Қуғындалған қазақ ұлтшылы

Қуғындалған қазақ ұлтшылы

Қуғындалған қазақ ұлтшылы
ашық дереккөзі
Қазақ ұлтшылдығы дегеніміз – аса қорқатын нәрсе емес-тін. Елі мен жерін, туған топырағын, ұлты­ның болмыс-бітімін, қалыбын егіле сүйгеннің несі айып?! Бүгінгі егемен Қазақстан қоғамында ұлтшылдық сө­зінен қорқатындардың қарасы мол. «Мен – ұлтшылмын!» дейтін ұр­пақтың саны артпайынша, мем­лекетіміздің ұлттық сипатқа ай­налуы өте қиын. Біз революциялық жол­мен емес, эволюциялық жолмен дамуды, өсуді ниет еткен елміз. Ен­де­ше қазақ қоғамы біртұтас қоғамға ай­налуы тиіс. Біртұтас қоғам – бүтін бітім. Қазақ ұлтшылдығы сөзін ешқашан ұлтжанды сөзі алмастыра алмайды. Ұлт­жанды сөзі ұлтшыл ұғымының баламасы бола алмайтын мәнсіз сөз. Алаш арыстары ұлт­шылдық, түркішілдік һәм мұсылманшылдық жолын саяси бағытқа айналдырып, аза­маттық қоғамның даму үшін ұстаным ретінде ұстанғанын ұмытпағанымыз жөн. Алаш туы көтерілген ұлттық бұлқыныс жыл­дарында қазақтың мүддесін қор­ғаған оқығандар көп болатын. Қазақ мемлекетінің үзілген жібін жалғап, отарлық сая­саттан езілген халқының рухын жанып, Алашорда ұлт­тық үкіметін жасақтаған аға­ларды ұмыт­тыр­ған, санамыздан біржола шығарып тас­таған кеңес идеологиясының бы­лықтары ашы­лып жатыр... Қолдан қасақана жасаған қыл­мыстары әшкереленді. Әлі талай оқиғаның кө­бесі сөгіліп, ақиқаты ашылады. Бұл ретте Алаш тарихының ақтаң­дағы мол, құпиясы зор. Азаттық үшін қызыл жағалылармен алыс­қан ардақты аға­лардың да ісі қайта қаралып, ұзақ уақыт жамандалған теріс образы жағым­ды бей­неге айналды. Асылында, ұлттық қоғам орнату өте қиын іс. Қоғамның жаңаруы – сананың тазалануы. Са­наға түскен жараның бірі – қазақ ұлт­шыл­дығына қарсы антикүрес. Жараға жара қо­сылып, ұлттық құндылықтарымыздан көз жа­зып қалыппыз. Ұлт құндылығының бір бұта­ғы – төл тарихы. Ата тарихымызды боль­ше­виктер қысымымен жазылған өтірік пара­ғын жыртып, орнына ақиқи беттерін іздеп, тү­гендеп келеміз. Көпке беймәлім есім, тарих­тан терістелген шын қайраткерлер қатары едәуір көп екен. Кеңестік кері идеологияның құрбаны болған қазақ ұлтшылы, үлкен ағарту­шы, Алаш қайраткері Төлеген Иманғазыұлы (Құжаттарда Иманғазиев деп жазылады. Біз тәуелсіздік тұрғысынан қарап, ұлттық негізде Иман­ғазыұлы деп жаздық. Бұдан әрі солай жа­зылады – Е.Т.) деген боздақтың тағдыр-та­лайы хақында білгенімізді ортаға салуды парыз деп ұғындық. Иманғазының Төлегені 1874 жылы наурыз айының 16-күні Орал облысы (Қазіргі БҚО) Ілбішін уезі Қалдығайты болы­сының №2 ауылында (Айтқали ауылы) дүние­ге келген. Төлегендей арыстың сүйегі – он екі ата Байұлының Ысық баба тармағынан тарай­ды. Оның ішінде Жәдікбайұлы Андабай ата­дан өнген асыл ұрық. Өз әкесі Қарабекұлы Иманғазы 1931 жы­лы 86 жасында қайтыс болған. Иман­ғазы – Орал-Жымпиты-Ойыл жолының бойын­дағы Қарақұдық деген жерде лау ауыс­тыра­тын бекет ұстаған дәулетті кісі. Ал ше­шесі Бозша үй шаруасындағы әйел болыпты. Жасынан талапты өскен Төлеген он үш жасында 1887 жылы Гурьев уезіне қарасты Есбол (Индер) екі кластық болыстық мектебін бітіреді. Дүние-мүлкі, мыңғырған ма­лы бар әке ұлының ары қарай білімін жетіл­діруіне бар жағдайын жасайды. Ілімге ден қойған жеткіншек 1888 жылдың 14 