Өкінішке толы өмір. Әйелдер колониясы

Өкінішке толы өмір. Әйелдер колониясы

Өкінішке толы өмір. Әйелдер колониясы
ашық дереккөзі
Еліміз бойынша жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы Шымкентте орналасқан. Бұрын бұл жер ат қора болған, кейінірек  жөнелту пунктіне, содан кейін тергеу изоляторына айналды деп хабарлады  turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. Бұл – қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең көне мекеме. Мұнда еліміздегі ең ауыр жаза алған 231 сотталған азаматша жазасын өтеп жатыр. Жазасын өтеп жүрген әйелдердің түрмедегі күнделікті өмірі жайлы Шымкент және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты ИЧ-167/4 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Эльмира Тойлыбаева айтып берді. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/4 мекемесі – Қазақстан аумағындағы жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы, азаматшалар үшін барынша қауіпсіз пенитенциарлық мекеме. Аталған колонияда бүгінде 231 сотталған азаматша жазасын өтеп жатыр.  width= Әділет капитаны Эльмира Тойлыбаеваның сөзінше, бір камерада 6-8 адам ұсталынады, кейбіреулерінде 10-нан астам тұтқын бар. Олардың ең жасы 25 жаста. Ол 2017 жылы ҚР ҚК-нің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 9,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Қалғаны орта есеппен алғанда 30-35 жас аралығындағы әйелдер. Мұнда жазасын өтеп отырған сотталғандардың басым көпшілігі ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандар. Статистикаға сүйенсек, 231 сотталғанның 42-сі адам өлтірген, 52-сі алаяқтық жасаған, 90-ы есірткі сатқан, 23-і ұрлық, 19-ы ауыр дене жарақаттарын жасаған, қалғаны басқа да қылмыстары үшін қамауда отыр. Олардың жазасы 12 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін барады. Жаза басып, өмірінің осы кезеңін темір торда өткізіп жүрген әйелдер мекемеде белгілі бір тәртіппен күн өткізеді. Ол тәртіп таңғы сағат 06:00-де басталады. Сотталғандар жаттығу жасап, таңғы асқа жайғасады. Тексеріс жүргізіліп болғаннан кейін жазасын өтеушілер күн тәртібіне сәйкес жұмыс орындарына жіберіледі. ҚАЖ қызметкерінің айтуынша, темір тордың ар жағындағы әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселесі әрқашан өзекті болмақ.  width=
«Бұл ең көне мекеменің аумағы шағын келген. Бірақ мүмкіндігінше барлық бос үй-жайларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз. Бүгінгі күні мекеме аумағында үш жеке кәсіпкер жұмыс істейді, онда 108 сотталған еңбек етеді», – дейді Э.Тойлыбаева.
Негізінен мұнда әйелдер жұмсақ интерьер заттарын тігеді: жастықтар мен көрпелер – бәрі тапсырыстарға байланысты. Мұндағы біршама әйел алғашқы білімін мекеме қабырғасында алған екен. Кейбір әйелдер аспазшы болып жұмыс істейді. Мәзірдің барлық талаптарына сәйкес басқа сотталғандарға түскі ас дайындайды. Егер жұмыс ауысымы түске дейін аяқталса, онда сотталғандар мекемені абаттандыру жұмыстарымен айналыса алады.  