Жаңалықтар

Ауыл әкімі мен инспекторы ауылда тұруы керек – Нұрлыбек Нәлібаев

ашық дереккөзі

Ауыл әкімі мен инспекторы ауылда тұруы керек – Нұрлыбек Нәлібаев

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл әкімі мен инспектор өзі қызмет атқаратын ауылда тұруы керек деп есептейді деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, қазір көп ауылда мал ұрлығы, басқа да жағдай болса, тұрғындар учаскелік инспекторды таппай қиналады. Сондықтан осы жағдайға мән беру қажет. Бұл бастама түрлі әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда ашық талқыға түсті. «Жеті ауданда да, қалада да көбісі ауылдық округтерден қатынап жұмыс істейді. Ауыл әкімі мен учаскелік инспекторлар. Оны ауылдың адамдары таппайды деген сөз ғой. Кетіп қалғаннан кейін телефонын алмайды. Бір жағдай болады, мал ұрлығы болады, басқа жағдай болады. Таппайды, учаскелік инспекторды. Ауыл әкімі, учаскелік инспектор, мектептің басшысы сол ауылда тұруы керек. Тұрмаса, қойсын онда жұмысты. Басқа ауылдан болса, көшіп барсын, мүмкіндік бар ғой», - дейді әкім. Нұрлыбек Нәлібаевтың бұл сөзін желі қолданушыларының басым бөлігі қолдаған. Себебі жұмысында сылбырлық танытқан кейбір полиция инспекторлары мен ауыл әкімдері үшін бұл талап орынды дейді. Кейбірі “жұмыс енді жүреді, ұйықтап отырғандар оянатын болады” деген пікірлер жазған. "Өте дұрыс! Негізі ауыл әкімі, мектеп директоры сол ауылдың тумасы немесе тұрғыны болу керек. Сол ауылдың жанашыры болуы керек”, “Өте орынды, дұрыс. Молодец, рақмет. Әкім осындай болу керек, қатаң болса тәртіп болады. Ауылда, рас, учасковый, әкім таппайсың. Итпен іздеп әрең табасың”,  - деп жазды желі қолданушылары. Ендігі кезекте аудан әкімдері бұл талапты орындауға көшеді. Нәтижесін әзірге уақыт еншісіне қалдыра тұрайық. Еске салсақ, бұған дейін  Нұрлыбек Нәлібаев штатта жүрген кеңесшілерінен де бас тартып, "кеңесшім – халқым" деген еді.