Жаңалықтар

«Темір күмбез»: Toys R Us бөлшегі орнатылған әлемдегі жалғыз зымыран

ашық дереккөзі

«Темір күмбез»: Toys R Us бөлшегі орнатылған әлемдегі жалғыз зымыран

Әлем тыныштығынан айырылып, дүниенің төртбұрышында соғыс оты алдынан келгеннің бәрін шарпып, бала демей, кәрі демей жұтып жатыр. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың созылып жатқанына бірнеше ай өтті. Дүние назары ауған сәтте Қытай мен АҚШ арасындағы Тайвань үшін қақтығыс бола жаздады десек, Израиль мен Газа аймағында бір-бірін атқылау басталып кетті. Төбеден түскен ракетадан қашып, босып кеткен халықтың ішінде израилдықтардың жөні басқа. Бұлай деуімізге «Темір күмбез» атап кеткен зымыранды төбеден қағып түсіруге арналған қарулары себепші. ХХІ ғасырдағы ең ұлы әрі адамзат үшін пайдасын тигізіп отырған «Темір күмбез» туралы дерек ұсынамыз. Қалай жасалды? Расында аталған құрылғының ішінде балалар ойнайтын ойыншықтың бөлшектері бар ма? Ави Йориштың «Инноватор бол» деп аталатын кітабында іздеп отырған сұрақтарға толық жауап берілген. 2000 жылдардың басынан бастап Газа секторына жақын орналасқан Израиль қалаларында тыныштық болған жоқ. Күнде төбеден түсетін зымыраннан әбден қажыған халық, жарылып жатқан көліктер, пана іздеп жүгірген балалар... «ТЕМІР КҮМБЕЗГЕ» «TOYS R US» ДҮКЕНІНДЕГІ ОЙЫНШЫҚТЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР? Жоба ұсынылып, қаржы бөлінген соң Левиннің шағын ғана командасы жұмысқа кірісіп кетті. Оның командасында 70 жастағы қарт инженерден бастап, кеше ғана колледж бітірген жас маманға дейін болған. Мұнда кіл мықты деген түсінік емес, қолынан көмегі келгеннің бәрі атсалысты. Шығынның үлкен болатынын, оның ел экономикасына кері әсерін тигізетінін Голд та, Левин де түсінді. Сол үшін Левин шығынды барынша азайтып, сапалы өнім жасап шығуды алдына мақсат етеді. «Бір күні жұмысқа ұлдарымның бірінің (қашықтан басқарылатын) машинасын алып келдім. Оны айналдырып қарап шықтық та, біздің қажетімізге жарайтын бөлшектері барын байқадық», – дейді Левин. Расында, Левиннің ұлының машинасы гаражда 15 жылдай тұрса да, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған. Осыдан кейін жұмыс тобындағы инженерлердің бірі дүкенге барып, 80 цент тұратын бөлшекті көп қылып сатып алады. Бұл турасында былай дейді: «Біздің жүйе, – дейді ол, – Toys R Us бөлшегі орнатылған әлемдегі жалғыз зымыран». ҮЙЛЕНУ ТОЙҒА АРНАЛҒАН «ОТШАШУ» Сынақтан сәтті өткен «Темір күмбез» өз кезінде «Алтын күмбез» деген атауды алған. Кейін бұл ұсыныстан бас тартып, тек «Темірді» қалдырған. «Темір күмбез» 2011 жылы соғыс жағдайында кез келген зымыранды атып түсіруге дайын болды. Күннің бұлтты болуы, ыстық, не суық болуы маңызды емес-ті. Өзіне жүктелген міндетін мүлтіксіз атқарып тұрған «Темір күмбез» 90% нәтиже көрсеткен. 2012 жылы Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс кезінде бұл зымыранды қағып түсіретін қарудың күшін бүкіл халық болып көреді. Соғыс кезінде Газа секторына жақын жерде үйлену тойы болып жатқан. Төбеден құлап келе жатқан зымыранды көргенде қонақтардың бірі жертөле іздеп қаша жөнелсе, қалғандары тек көкке көз тастап, бақылап тұрған. Осы кезде «Темір күмбез» іске қосылып, бірде-бір зымыранды жерге түсірмей, төбеден қағып түсіріп, үйлену тойына арналған «отшашуын» ұсынған. Бұл видео интернетте кеңінен таралып, әлем «Темір күмбездің» қуатын тағы көрген еді.

Марғұлан АҚАН.