Журналистикасы жалтақ қоғам алға адымдамайды

Журналистикасы жалтақ қоғам алға адымдамайды

Журналистикасы жалтақ қоғам алға адымдамайды
ашық дереккөзі

Ол отандық БАҚ саласында 40 жыл­ға жуық жемісті еңбек етіп, қо­ғам­ды, елді толғандырған талай өзекті мә­се­ле­ні көтеріп, олардың оң шешілуіне зор үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі. Соңғы жылдары ол кісінің жетекшілігімен жә­­не тікелей үлгі көрсетуімен жас қа­лам­герлер шоғыры қалыптасты. Газетіміздің осы санында қаламы қарымды журналист, іс­кер ұйымдастырушы және айналасына сыйлы басшы Еркін Сағындықұлымен сұхбатты на­зарларыңызға ұсынамыз.

– Әңгімемізді бүгінгі журна­лис­ти­каның беталысынан бастасақ.
– «Мақсаттарыңыз әлемді өзгерту болса, оның күшті де тиімді қаруы – журналистика» де­ген екен өткен ғасыр данышпаны. Жур­на­лис­­­тика – қоғамда өзінің ерекше орны бар инс­­­титут. Қазіргі алмағайып өзгерістер ке­зеңін­­­де журналистерге жүктелетін міндет, ар­­­тылатын жауапкершілік те жоғары болып тұр. Өйткені әлеуметтік желілердің дамуы­мен қа­тар блогерлер де көбейе бастады. Әлеу­меттік желідегі әр адам журналиске ай­­­налды десек те болады. Блогердің жур­на­листика факультетін бі­тіруі, саясаттан ха­бар­дар болуы міндетті емес, дипломын еш­кім тексеріп жатқан жоқ. Алайда қазір со­лар­дың сөзі өтімдірек, сенсация қуып, елді елең еткізіп отырады. Тіпті, қызды-қызды­мен ел арасына іріткі салатындар да пайда болды. Бұл туралы Президенттің өзі жақында «Жал­пы, отбасын асырау үшін табанды ең­бек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құр­метке ие болуы керек. Өкінішке қарай, біз­де көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұр­дай блогерлер және масылдық пиғылмен ай­қай шығаратын адамдар бүгінгі күннің ба­тырына айналды. Депутаттар мен атқару­шы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер со­лардың ғана талабын орындауға жүгіреді», – деді ғой. Қолында бар деректі пайдаланып, «жариялап жіберемін» деп шенеуніктерді боп­салайтын, арандатушылықпен айна­лы­сатын блогерлер де бар. Сосын блогерлермен соттасу, бірдеңе дәлелдеу қиын-ақ. Жазғанын тез өзгертіп, өшіріп, өңін айналдыра салады. Өйткені олардың көпшілігі қоғам алдында жауапкершілікті сезіне бермейді. Мұның бір ұшы журналистикаға зиянын тигізіп, аты­мызға кір келтіріп жүр. Алайда блогердің жур­налист секілді жаза алмайтыны анық. Да­быра мен дүрмекті, арзан мен жылтырақты қуған қоғам ұшпаққа шықпайды. Жур­на­лис­тің сөзі блогердің сөзінен салмақты, жүйе­лі, ойы терең, қаламы қарымды. Қоғам алға жыл­жып дамуы үшін де журналистика ло­ко­мотивке айналуы керек. Тілшілер қауы­мын әлемде «қоғамның санитары» деп бекер айт­пайды. Бүгінгі еліміздегі журналистиканы ая­ғынан тұсап отырған бір мәселе – мем­лекеттік тапсырыс жүйесіндегі келең­сіз­діктер. Билік буындарының шеңберінен шыға алмайтын, тапсырмасын орындаудан аса алмайтын журналистика қалай дамиды? Мемлекеттен қаржы алып, сол қаржысына түрлі тақырып бойынша есеп беріп отыр­ғандықтан, БАҚ билік өкілдерін сынай бер­мейді. Ал сын түзелмей, қоғамның міні қа­лай түзелмек? Осындайда журналистиканың қолжаулыққа айналып бара жатқанына ішің ашиды. Шындығында, мемлекеттік тап­сырыс­тан түсетін қаржы – халықтың ақша­сы, басшылар өз қалтасынан қаржы шы­ға­рып жатқан жоқ. Дәстүрлі БАҚ мемлекеттік тап­сырысты орындаймыз деп «батпаққа ба­тып» жатқанда ойы мен сөзі еркін блогер оз­бағанда