Жаңалықтар

Оразкүл Асанғазықызы: Тіл – ұлттың жаны, рухы

ашық дереккөзі

Оразкүл Асанғазықызы: Тіл – ұлттың жаны, рухы

«AMANAT» партиясы елордалық филиалының ұйымдастыруымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің конференц-залында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызымен кездесу өтті деп хабарлады turkystan.kz. «Тіл құбылысы: мазмұны және мемлекеттік мәртебесі» тақырыбында өткен басқосуда тіл жанашыры мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін арттыру туралы дәріс оқыды. Әңгімесін ұлт зиялыларының жалынды сөзімен бастаған Оразкүл Асанғазы жастарға қазақ тілінің қадір-қасиетін өзгеден бұрын өзіміз жете түсінуіміз керек екенін айтты. Ол, сондай-ақ, әңгіме барысында Тіл басқармасын басқарған уақытта грантқа оқуға түскен түлектердің тегін қарап шыққанын, онда қазақ балаларының 85 пайызының тегі қате жазылғанына көз жеткізгенін атап өтті. «Бұл жерде біздің кінәміз жоқ. Кезінде аталарымыз есім таңдап, тіркеу бөліміне барды. Бірақ сауатын «Букварьмен» ашқан қыздар сол жерде отырып, қате жазып жіберген. Сондықтан ертерек тегіміздегі «-ов, -евтен» арылып, қазақшалайық», – деп түйіндеді сөзін тіл жанашыры. Кездесу соңында дәріске қатысушылар қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызына сұрақтарын қойып, лектормен естелік суретке түсті.