Өкінішке толы өмір. Әйелдер колониясы
Өкінішке толы өмір. Әйелдер колониясы
Еліміз бойынша жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы Шымкентте орналасқан. Бұрын бұл жер ат қора болған, кейінірек жөнелту пунктіне, содан кейін тергеу изоляторына айналды деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл – қылмыстық-атқару жүйесіндегі ең көне мекеме. Мұнда еліміздегі ең ауыр жаза алған 231 сотталған азаматша жазасын өтеп жатыр. Жазасын өтеп жүрген әйелдердің түрмедегі күнделікті өмірі жайлы Шымкент және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты ИЧ-167/4 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Эльмира Тойлыбаева айтып берді. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ИЧ-167/4 мекемесі – Қазақстан аумағындағы жалғыз қатаң режимдегі әйелдер колониясы, азаматшалар үшін барынша қауіпсіз пенитенциарлық мекеме. Аталған колонияда бүгінде 231 сотталған азаматша жазасын өтеп жатыр.
«Бұл ең көне мекеменің аумағы шағын келген. Бірақ мүмкіндігінше барлық бос үй-жайларды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеміз. Бүгінгі күні мекеме аумағында үш жеке кәсіпкер жұмыс істейді, онда 108 сотталған еңбек етеді», – дейді Э.Тойлыбаева.
Негізінен мұнда әйелдер жұмсақ интерьер заттарын тігеді: жастықтар мен көрпелер – бәрі тапсырыстарға байланысты. Мұндағы біршама әйел алғашқы білімін мекеме қабырғасында алған екен. Кейбір әйелдер аспазшы болып жұмыс істейді. Мәзірдің барлық талаптарына сәйкес басқа сотталғандарға түскі ас дайындайды. Егер жұмыс ауысымы түске дейін аяқталса, онда сотталғандар мекемені абаттандыру жұмыстарымен айналыса алады.
"Бүгінде әйелдер колониясында сотталғандар арасында жанжал, абақтыдан қашу, суицид жасау жағдайлары орын алмаған. Себебі мұнда тағдырлас жандар жазасын өтеуде. Бір-біріне қолдау көрсетуге тырысады. Олардың армандары да ортақ. Олар бостандықта, еркіндікте отбасыларымен қауышуды армандайды. Үміт үзбейді, күтеді. Бір-бірінің жағдайларын, ішкі сезімдерін айтпаса да, көзбен ұғыныса алатын бір толқында келе жатқан шалыс басқан әйелдер", – деп түйіндеді өз сөзін Эльмира Тойлыбаева.
Темір тордың ар жағында да өмір бар. Бірақ ол жақта бәрі басқаша. Әр камера сарғайған сағыныш пен өкінішке толы.