Трамп қайырымдылық қорын жабатын болды
Трамп қайырымдылық қорын жабатын болды
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өзіне тиесілі Donald J. Trump Foundation қайырымдылық қорын жабатынын айтты, деп хабарлайды RT. Трамптың айтуынша, ол бизнес пен президенттікті қатар алып жүрмейді.
Естеріңізге сала кетсек, Дональд Трамп президенттік қызметіне 20 қаңтардан бастап кіріседі. Бұған дейін ол өзінің бизнесін балаларына табыстайтынын хабарлаған болатын. Трамп бұдан бұрын: «Мен президенттің жұмысына ден қою үшін өзімнің компанияларымнан кетемін. Десек те бұлайша жасауға заң бойынша міндетті емеспін», – деп жазған-ды өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Ол компаниялардың жұмысын балалары Дон мен Эрик, сондай-ақ басқарушылар жүргізетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар Д.Трамп өзі президенттікте отырған кезде компаниялары жаңа мәмілелер жасаспайтынын атап өтті. Ол жақын аралықта баспасөз жиынын өткізіп, бизнесінің одан арғы тағдыры, сонымен бірге министрлер кабинетіндегі тағайындаулар туралы айтпақшы.