Мектепке дайындық: базардағы баға қандай?
Мектепке дайындық: базардағы баға қандай?
Әне-міне дегенше санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталады. Бұл мектеп жасындағы баласы бар әрбір отбасы үшін қарбаласқа толы кезең десе де болады. Ата-аналар жаңа оқу жылына жаппай қам жасап, балаларының керек-жарағын түгендейді. Биыл азық-түлік қана емес, оқу құралдары мен мектеп формасының бағасы өскені белгілі. Қымбатшылық қалтаны қаққан сәтте баланы мектепке дайындау оңай болмай тұр. Осыған орай turkystan.kz. тілшісі елорда базарларындағы бағаны біліп қайтты.
Алдымен «Астаналық базарға» бағыт алдық. Сыртта оқу құралдары мен балалар аяқкиімін қаз-қатар тізіп қойған сатушы көзімізге жылы ұшырасты. Қаныш сауданың қыр-сырын студент кезінен үйренген екен. Оқу құралдарының бағасына тоқталып өткен ол биыл сатып алу көрсеткіші төмендегенін жеткізді.
Базардағы аяқкиім бағасы былтырғымен салыстырғанда 40 пайызға қымбаттаған. Сондықтан ата-аналар бәрін аз-аздан алып жатыр. Бұрын екі тоқсанға жететін заттарды бірден алып қойса, қазір «бір айға жетсе болды, қалғанын келесі айлықтан аламыз» деп кетеді.
Ал «Шапағат» базарынан көпбалалы аналар мен зейнеткерлерді көп кездестіресіз. Өйткені мұнда қаладағы бағадан айырмашылық бар. Саудамен айналысып жүргеніне 10 жылдан асқан Бақыт Жақыпова да биыл барлық заттың қымбаттағанын айтып отыр.
«Бізге көбіне көпбалалы аналар, зейнеткерлер келеді. Олардың жағдайына қараймыз. Мектеп формасына келсек, қыздардың жейдесі 3 жарым мыңнан басталады. Белдемше де осы бағада. Сарафандар 3 800-ден 4 мыңға дейін. Ұлдардың жейдесі 3 жарым мыңнан болса, шалбар 4 800-ден. Жемпір 2 800 теңгеден басталады», – дейді Роза Омарова.
Сатушылар тауардың үстіне 25-30 пайыз қосып отырғанын айтады. Одан 6 ай сайын төлейтін салық, жалға алу құнын шығару керек. Мұнымен қоса, көбінің басында несиесі бар.
«Баға былтырғыдан шамамен 30 пайызға қымбаттады. Мысалы, дәптер былтыр 17-20 теңгеден болған. Биыл 35-40-қа дейін барды. Қаладағы дүкендерде 50 теңгеден сатылып жатыр. Бояулар 500 теңгеден басталады. Ал қаламдардың ең арзаны – 600 теңге. Желімдер 150 теңгеден 500 теңгеге дейін. Қаламсап та қымбаттады. Былтыр 20 теңге тұрса, биыл 50 теңгеден сатып жатырмыз. Спорттық киімдерге арналған сөмкелер 1000 теңгеден. Ата-аналар жағдайына қарай алып жатыр», – дейді ол.
Енді санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйек келіп, күз түскенде оқушылар асқақ арманмен алтын ұясына беттейді. Әлемдік білім бәсекесіндегі қабілеттілік бүгінгі бүлдіршіндерден бастау алары айқын. Сондықтан балғындар дер кезінде лайықты білім алып, бағытын айқындаса, бағындырар биік те жақын болмақ.