Тұғырлы тұлғаларымыздың ескерткіштері бой көтерген сайын рухымыз биіктейді – Дәурен Абаев

Тұғырлы тұлғаларымыздың ескерткіштері бой көтерген сайын рухымыз биіктейді – Дәурен Абаев

Тұғырлы тұлғаларымыздың ескерткіштері бой көтерген сайын рухымыз биіктейді – Дәурен Абаев
ашық дереккөзі
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz.
«Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында монументалды өнер саласындағы сарапшылармен көптеген өзекті мәселені талқыладық. Отырыста мақұлданғандай, алдағы уақытта Қостанай облысының Торғай ауылында Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынның ескерткіштері бой көтереді. Сондай-ақ Алматы қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш және театр қайраткері Жұмат Шанинге бюст орнатылады», - деді министр.
Дәурен Абаевтың айтуынша, Монументалды өнер құрылысын орнату жөніндегі комиссия республикалық конкурстың қорытындысы бойынша жобалау жұмыстарын қарап, пікірлерін ортаға салды.
«Ескерткіштер – біздің тарихи жадымызды жаңғыртуда және қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Сондықтан жоспарлаудан бастап ескерткіштерді орнатқанға дейінгі жұмысқа мұқият қарауымыз қажет. Комиссия тобы мүсіндердің жұмсақ материалдан жасалған толық көлемдегі нұсқасын жан-жақты қарастыруы тиіс», - деді ол.
Сондай-ақ Комиссия мүшелері Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстары әкімдіктерінің идеялық ұсыныстарын бірауыздан қолдады.
«Аталған өңірлерде Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовқа, Нияз батыр Сайдалы Барқыұлына, Екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Жақсыбек Оңшыбаевқа, сондай-ақ, түрік саясаткері, мемлекет қайраткері Аднан Мендерске арналған ескерткіштерді жобалау жоспарланып отыр. Тұғырлы тұлғаларымыздың еңселі ескерткіштері бой көтерген сайын рухымыз биіктейді. Сол мүсіндерді шебер қалыптайтын шын өнер иелеріне қашанда шалқар шабыт тілеймін», - деді Дәурен Абаев.