«Жұбантөбедегі» жазу тарихымызды тереңге тартады
«Жұбантөбедегі» жазу тарихымызды тереңге тартады
Профессор Ханғали Сүйіншәлиевтің «Біздегі жазба мәдениетінің түп-тамыры халқымыздың өз жерінде пайда болды» деген сөзінде үлкен ақиқат жатыр. Расында, біздің арғы бабаларымыздан қалған руникалық жазу – Орхон-Енисей жазулары Түркі қағанаты дәуірінде Ұлы дала халықтарының өз әліпбиі жасап, жазу мәдениетін қалыптастырғанын көрсетеді. Өкініштісі сол, XX ғасырдың ортасына дейін «қазақтарда жазу болмаған, олар Қазан төңкерісіне дейін араб жазуын ғана пайдаланған» деген ғылыми қисыны жоқ пікір біраз уақыт басым болып келді. Дегенмен түрколог ғалымдар руникалық жазудың жұмбағын шешкеннен кейін және оның түркілерге тиесілі екені мойындалған соң барып қана аталған халқымыздың жазу мәдениетінің тамыры терең екеніне көзіміз жетті. Бүгінде еліміздің әр аумағынан табылып жатқан тастағы жазулар – пікіріміздің дәлелі. Соның бірі – Жамбыл облысынан табылған тастағы жазу.
Тараз қаласы маңындағы «Жұбантөбе» қалашығынан табылған жазу «Аң аулау» деп оқылады. Екі сөзден тұратын бұл сөйлемді ғалымдар ІХ-Х ғасырларға жатқызады. Бұл ІХ-Х ғасырларға қатысты Тараз қаласынан 15 шақырым батысында Жұбантөбе қалашығынан табылған әдеби жәдігерлік қазақ түркілерінің жазу алфавиті болғанын дәлелдейді. Тас құралда алты таңба бар. Бұл жәдігерлікті 1987 жылы К.Байпақов басқарған экспедиция тапқан. Ғалымдар С.Кляшторный, А.Аманжолов жазуды зерттеген. Ғалым А.Аманжоловтың оқуындағы тас құралдағы жазу былай оқылады: «Охота (на диких зверей)». «Аң аулау». (Н.Базылханның «Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас), «Қазақстан тарихы түркітілді деректемелерде» атты сериясы бойынша. 2-том, Алматы, Дайк-пресс, 2005-жыл, 243-бет).
Бұл жазу да осы ІХ-Х ғасырлардағы қазақ түркілерінің жазба әдебиетіне жататын жәдігерлік деп қарауымызға болады. Тілді зерттеуші белгілі ғалымдар көне жазулардың түп төркіні жайлы өздерінің ғылыми тұжырымдарын білдіре отырып, әдеби тіл туралы пікір өрбітеді. Бұл жөнінде қазақ түркісінен шыққан белгілі ғалым Рәбиға Сыздықова былай деп жазады: «Бірқатар ғалымдар әдеби тіл дегеніміз жалпы халықтық тілдің өңделіп, қырланған түрі деп таныса, енді бірсыпырасы жалпы хатқа түскен туындылардың тілі әдеби тіл деп табады. Сондықтан орыс әдеби тілінің тарихын сөз еткен бірқатар мамандар жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп санайды...» (Р. Сыздықова, «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы», Алматы, «Мектеп» баспасы, 1984 жыл, 6-бет).
Жазусыз әдеби тілдің болуы мүмкін емес деп жүрген ғалымдар халық ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілеріне көз жұмып қарайды. Біздің пікірімізше, жазумен қалыптасқан әдеби тілдің өзі жазусыз қалыптасып, дамыған ауыз әдебиетінен нәр алады. Әдеби тіл өз-өзінен қалыптаспайды. Әдеби тілдің қалыптасуына сол халықтың салт-дәстүрі, тілі, ділі мен діні, мәдениеті мен ауыз әдебиеті, халықтық эстетикасы әсер етеді.
«...ертегілерді алайық. Одан керемет поэзияның желі еседі, көркемдік шеберліктің тамаша үлгісі көрінеді...» (Т.Кәкішев). Олай болса, әдеби тіл осы факторларды өз ішіне қамтыған соң жазба әдеби тілі пайда болады.
Қазақ түркісінен шыққан белгілі ғалым Х.Сүйіншәлиев көне жазба жәдігерліктердегі жазу мәдениеті туралы былай деп жазды:
«...Қазақстан жерінде пайда болған ілкі жазу мәдениетінің маңызы ерекше. Қазақстан жерінде алғашқы феодалдық қоғам соңғы үйсін (ІІІ-V ғасыр) заманында көріне бастады. Атақты ғалым Абел Ремюзаның жобалауынша, үйсіндер орхон жазуын пайдалана білген болуы керек. Осының дәлелі ретінде үйсіндердің ескі қыпшақ орындарынан кейде тасқа түсірген орхон жазуларының таңбасы кездеседі. Үйсіндерден кейінгі түрік қағанаты кезінде орхон жазулары олардың мемлекеттік жазуына айналады. Бұл жазумен түрік қағандары Иранға, Византияға, Қытайға елшілік хат жазып, өлген адамдарының басына қойған құлпытасқа жоқтау жырларын жазып отырған. Демек, кейін қазақ халқына мирас болған жоқтау, естірту, барлық эпостық дәстүр, алғашқы жазу осы қағанат кезінен қалғанға ұқсайды.
