Пышақ жарақатын алған әйел бұрынғы күйеуінен қорқады

Пышақ жарақатын алған әйел бұрынғы күйеуінен қорқады

Пышақ жарақатын алған әйел бұрынғы күйеуінен қорқады
ашық дереккөзі
«Адамдар араша түспегенде өлтіретін еді!». Алматыда бұрынғы күйеуінен пышақ жарақатын алған Ұлтуар Мұқашева болған жайды өз аузымен баяндады деп хабарлады  turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап. Төрт күн бойы аңдып, қыр соңынан қалмай, ақыры автобуста пышақпен атылған экс-жары енді жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Ұлтуар Мұқашеваның айтуынша, полицияның «қылмыстық іс қозғайтындай жарақаты терең емес» дегені үрейін одан сайын ұшырған.
 «Әкімшілік 15 күн деді, одан басқа жоқ па деген кезде «одан басқа жоқ, сіздің алған жарақтыңыз өте жеңіл жарақат» деді. Адамды соттату үшін 7 см-ге дейін пышақ кіргізу керек деді. Сол кезде ғана біз қылмыстық іс қозғаймыз деді. Он бес тәуліктен кейін босатып жіберсе, ол міндетті түрде келіп, бастаған ісін аяқтайды деп ойлаймын», - дейді жәбірленуші Ұлтуар Мұқашева.
Ұлтуардың айтуынша, тіптен бұрынғы күйеуінің шешесі де оған қоңырау шалып, «абай бол» деп ескерткен. Сол күні инспекторға хабарласып көмек сұрағанымен, ешқандай әрекет болмағанын айтады. Ортақ екі баласы бар. Бірге тұрған уақытта да қол жұмсап, таяққа жығып келген. Полицияда тіркеуде тұр. Оқиға 31 шілде күні кешкісін болды. Автобустан түсіп жатқанда артынан таксимен қуып жеткен бұрынғы күйеуін көріп шошыған келіншек қайта ішке кіреді. Артынан ерген ер адамның әрекеті бақылау камерасына түскен. Бетіне ентелей сөйлесіп тұрып, бірден пышақпен жүрек тұсына атыла жөнеледі. Сол жердегі жолаушының бірі араша түсіп үлгерді. Куәгерлер полиция келгенше қаскөйдің басын көтертпей ұстап тұрыпты. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
 «Бұл дерек Алатау ауданы Полиция басқармасында тіркелгенін хабарлайды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысына сәйкес, қылмыстық іс бойынша құқықтық баға беріліп, түпкілікті процессуалды шешім қабылданады», - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.