«Ауыл аманаты»: партиялықтар 116 ауылдық округті аралады
«Ауыл аманаты»: партиялықтар 116 ауылдық округті аралады
«AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон жалғасып жатыр. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру.
Биыл сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» бекітілді. Ауыл тұрғындарының жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын жеңілдетілген несие алуына, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек алуына мүмкіндік пайда болады. Осы бағдарлама аясында партия Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асырып жатыр.
«Бұл – ауыл тұрғындарына аса қажет бағдарлама. Ондағы басым бағыттарға, азаматтарға қарастырылған мүмкіндіктерге дән ризамын. Осындай жобалар арқылы ауыл адамдары тұрмысын жақсартып, әл-ауқатын арттырады. Ең бастысы, жаппай қалаға көшу үрдісі бәсеңдейді. Елді мекендерде жұмыс орындары ашылады. Әсіресе, жастар қауымының туған жерде тұрақтап қалуына жағдай жасалады», – деді Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Тұрғын ауылының тұрғыны Бекзат Нәзірбек.
Ақмола облысындағы 42 ауылдық елді мекеннің тұрғындары табысты арттыру бағдарламасының жай-жапсарымен және «Ауыл аманаты» жобасымен танысты. Мәселен, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Торғай ауылының тұрғыны Әнуар Әбдірахмановтың айтуынша, кооператив мүшелері үшін қызмет құны нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болады.