Қазақстандағы жазудың тарихын бір кездегі ғалымдар тек ислам дінінің тарауымен ғана байланыстыратын еді. Орхон жазуы ашылған соң кейінгі зерттеушілер бұл пікірді жеткіліксіз деп тапты. Ғалымдардың пайымынша, орхон жазуын түсіруге тас, түсті металл, былғары, ағаш, сүйек, жібек (С.Малов. Памятники древнетюркской письменности, М-Л., 1951,11-60-беттер және Т. Стеблева «Поэзия тюрков», М., 1965, 22-бет) сияқты нәрселер қолданған.
Көне сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірлерінде қазақ түркілерінде ауыз әдебиеті де, жазу-сызу да болған. Оған мысал: ауыз әдебиетінің үлгісі – Алып Ер Тұңғаны жоқтау жыры. Қашқарлық Махмұттың «Түркі сөздерінің жинағындағы» мақалдар мен мәтелдер. Қашқарлық Махмұттың жинаған ауыз әдебиеті үлгілері көне сақ дәуірі ауыз әдебиетінен басталатынын ғалымдар біледі. Демек, орыс ғалымы В.Виноградовтың жазған ғылыми тұжырымына назар аударсақ, қай халықтың болса да әдеби тілі жазуы қалыптаспаған кезде де пайда болады екен. Бұл – құптауға тұрарлық пікір.
Сақтардың алфавиті, күміс тостағандағы жазу, үйсін дәуіріндегі жазба мәдениетінің болуы қазақ даласына VІІІ-ІХ ғасырлардағы, одан кейінгі орта ғасырлардағы араб жазба мәдениетінен бұрын пайда болғаны жөнінде айтылған жоғарыдағы пікірлерге жүгінбеске болмайды.
Жұбантөбеден табылған екі сөзден тұратын «Аң аулау» деп оқылатын сөйлем ІХ-Х ғасырларда бізде жазба әдебиеттің болғанын, аң аулау дәстүрінің қанат жайғанын растайды. Тарих біз білмейтін құпияларды ішіне сақтап отырғанына назар аударуымыз қажет. Аң аулап, бала-шағасын асыраған ежелгі түркілер аң аулауды ең тиімді әдіс деп ойлағаны рас. Астық өсіруге дағдылана қоймаған ежелгі түркілер елдің молшылықта, тоқшылықта жасауына бірден-бір мүмкіндік аң аулауды халықтың дәстүрлі салтына айналдырған. Осыны ойлай отырып, «Аң аулау» мәтінінің тегіннен-тегін жазылып отырмағанын түсінеміз. Қазақтың көрнекті ғалымы Н.Келімбетов ұзақ жылдар бойы петроглифтерді зерттеген ғалым А.Окладниковтың айтуына назар аударады: «Ұзақ жылдар бойы петроглифтерді зерттеп келген көрнекті ғалым А.Окладниковтың айтуы бойынша, ежелгі адамдар жылына бір рет жиналып, әрбір аңшы қанжығасының қандануын, яғни аң аулау сапарының сәтті аяқталуын Көк Тәңірісінен жалбарынып сұрайтын болған. Ол үшін аңшылар үстіне бұғының терісін жамылып, басына мүйіз байлап алып «Сиқыршы биін» билеген. Мұндай ғажайып билерге дала кезіп жүрген түрлі аң таңырқап, ішінен жеңілгенін мойындауы тиіс екен. Қолдарын аспанға көтеріп, бар даусымен айғай салған аңшылар Көк Тәңірінен көмек сұраған.
Міне, осындай ежелгі әдет-ғұрыпты мүлтіксіз орындаған жағдайда Тәңірінің ықылас-рақымы түсіп, аң аулау сәтті аяқталатынына адамдар мүлтіксіз иланған. Жартастағы суреттер осы бір тарихи шындықты тағы да растай түсетін сияқты». (Н.Келімбетов, «Ежелгі дәуір әдебиеті», Алматы, «Атамұра» баспасы, 2005 жыл, 13-бет).
