Екі ел басшысы Санкт-Петербургтегі кәсіпорындар жұмысымен танысты
Екі ел басшысы Санкт-Петербургтегі кәсіпорындар жұмысымен танысты
Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Санкт-Петербургтегі өндіріске қажетті заманауи жоғарытехнологиялы құрылғылар шығаруда әлемде көш бастап тұрған компаниялардың бірі саналатын «Диаконт» АҚ кәсіпорнында болды. Елбасы оған Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге барды.
«Диаконт» — өндірісте ғылымның тиімділігін арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жоғары технологиялы құрылғылар шығарумен әлемге аты әйгілі кәсіпорын. Бүгінде бұл кәсіпорында әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы, инновациялық өнімдер шығарылады. Мәселен, диагностика мен жөндеу жұмыстарына арналған робототехникалық кешендер, радиацияға төзімді телевизиялық камералар, атом энергиясына арналған техникалық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері сияқты құрылғылар жасайды.
Қазақстанда «Диаконттың» диагностикалық роботтары 2009 жылдан бері қолданыста. Ол «Интергаз-Центральная Азия» компаниясының жұмысына енгізілген. Сондай-ақ, радиацияға төзімді камералары бес жылдан бері Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институтында» нәтижелі жұмыс істеуде. Ал 2016 жылдан бері Қарағандыдағы «Турбомеханикалық зауыттағы» америкалық құрылғылардың орнын осы «Диаконттың» әлдеқайда күшті әрі тиімді өнімдері алмастыра бастады.
Сондай-ақ, Санкт-Петербургтегі «БИОКАД» жабық акционерлік қоғамы жұмысымен танысты.
Бұл халықаралық деңгейдегі фармацевтика саласында орны айрықша кәсіпорын. Онда дәрі-дәрмек өндірісімен қатар биомедицина бағытында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Әсіресе, мұнда онкологиялық ауруларға қарсы қолданылатын дәрілерге қатысты өте сәтті зерттеулер жасалған. Ал бүгінде онда адам өмірін ұзартатын да дәрілік препараттар дайындалуда. Қазір «БИОКАД» компаниясында жасалатын дәрілік препараттардың атауы қырыққа жуықтаған, сонымен қатар бұлардың қатарын көбейтетін тағы қырық шақты өнім зерттелу үстінде екен.
Еске салсақ, осыдан біраз бұрын Астанада өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумында осы «БИОКАД» ЖАҚ мен «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС дәрілік заттар өндірісінің толық циклінің технологиялық трансфері туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл біздің елде де айрықша басымдыққа ие медицина саласындағы зерттеулердің ілгерілей түсуіне ашылған тағы бір мүмкіндік.