық киімдері бар. Олар 8 мыңнан жоғары», – дейді ол.
  Ал Роза Омарова тауарын «Дордойдан» алып келеді. Оның да тұрақты клиенттері – көпбалалы аналар.  width=
 «Бізге көбіне көпбалалы аналар, зейнеткерлер келеді. Олардың жағдайына қараймыз. Мектеп формасына келсек, қыздардың жейдесі 3 жарым мыңнан басталады. Белдемше де осы бағада. Сарафандар 3 800-ден 4 мыңға дейін. Ұлдардың жейдесі 3 жарым мыңнан болса, шалбар 4 800-ден. Жемпір 2 800 теңгеден басталады», – дейді Роза Омарова.
 width= Ендігі бағытымыз – «Шанхайдағы» жайма базар. Мұнда  ұзын-сонар кезек пен қаумалаған халық көрінбейді. Бірақ қаладағы бағаны қалтасы көтермегесін ұзақ болса да, баласын алып базарға келетіндер бар. Сатушылар пандемиядан кейін саудада бұрынғыдай қарқын жоқ екенін айтады. Қыста, тіпті адам қарасы азаяды екен. Саудагерлер «базар жабылып қалмасын» деп амалдап күнелтуге мәжбүр.
«Баға өсті. Оңай емес. Бір балаға мектеп формасын әперуге 50 мыңнан аса қаражат керек. Балалар бір ғана жейде алмайды. Ауыстырып киюі керек. Мысалы, бізге жейде 3 800-ден келеді. Үстіне 1 200 теңге ғана қосамыз. 5 мыңнан сатып жатырмыз. Сауда орындарында 7-8 мың тұрады. 
Ал спорттық киімдер 10 мыңнан. Бізге көтерме бағамен 7 жарым мыңнан келеді. Осы жерден айына 100, 120 мың тапсақ, қуанамыз. Қысы-жазы базарда тұрамыз. Қыста жылуға 12 мың төлейміз. Қыс айларында адам келмейді. Тек жалға алу құнын шығарып отырамыз. Халық бұрынғыдай ала бермейді. Үлкендеріне алса, "кішкентайлары соны киеді" деп алмайды. Бұрын кішкентай балалардың киімін көп әкелетінмін. Қазір алмайтын болдық. Қаланың бағасына шамасы жетпей базарға келеді. 5-6 баласын ертіп келіп тұрғасын жағдайын түсініп, түсіріп береміз. Осыған да шүкір деп отырмыз. Қазір жасым 56-да. Зейнетке шығуым керек. Соған жетейік, немеремізге көмектесейік деп жүрміз», – дейді Айнаш Абжатова.  width= Сатушылар тауардың үстіне 25-30 пайыз қосып отырғанын айтады. Одан 6 ай сайын төлейтін салық, жалға алу құнын шығару керек. Мұнымен қоса, көбінің басында несиесі бар.  width= Баға арзан деп базарға келгенмен, бір баланың оқу құралдарын алуға 30-40 мың теңге жұмсайсыз. Оның өзі бір жылға жетпейді. Базарда жұмыс істеп жатқанына үш жыл болған Әкімжан оқу құралдарын сатады.  width=
«Баға былтырғыдан шамамен 30 пайызға қымбаттады. Мысалы, дәптер былтыр 17-20 теңгеден болған. Биыл 35-40-қа дейін барды. Қаладағы дүкендерде 50 теңгеден сатылып жатыр. Бояулар 500 теңгеден басталады. Ал қаламдардың ең арзаны – 600 теңге. Желімдер 150 теңгеден 500 теңгеге дейін. Қаламсап та қымбаттады. Былтыр 20 теңге тұрса, биыл 50 теңгеден сатып жатырмыз. Спорттық киімдерге арналған сөмкелер 1000 теңгеден. Ата-аналар жағдайына қарай алып жатыр», – дейді ол. 
Енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйек келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арманмен алтын ұясына беттейді. Әлемдік білім бәсекесіндегі қабі­леттілік бүгін­гі бүлдіршіндерден бас­тау алары айқын. Сондықтан балғындар дер кезінде лайық­ты білім алып, бағытын айқындаса, бағындырар биік те жақын болмақ.