Дәл осы ғасырларда өркендеп, қанат жайып бара жатқан жазба әдебиетіміздің саналы түрде жойылғанын біз білеміз бе? Н.Келімбетов: «Орталық Азия мен Қазақстанның көп жерлерін араб басқыншылары VІІІ-ІХ ғасырларда жаулап алғаны мәлім. Арабтар жергілікті халықтардың мал-мүлкін тонады, өздерін құлдыққа салды, қалалары мен елді мекендерін қиратты. Сондай-ақ олар жергілікті халықтың санғасырлық тарихы бар рухани қазынасын – тілін, жазуын, мәдениетін, әдебиетін ежелден қалыптасқан наным-сенімін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тағы басқа мүлдем жойып жіберуге барынша әрекет жасады. Олар зорлықпен елдің бәрін Ислам дініне енгізіп, араб тілін міндетті мемлекеттік тілге айналдырды. Барлық жерде оқу-білім тек араб тілінде ғана жүргізілді. Ежелгі түркі жазуларын қолдануға қатаң тыйым салынды» деп жазды (Н. Келімбетов, «Ежелгі дәуір әдебиеті», Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1991 жыл, 135-бет).
Түркілердің ойма жазуы туралы және араб шапқыншылығының зардаптары туралы қазақ түркісінен шыққан көрнекті ғалым М. Мырзахметұлы былай деп ой өрбітеді: «Бүгінде бүкіл әлем халқына танымал қазіргі түркітілді халықтардың арғы аталары болып саналатын ғұн, үйсін, қаңлылардың V-VІІІ ғасырлардағы жазу таңбалары, бір сөзбен атағанда ойма жазуы (тасқа қашалып жазылуы себепті) деп аталады.
Есік қорғанынан табылған алтын киімді жауынгердің күміс тостағанына шекілген жазу таңбасы біздің дәуірімізге дейінгі заманның V ғасырына қарай меңзесе, жуық арада археологиялық қазба жұмысы арқылы Моңғолия жерінен табылған ғұндардың әріп таңбасымен таңбаланған мойынға тағатын алқадағы «Сеңгір» сөзінің оқылуымен ғұндар жазуының тікелей мұрагері түркі халықтары екені нақтылы дерекпен дәлелденіп отыр. Бұлардың бәрі де археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған заттай деректер болса, ғұндардың өзіне тән жазу таңбалары болғаны қытай тілінде жазылған еңбектерде де айтылады. Мысалы, б.э.д. 192 жылы қытай тілінде жазылған «Тарихи естеліктер кітабында» «Мәді Тәңір құтты дәуіріне келгенде, ғұндар күшейіп, жазу қолдануды жолға қойған, сол арқылы соңғыларға үлкен мұра қалдырған» («Егемен Қазақстан», 7.07.1991) деп нақтылы әрі бұлтаруға келмейтін тарихи деректі қолымызға берді». (М.Мырзахметұлы, «Түркістанда туған ойлар», Алматы, «Санат» баспасы, 1998 жыл, 38-39-беттер).
Ғұн дәуірінде ойма жазудың болғанын халық ауыз әдебиетінің үлгілерінің біріне жататын «Он үш жасар Алып Бамсы (Алпамыс)» қиссасында Алып Бамсының Гүлбаршынға тасқа қашап жазған хаты дәлел бола алады. Ғұндардың Еуропаға дейінгі жорығы, Еуропада құлдық билікті жоюы туралы мәліметтер ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетте де бар. Демек, ғұн дәуіріндегі жазба ескерткіштердің көне түркілерде әдебиеттің кең арнасы болғанын да дәлелдейді. Ал ғұн дәуірінде өмір сүрген Молақсай жырау, Тоғанас жырау мұраларының қазақ түркілерінің әдебиетіндегі ғажайып мұра болғаны әдебиеттану ғылымындағы құбылыс болғаны да анық.
Ғалым М. Мырзахметұлының сырттан келген араб басқыншыларының идеологиялық үстемдігі туралы былай деп жазғаны бар: «...отаршыл атаулының бәрі де саяси-идеологиялық мақсат қоя келгенде, алдымен халықтың тілі мен дініне рухани қазына көздеріне сұғын қадап, әсіресе дәстүрлік жалғастықты ұштастырып отырған басты құрал-жазу таңбасын жоюға ерекше мән берген. Өйткені халықтың тарихы жадын өшіріп, мәңгілік рухани құлдық тұтқынында ұстау үшін, алдымен өткені мен бүгінгіні жалғастырушы қан тамырларын қиюға күш салуы жайдан-жай нәрсе болмаса керек-ті». Бұл – бүгінде құлақ қоюға тұратын пікір. Тарихтың аласапыран кезеңдерінде жойылып кеткен құнды мәдени мұрасын білмеген, өз халқын тек өзгелер жасаған мәдениетті тұтынушы ретінде танып өскен ұрпақта рух бола ма?!
Жалпы, елімізден табылған көне жазба жәдігерліктердің көне жазба әдебиетіміздің бастау көзі екенін таныту арқылы ұлтымыздың тамыры тереңде екенін, тарихы тым арыдан басталатынын насихаттасақ – жас ұрпақты өзінің әлемдік мәдениетке зор үлес қосқан үлкен халықтың перзенті екенін сезініп өсуіне зор әсер етер едік. Ол – өте маңызды нәрсе.
Меңдібай ӘБІЛҰЛЫ, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің доценті