мамыры күні он төрт жасында Оралдың екі кластық орыс-қырғыз училищесіне оқуға түсіп, оны 1890 жылы тәмамдайды. Сол 1890 жылдың маусым айының 10-ы күні Орынбор Мұғалімдер семинария­сына қазына есебінен (бүгінше мемлекеттік грант) оқуға түсіп, оны 1894 жылдың мамыр айы­ның 13-і күні «Бірінші дәрежелі халық мұға­лімі» дипломымен бітірген. Ақиқатында, патшалық билік салтанат құрған уақытта семинарияда ауқаттылардың ба­лалары ғана оқитын. Мұғалімдер семи­нария­­сында Төлегенмен қатар әйгілі сұлтан Бай­мағамбет Айшуақұлының әулетінен Қажы­ғали Айшуақтегі, жымпитылық байдың тұ­қым­дары Райымқұл Құрал баласы, Ғұбайдола Әлібекұлы оқыған болатын. Жиырма-ақ жасында мойнына үлкен аманат арқалап, туған халқын оқыту, ағарту ісіне зор құлшыныспен кірісіп ке­теді. 1894 жылы 24 маусым күні Орынбор оқу округі бастығының №2712 бұйрығымен Тор­ғай облысының Әулиекөл болыстық мек­тебіне мұғалімдікке жіберіліп, онда 1895 жыл­дың тамыз айының біріне дейін жұмыс істеп, аймақ тұрғындарының сауатын ашып, білім дәнегін себеді. 1895 жылы 1 тамыз күні Орал облысы Қара­шығанақ болыстық орыс-қырғыз мекте­біне екінші мұғалімдікке тағайындалады. 1896 жылы тамыз айының бірінен бастап Торғай облыстық Алшынбай ауылдық мектебіне мұғалімдікке ауыстырылады. Орынбор оқу округінің 1896 жылғы 18 қараша күні №4676 би­лігімен 11 қарашадан бастап Орынбор қыр­ғыз мұғалімдер семинариясына бастауыш учи­лище мұғалімі және қазақ тілін оқыту қыз­метіне тағайындалады. Осы қызметте ол 1904 жылдың тамыз айының 24-не дейіне ең­бек етеді. 1904 жылы қазан айының 2-сі кү­ні отбасы жағдайына байланысты өз өті­ні­ші бойынша қызметінен босап, туған ауылына келеді.  width= 1904 жылдан 1917 жылға дейін ауылында мұғалім, кейіннен болыстық управитель сияқ­ты қызметтерді атқарған. Патша тақтан құ­лап, теңдік алған ақпан төңкерісінен соң Тө­ле­ген саяси істерге араласып, қоғамның өзек­ті мәселелерін шешуге кіріседі. Әуелде земстволық комитетке мүше болып, оқу-ағарту жұмысына жегіледі. Бірнеше жыл мұғалімдік қызмет қылған Төлеген де өзге әріптестері сияқты сая­сат жолына түседі. Анығында, сол қиян-кес­кі жылдарда елдің ауыр тұрмысы, қоғам­ның зілбатпан мәселесі оқыған азаматтың иы­ғына түскен жүк болатын-ды. Елді отарлық қа­мытынан тек оқығандар құтқаратын, басқа жол да жоқ еді. «Қазақ» газетіне Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған рух алдас­пандары «Қазақ оқығандарына!» деп үне­мі хат жазып, елдің тағдырына араласуды, сын сәтте халық мүддесін көтеруді сұраған-ды. Орынборда қазақ оқығандары құрыл­тай өткізіп, үкімет жасақтап, автоно­мия құрған кезде Төлеген Алаштың батыс бө­лімшесінің өкілі әрі оқу-білім комитетінің мүшесі болады. 1918 жылғы 18 ақпанда Қаратөбеде өткен Орал қазақтарының ІІІ сиезіне делегат ретінде шақырылады (Бұл Орынбордағы 1917 жылғы І, ІІ жалпықазақ сиезінен кейінгі мемлекетті сақ­тау, жерді қорғау турасындағы ірі жиын – Е.