Жаңалықтар

Ата-аналар неге тегін мектеп формасынан бас тартып жатыр?

Ата-аналар неге тегін мектеп формасынан бас тартып жатыр?

Алматы облысында бір топ ата-ана «Мектепке жол» бағдарламасы аясында берілетін мектеп формасын алудан бас тартып отыр. Бұл туралы turkystan.kz «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Ащыбұлақ ауылының тұрғындары мемлекет үлестіретін мектеп формасын алуға үзілді-кесілді қарсы. Себебі, әкімдік берген киім сапасыз, тігісі сөгіліп, жыртылып қалады екен. Болмаса, өлшемі келмейді. Яғни, бірінші сынып оқушысына бесінші, ал бесінші сынып оқушысына жасөспірімдерге шақ киім бұйырады. Бірақ оны тексеріп, қайта ауыстырып беретін басшы жоқ дейді аналар. Сол үшін Үкімет бөлген қаржыны қолға берсін деп талап етті. Айтуларынша, жаңа оқу жылында бір баланы киіндіру үшін кемі 80 мың теңгедей қаражат керек. Бұл - қажетті құрал-жабдық пен сөмкені қоспағанда шығатын шығын. Яғни, костюм-шалбарға 25 мың, жейдеге 7 мың, аяқ киімге 10 мың, спорттық киім мен кроссовкаға 38 мың жұмсайды. Сондықтан әкімдік үлестіретін ақша да шығынның тек жартысын жабады деп отыр.

Бірақ әкімдік өкілдері биыл да форманы мектеп үлестіруі мүмкін екенін айтты.

Сөзінше, конкурс жауабы 10 тамыз күні белгілі болмақ. «Мектепке жол» бағдарламасы аясында бір балаға 25 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Яғни, 18 мың теңгеге мектеп формасы, 7 мыңға кеңсе тауарлары алынады.