қайтеді? Сондықтан осындай тетік­тердің бәрін реттеу керек. Жалпы, қазақ жур­налистикасына бір серпіліс қажет-ақ. Өзім «Егемен Қазақстанда» 27 жыл ең­бек еттім. Шерхан Мұртазаның тұ­сында тілші болып бастап, бас басылым бас­шылығына дейінгі жолдан өттім. Оған дейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде 6 жыл ең­бек еттім. Қанша жерден ресми газет болса да, біздің кезімізде тақырыптарда еркіндік бол­ды. Сол кезде жазған мақалаларымды қа­зір оқысам, таңғаламын. «Осы жазғаным үшін қалай жазаламаған?» дейсің кейде. Ержұман Смайыл тізгінін ұстаған кез­де бас басылым «Егемен Қазақстан» әр сенбі сайын кіші форматпен еркіндеу, өт­кір ұлт мәселесін қозғап шығып жүрді. Мә­селен, 2000 жылғы 26 сәуірдегі «Етжеңдіні» мен же­текшілік етіп шығардым. Ерағаң ара­лас­қан жоқ, ештеңені түзетпейтін. Оның та­­қы­рып­тарын оқып отырып қазір өзім таң­ға­ла­мын. Мәселен, «Осы жұрт әкімдікке неге құ­мар?», «Кедей ел көбеймеу керек пе?», «Қал­­қанымыздың қауқары қандай?», «Соңы­нан сөз ерткен Қарағандыдағы атышулы же­кешелендіру ісіне қатысы бар Нефедов (кезінде облыс басқарған) қызметке қайта орал­ды», «Елуінде ұя бұзған... самайын ақ шал­са да желігі басылмаған еркектер әке де­ген ардақты атқа лайық па?», «Қара жер қарыз өтеуінде кетпесін», «Шымкент оқи­ға­сының (1960 жылдардың соңындағы ми­ли­цияға қарсы көтеріліс) шындығы», «Үш қа­зақ­тың біреуі жат жұртта жүр», «Күшік күйеу кө­бейді», «Журфак көбейгенмен, хабар жаза алатындар азайды», «Билік табалдырығына сүрінген тіл», «Билік пен байлық», «Отанды (билік партиясы) сатқандар опасыз емес», «Ұлтсүйгіштік сезімді ұлықшылдық басып бара жатқандай», «Ұлтшылдардан неге үрік­тік?», «Ұнжырғасы түскен ұлттық мектеп», «Тұсауы кесілген соң (аса ірі нысандар) тұсал­ды». ...Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осының бәрі кіші форматтағы 16-беттік бір нөмірдің көтерген жүгі. Арада қанша жыл өтсе де, маңы­зын жоймаған тақырыптар. Ал енді 1999 жылғы 11 қыркүйектегі өзім жетекшілік еткен кіші пішіндегі сенбілік нөмірге шолу жасайық: «Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?», «Цеснихат па, мәслихат па?», «Бізді кім «христиан» жасамақшы?», «Ми­нистрге сәлем салып өтіңіз немесе Ішкі істер министрлігі жанында жүргізушілерге шектеу қойылуы неліктен?», «Біз жат жұрттан не үй­ренуге тиіспіз?», «Нәлет қамытына айнал­ған несие», «Қазақша сауал қоймауды талап етті», «Қазақтарды қайта қоныстандыру керек», «Қазақ мектептерінде білім сапасы неге төмен?». Міне, А-3 форматындағы 8 бет­тік нөмірдің көтерген жүгі. 1999-2000 жыл­дары Ерағаңның жанында жүріп Жанболат Аупбаев екеуміз кезектесе отырып осындай ұлт үшін қажет, келелі, өткір та­қырыптарды көтеруге үлес қосқанымды үл­кен бір мектеп санаймын. Ержұман Смайыл­дың осы кезеңдегі ерекше еркін, ба­тыл редакторлық қолтаңбасы ғалымдар тара­пынан зерттеліп, өзінің әділ бағасын ала­ды деген сенімдемін. Редактор қандай бол­са, газет сондай. Басылымның бағыт-бағ­дары, тақырыбы, ұстанымы, бас редактордың бітім-болмысын айқын көрсетеді. Оқыр­ман­нан, халықтан ештеңе жасыра алмайсың. Ертелі-кеш бағасын береді. Бердіқұловтың, Мұртазаның, Мағауин­нің, Бейсенбайұлының, Ақдәулеттің ұлттық басылымдардағы сілкінісі, ізденісі ұлт­ты алға сүйреуге септігін тигізді деп ой­лай­­мын. Журналисі жалтақ қоғам ешқашан алға баспайды. Журналисі жауын­гер қоғам ғана өзгерістерге құштар болады, алға жылжиды.