width= – Сағат 17:00-де әдеттегідей тексеру жүргізіледі, 18:00-де кешкі астарын ішеді. Тамақтан соң біразы камераларына барса, қалғаны кітапханаға барады. Абақтыдағы өмір бостандықтағыдай зымырап өтпейді, уақыт баяу жылжиды. Сондықтан мұндағы әйелдер уақыттарын пайдалы өткізу үшін кітап оқуға жақсы көңіл бөледі. Тіпті кітап алып оқу үшін әйелдер кезекте тұрады. Сотталғандар үшін тәрбиелік мәні бар іс-шаралар, яғни концерттер, психологиялық тренингтер өткізіледі, олар теологтармен, имамдар, басқа да дін өкілдерімен кездеседі. Әйелдер кез-келген мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға мұқият қарап, дайындыққа бар күшін салады. Одан бөлек, азаматшалар бос уақытында тәрбие жұмысы бөлмесінде теледидар көріп, жаңалықтар тыңдайды. Түнгі онда барлық сотталғандар ұйқыға жатқызылады, – деп атап өтті спикер.  Сотталғандар маусымдық киім, тамақ өнімдерімен, медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі: УДЗ, МРТ, ота жасау мен тексерулер. – Сотталғандардың жайлылығы үшін мекеме аумағында азық-түлікке, гигиена құралдарына және басқа да тауарларға тапсырыс беруге арналған электрондық интернет-дүкен терминалы жұмыс істейді, бұл өте ыңғайлы, себебі бізде Қазақстанның барлық аймақтарынан келген сотталғандар жазасын өтейді және барлық әйелдерге туыстарының келуге мүмкіндіктері бола бермейді, – деп түсіндірді әділет капитаны. Спикердің пайымдауынша, бұл қатаң режимдегі колонияда жүкті әйелдер жазасын өтемейді. Сотталған азаматша мекемеде жүкті болып қалған жағдайда (күйеуімен кездесуден кейін) немесе жүкті болып келсе, онда оны Алматы қаласының ҚАЖ департаментіне қарасты мекемеге ауыстырады, ондай әйелдер өз балаларымен 3 жасқа дейін темір тордың ар жағында бірге бола алады. Колониядағы ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес, мекеме аумағында сотталғандарға екі тәуліктік ұзақ мерзімді және екі сағат қысқа мерзімді кездесулер беріледі.
"Сотталғандарға ұзақ мерзімді кездесулер жұбайымен, жақын туыстарымен, сотталған адаммен некеде тұрмайтын, онымен ортақ балалары бар адамдарға бірге тұру құқығымен және сәлемдеме алу құқығымен берiледi. Телефонмен сөйлесуге рұқсат сотталғандардың жазбаша өтiнiшi бойынша 15 минутқа берiледi", – деп атап өтті Эльмира.
"Тәртіп бәріне бірдей" дейді спикер. Сол себепті ішкі тәртіпке бағынбаған әйелдерге шара қолданылатынын да атап өтті. – Жазасын өтеушілер мекеме тәртібін бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сай тәртіптік жазалау шаралары қолданылады. Ол ҚР ҚАК-нің 131-бабы бойынша қолданысқа енгізіледі. Сотталған әйелдерге ескерту, сөгіс, он бес тәулікке дейінгі мерзімге тәртіптік изоляторға қамау, төрт айға дейінгі мерзімге жалғыз адамдық камераларға ауыстыру деген жазалар берілуі мүмкін, – деп бөлісті ҚАЖ қызметкері. Мекеме қызметкерінің берген ақпараттарына сүйенсек, абақтыдан қашу және өз-өзіне қол жұмсау, төбелес шығару, күш-көрсету, қорқыту сынды әрекеттер орын алмаған. Себебі мұнда сотталғандардың тәртіпті бұзбауы үшін үздіксіз жұмыстар жүргізіледі. Олардың арасында моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыру мақсатында іс-шаралар, әңгімелесу жиі өткізіледі.  width= "Бүгінде әйелдер колониясында сотталғандар арасында жанжал, абақтыдан қашу, суицид жасау жағдайлары орын алмаған. Себебі мұнда тағдырлас жандар жазасын өтеуде. Бір-біріне қолдау көрсетуге тырысады. Олардың армандары да ортақ. Олар бостандықта, еркіндікте отбасыларымен қауышуды армандайды. Үміт үзбейді, күтеді. Бір-бірінің жағдайларын, ішкі сезімдерін айтпаса да, көзбен ұғыныса алатын бір толқында келе жатқан шалыс басқан әйелдер", – деп түйіндеді өз сөзін Эльмира Тойлыбаева. Темір тордың ар жағында да өмір бар. Бірақ ол жақта бәрі басқаша. Әр камера сарғайған сағыныш пен өкінішке толы.