«Жүгері жеген»: қостанайлық еріктілер әкімдіктен жарық шамдарын сұрады

«Жүгері жеген»: қостанайлық еріктілер әкімдіктен жарық шамдарын сұрады

«Жүгері жеген»: қостанайлық еріктілер әкімдіктен жарық шамдарын сұрады
ашық дереккөзі
9 тамыз күнгі сағат 1:30-дағы жағдай бойынша Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар қыз әлі табылған жоқ. Оны түн ішінде жалғыз трактор мен бірнеше адам іздеп жатыр деп жазды turkystan.kz. Олар қыз баланың жүгері егілген аймақтағы құмда табанының ізі қалғанын байқаған. Көңілге үміт сыйлайтын белгілерден кейін құтқарушылар оның соңынан түседі. Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ. Тек адамдардың бірі кішкентай бала тістеген жүгерінің қалдығын тауып алған. Соған қарамастан оның нақты жоғалған қыздың жеген-жемегенін тап басып айту қиын. Қызды іздеуге шыққан еріктілердің бірі Асылан Кенжетай қараңғыда қызды іздеу үшін жарық шамдары қажет екенін айтты.
«Бала әлі табылмай жатыр. Жазбаларымды көрген Ақтау, Атыраудағы азаматтар алаңдап, бақсы-балгерлердің сәлемін жолдады. Олардың айтуынша, бала жүгері егілген аймақта жүр. Сондықтан бүгіннен қалдырмай тауып алу керек. Әйтпесе, қазір ол әбден әлсіреген күйде бір жерде отыр деп болжапты. Сондықтан бізге қараңғыда іздестіру үшін үлкен жарық шамдары керек. Әкімдіктің жағдайды тыныш қана бақылап отырғанына таңмын. Қазір жалғыз трактор жарық шамын жағып жүр. Оның шамасы жетер емес. Менің де телефонымның қуаты өшкелі тұр. Бала табылғанша осында боламыз», - деді ерікті азамат.
Еске салсақ, Қостанай облысында жоғалған бес жасар қызды іздестіруге күндіз тікұшақ та қосылған еді.
«Жамбыл ауылында жоғалып кеткен бес жасар қызды іздеу жұмыстары тікұшақ арқылы жүргізіліп жатыр. Дәл осы уақытта біз қыздың анасымен аумақты айналып шолып жүрміз», - деп жазған болатын Қостанай облысы ІІД полиция басқармасының бастығы Ерлан Омарбеков Facebook-тегі парақшасында.