Жаңалықтар

Қуғындалған қазақ ұлтшылы

ашық дереккөзі

Қуғындалған қазақ ұлтшылы

Қазақ ұлтшылдығы дегеніміз – аса қорқатын нәрсе емес-тін. Елі мен жерін, туған топырағын, ұлты­ның болмыс-бітімін, қалыбын егіле сүйгеннің несі айып?! Бүгінгі егемен Қазақстан қоғамында ұлтшылдық сө­зінен қорқатындардың қарасы мол. «Мен – ұлтшылмын!» дейтін ұр­пақтың саны артпайынша, мем­лекетіміздің ұлттық сипатқа ай­налуы өте қиын. Біз революциялық жол­мен емес, эволюциялық жолмен дамуды, өсуді ниет еткен елміз. Ен­де­ше қазақ қоғамы біртұтас қоғамға ай­налуы тиіс. Біртұтас қоғам – бүтін бітім. Қазақ ұлтшылдығы сөзін ешқашан ұлтжанды сөзі алмастыра алмайды. Ұлт­жанды сөзі ұлтшыл ұғымының баламасы бола алмайтын мәнсіз сөз. Алаш арыстары ұлт­шылдық, түркішілдік һәм мұсылманшылдық жолын саяси бағытқа айналдырып, аза­маттық қоғамның даму үшін ұстаным ретінде ұстанғанын ұмытпағанымыз жөн. Алаш туы көтерілген ұлттық бұлқыныс жыл­дарында қазақтың мүддесін қор­ғаған оқығандар көп болатын. Қазақ мемлекетінің үзілген жібін жалғап, отарлық сая­саттан езілген халқының рухын жанып, Алашорда ұлт­тық үкіметін жасақтаған аға­ларды ұмыт­тыр­ған, санамыздан біржола шығарып тас­таған кеңес идеологиясының бы­лықтары ашы­лып жатыр... Қолдан қасақана жасаған қыл­мыстары әшкереленді. Әлі талай оқиғаның кө­бесі сөгіліп, ақиқаты ашылады. Бұл ретте Алаш тарихының ақтаң­дағы мол, құпиясы зор. Азаттық үшін қызыл жағалылармен алыс­қан ардақты аға­лардың да ісі қайта қаралып, ұзақ уақыт жамандалған теріс образы жағым­ды бей­неге айналды. Асылында, ұлттық қоғам орнату өте қиын іс. Қоғамның жаңаруы – сананың тазалануы. Са­наға түскен жараның бірі – қазақ ұлт­шыл­дығына қарсы антикүрес. Жараға жара қо­сылып, ұлттық құндылықтарымыздан көз жа­зып қалыппыз. Ұлт құндылығының бір бұта­ғы – төл тарихы. Ата тарихымызды боль­ше­виктер қысымымен жазылған өтірік пара­ғын жыртып, орнына ақиқи беттерін іздеп, тү­гендеп келеміз. Көпке беймәлім есім, тарих­тан терістелген шын қайраткерлер қатары едәуір көп екен. Кеңестік кері идеологияның құрбаны болған қазақ ұлтшылы, үлкен ағарту­шы, Алаш қайраткері Төлеген Иманғазыұлы (Құжаттарда Иманғазиев деп жазылады. Біз тәуелсіздік тұрғысынан қарап, ұлттық негізде Иман­ғазыұлы деп жаздық. Бұдан әрі солай жа­зылады – Е.Т.) деген боздақтың тағдыр-та­лайы хақында білгенімізді ортаға салуды парыз деп ұғындық. Иманғазының Төлегені 1874 жылы наурыз айының 16-күні Орал облысы (Қазіргі БҚО) Ілбішін уезі Қалдығайты болы­сының №2 ауылында (Айтқали ауылы) дүние­ге келген. Төлегендей арыстың сүйегі – он екі ата Байұлының Ысық баба тармағынан тарай­ды. Оның ішінде Жәдікбайұлы Андабай ата­дан өнген асыл ұрық. Өз әкесі Қарабекұлы Иманғазы 1931 жы­лы 86 жасында қайтыс болған. Иман­ғазы – Орал-Жымпиты-Ойыл жолының бойын­дағы Қарақұдық деген жерде лау ауыс­тыра­тын бекет ұстаған дәулетті кісі. Ал ше­шесі Бозша үй шаруасындағы әйел болыпты. Жасынан талапты өскен Төлеген он үш жасында 1887 жылы Гурьев уезіне қарасты Есбол (Индер) екі кластық болыстық мектебін бітіреді. Дүние-мүлкі, мыңғырған ма­лы бар әке ұлының ары қарай білімін жетіл­діруіне бар жағдайын жасайды. Ілімге ден қойған жеткіншек 1888 жылдың 14 мамыры күні он төрт жасында Оралдың екі кластық орыс-қырғыз училищесіне оқуға түсіп, оны 1890 жылы тәмамдайды. Сол 1890 жылдың маусым айының 10-ы күні Орынбор Мұғалімдер семинария­сына қазына есебінен (бүгінше мемлекеттік грант) оқуға түсіп, оны 1894 жылдың мамыр айы­ның 13-і күні «Бірінші дәрежелі халық мұға­лімі» дипломымен бітірген. Ақиқатында, патшалық билік салтанат құрған уақытта семинарияда ауқаттылардың ба­лалары ғана оқитын. Мұғалімдер семи­нария­­сында Төлегенмен қатар әйгілі сұлтан Бай­мағамбет Айшуақұлының әулетінен Қажы­ғали Айшуақтегі, жымпитылық байдың тұ­қым­дары Райымқұл Құрал баласы, Ғұбайдола Әлібекұлы оқыған болатын. Жиырма-ақ жасында мойнына үлкен аманат арқалап, туған халқын оқыту, ағарту ісіне зор құлшыныспен кірісіп ке­теді. 1894 жылы 24 маусым күні Орынбор оқу округі бастығының №2712 бұйрығымен Тор­ғай облысының Әулиекөл болыстық мек­тебіне мұғалімдікке жіберіліп, онда 1895 жыл­дың тамыз айының біріне дейін жұмыс істеп, аймақ тұрғындарының сауатын ашып, білім дәнегін себеді. 1895 жылы 1 тамыз күні Орал облысы Қара­шығанақ болыстық орыс-қырғыз мекте­біне екінші мұғалімдікке тағайындалады. 1896 жылы тамыз айының бірінен бастап Торғай облыстық Алшынбай ауылдық мектебіне мұғалімдікке ауыстырылады. Орынбор оқу округінің 1896 жылғы 18 қараша күні №4676 би­лігімен 11 қарашадан бастап Орынбор қыр­ғыз мұғалімдер семинариясына бастауыш учи­лище мұғалімі және қазақ тілін оқыту қыз­метіне тағайындалады. Осы қызметте ол 1904 жылдың тамыз айының 24-не дейіне ең­бек етеді. 1904 жылы қазан айының 2-сі кү­ні отбасы жағдайына байланысты өз өті­ні­ші бойынша қызметінен босап, туған ауылына келеді.