Елордада 250 жеделсатының тозығы жеткен

Елордада 250 жеделсатының тозығы жеткен

Елордада 250 жеделсатының тозығы жеткен
ашық дереккөзі
Елордадағы тұрғын үйлерде 250 жеделсаты әбден тозған. Ал қалада жыл сайын әрі кеткенде небәрі 10 лифт ауыстырылады деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. Жеделсаты компаниялар қауымдастығы өкілдерінің мәлімдеуінше, астаналықтар тұрғын үйді жаңарту бағдарламасына қатысқысы келмейді. Өйткені оның шығыны көп. Салдарынан жеделсатылар жиі істен шығады. Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде елордалық тұрғын үй кешендерінің бірінде жеделсаты құлаған бейнеролик тарады. Оның ішінде қызымен бірге болған Нина Қожахметова 14-қабаттан 1-қабатқа түспек болды. Алайда үшінші қабатқа жеткенде лифт істен шығып, жоғары жылдамдықпен жертөлеге құлған.
«Лифт құлағанда біз тез арада диспетчерге хабарластық. Ол бізге жеделсаты жөндеуден өтіп жатқанын айтты. Егер ол жөнделіп жатса, оның есігі мүлдем ашылмауы керек еді ғой. Қатты қорқып қалдық. Бірақ жарақат алған жоқпыз», - деді қала тұрғыны Нина Қожахметова.
Меншік иелері бірлестігі төрағасының айтуынша, бұл үйде орнатылған жедел сатылар ескі болып шықты. Құрылыс компаниясы 2006 жылы кешенді салғанда мұнда жаңа лифт орнатуды жөн көрмеді. Шыдамы таусылған тұрғындар жеделсатыны ауыстыру туралы шешім қабылдады.  Алайда олар биылғы тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасына іліге алмады. Бірақ жеделсатыны өз есебінен ауыстырғысы келетін тұрғындар аз көрінеді. Көбінің қалтасы мұндай шығындарды көтере алмайды.
«Пәтер иелерінің өздері лифтіні ауыстыруға қарсы шығады. Өйткені олар бюджеттен жаңартуға бөлінетін қаржыны 8 жылда қайтаруы тиіс. Сондықтан болар, қалада жыл сайын 3-10 лифт ауыстырылып жатыр. Былай есептеп қарайтын болсақ, әр пәтер айына небәрі 2 мың теңге төлейді. Менің ойымша, ол көп емес», - деді қалалық жеделсаты компаниялары қауымдастығы төрағасының орынбасары Владимир Табашнюк.
Жеделсатылардың қауіпсіздігіне пәтер иелерімен бірге қала әкімдігі де жауап береді. Бірақ инспектор саны аз болғандықтан тиісті тексерістер уақтылы өткізілмейді. Сондықтан мамандар тек шағым түскен кезде ғана бақылау жүргізе бастайды.
«Біздің басқармаға немесе қала әкімдігіне тұрғындардан шағым жазбаша түрде келіп түсетін болса, біз тексеріс жүргіземіз. Сондай-ақ 4 аудандық әкімдікпен бірге профилактикалық жұмыс жүргіземіз. Оларға түсіндіру, техниканы пайдалану бойынша жиналыс ұйымдастырамыз», - деді қалалық тұрғын үй және Тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Рахымжан Бектанов.
Айта кетсек, елімізде соңғы 4 жылда жеделсатыларға қатысты 13 төтенше жағдай тіркелген. Олардың 8-і адам өліміне әкеп соқтырды. Сол себепті әр үйдің тұрғындарына өз қауіпсіздігін ойлап, жеделсатыны дер кезінде жөндеп немесе ауыстыруына тура келеді.