Т.). Алқалы жиын төрағасы Жаһанша Досмұ­хамедұлы Төлегенге арнайы тапсырма беріп, оны Ойылдағы Алаш милициясының (Алаш әскері) мектебіне мұғалім қылады. Орынбор қала мәдениетін көрген, орысшасы жетік Иманғазының баласы ел мен жерді қорғауға кепіл болатын Алаш әскерін даярлап, оларды жаттықтырып, орыс тілі мен тарихтан сабақ берген. Осы юнкерлер мектебінде Ғұбай­долла Мұхиттегі (атақты әнші Мұхит Мера­лыұлының немересі) алғашқы әскери дайын­дық пәнінен сабақ берген болатын. Қазақ қоғамына большевиктік билік күш­­пен орнаған жылдары Төлеген қыз­меттен шеттетіліп, ауылға кетеді. Ауылына барып, ауыл шаруашылығымен айналысқан. Тек 1929-1938 жылдар аралығында Жақсыбай мек­тебінде жағрапия, орыс тілі пәндерінен дәріс оқыпты. Сталиндік қызыл қырғын басталған жылдары ажал құрығы Төлеген мұға­лімді іліп әкеткен. 1938 жылы 2 ақпан күні «Бұрын болыс болып, Ресей патшасына қыз­мет еттің, Батыс Алашорда қызметіне белсене ара­ласып, Қаратөбеде өткен съезге делегат бо­лып қатыстың, панисламизмді наси­хат­таушы, белсенді алашордашылсың, діни қайраткерлер Құрманғали Қуанышалиев, Хасан Нұрмұхамедовпен байланыс жасап, Кеңес үкіметін құлатуды көксеген панис­ла­мизмнің көтерілісін ұйымдастырмақшы болған контрреволюциялық ұйымның мү­шесісің, оларға ақшалай көмек бердің, жапон-герман барлауының агентісің. Ұлтшылсың!» дегендей жаламен нақақтан-нақақ қамауға алынады. РСФСР ҚК 58-2, 58-11 баптарына сәйкес қыл­мысты деп тауып, УНКВД-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша Үштігі соттап, 1938 жылы ақпан айының 14-і күні халық жауы ретінде Орал түрмесінде атылады. Міне, қазақ ұлтшылы Төлеген мұғалімнің қанаты осылай қырқылады... Заманында «Халық мұғалімі» атағын ал­ған, елдің ықыласына бөленген, най­зағай жарқ-жұрқ еткен елең-алаң кескекті жыл­дары ұлттық мемлекет ісіне араласып, Алаш әскерін жасақтаған, «Адамшылық ди­ханы» Төлеген Иманғазыұлы тек 1991 жылы 26 сәуірде ғана толық ақталады. Ендігі сәтте оның есімі де, өнегесі де туған ұлтымен мәңгі жасай беруге һақылы. P.S. Бір қуанарлығы – ағартушының жесірі Жанот апамыз Хасан, Құспан, Әсет, Қали деген Төлегеннің төрт бөлтірігін аман-есен сақтап қалған. Сол жақсының тұқымы өсіп-өніп, үбірлі-шүбірлі әулетке айналды. Хасанның ұлы Қайыржан елге танымал журналист, өлкетанушы еді. Ол Батыс Қазақстандағы талай ескі мәдени ескерткіштерді тауып, көптеген батыр, ақын болған тұлғаларымыздың мәңгілік дамыл тапқан жерлерін анықтап, кесене тұрғызып, игі істің басында жүрген. Қайыржан ақсақалдың қаламынан бірқыдыру кітап туып, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп, жыртығын жамады. Алаштану ісіне де айрықша үлес қосқан зерттеуші өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамаған екен. «Орнында бар оңалар» демекші, кешегі Төлеген мұғалімнің шөберелері, Қайыржанның Ержаны мен Нұржаны Қаратөбедегі әйгілі сиез өткен мешіт-үйдің орнына музей салып, шағын ауылға Алаштың алауын жақты. 2020 жылы ашылған музейге жуырда барып, тамсанып, таңғалып қайттым. Төлегендей Алаш ерінің атындағы конференцзалын, Алаш тұлғаларының инерциялық қабілетін ашатын білім залын, Қайыржан Хасановтың шығармашылық залын көріп, марқайдық, мерейіміз өсті. Қаратөбедегі «Алаш және Қайыржан Хасанов тарихи-өлкетану» музейі – заманауи технологиялық жабдықталған жаңа әрі сұлу кешен. Міне, тектілік белгісі, ұрпақ ұлағаты деген – осы. Иек астындағы 2024 жылы қазақ ұлтшылы, ағартушы, қайраткер Төлеген Иманғазыұлының туғанына мерейлі 150 жыл толады.

Елдос ТОҚТАРБАЙ