– Дәстүрлі БАҚ-тың бағы неге ашыл­май отыр, газет таралымдары неге ке­міп барады?
– 30 жылдан астам тарихы бар, апта­сы­на 3 рет шығатын «Астана ақшамы» газе­ті­нің жылдық жазылу бағасы 7 мың теңгеге жет­пейді. Бұл қазіргі нарық бағасымен са­лыс­тырсақ, қымбат емес. Осы орайда мем­ле­кет баспахана шығындарына дотация беруі керек. Бұл – әлемде қалыптасқан үрдіс. Дегенмен біздің де еліміздегі өзге басы­лым­дардың да таралымы өспей отырғаны көңіл­ге қаяу түсіреді. Тіпті, біраз басылым жа­бы­лып жатыр. Себебі баспахана қағаз шығынын көтере алмайды. Жарнама жұтаң, насихат жүргізе алмайды. Жаратқан иеміз періштесі арқылы жасы қырыққа толған, сауаты жоқ Мұхаммед пайғамбарға «Оқы» деп талап қоя­ды. «Мен оқу білмеймін ғой» дейді пай­ғамбар. Тағы да оқы деп зекиді періште. Үшін­ші мәрте «Жаратушы раббыңның аты­мен оқы дейді». «Оқы, оқы тағы да оқы!» Қа­сиетті Құран тарихы осылай басталған... Мен мұны неге айтып отырмын? Қазір біз жұртшылыққа газет, кітап оқы деп айтудан қалып барамыз. Газет, жур­налға жазыл, кітапханаға бар деп айтсаң, мәж­бүрлеп жатыр деп шағым айтып, бай­балам салатындар да табылады. Оқыған, көзі ашық адам жаман болушы ма еді!? Ізгілік кітап арқылы, тәрбие арқылы, дәстүр арқы­лы сіңбей ме ұрпақ бойына. «Мәдениеттің мәйегі – кітап» деген Шерхан Мұртаза. Кітап­ханалар жабылса, түрмелер көбейеді деген де тәмсіл бар. Ендеше жаңа заман талабына сай «оқы» деп ешкімді мәжбүрлей алмасақ, ең болмаса қаладағы үлкен жарнама тақ­таларына әлеуметтік мәнін ескеріп, газет пен кітапхананы, театр қойылымдарын наси­хат­тап отырсақ деген ұсыныс бар. Ал газет-журнал оқу мәдениеті – өр­кениеті дамыған, экономикасы тұрақты елдердегі көрсеткіштердің бірі. Бүкіләлемдік газет және жаңалықтар қауымдастығының (WAN-IFRA) мәліметіне жүгінсек, жер шарын­дағы ересек тұрғындардың 40 пайызы күнделікті газет оқу машығынан айныған жоқ. Мысалы, Жапонияда газет-журналдар­дың таралымы азайған емес, жапондық­тар­дың 51 пайызы – күнделікті газеттердің оқыр­маны. Ал таңертең-кешке шығатын «Иомиури» газетінің күнделікті таралымы 10 миллионнан асады. Бұл елдерде газеттерге жа­зылу дәстүрі әлі бар. Финляндия тұрғын­дарының 77 пайызы күнделікті газет-жур­налды, 92 пайызы апталық басылымдарды оқиды, олардың 66 пайызы газет-журналды үйіне жаздырып алады. әлемдік тәжірибеден мәлім жайт, газеттерге жазылу ісі негізі­нен мемлекеттік қолдаудың арқасында жү­зеге асады. АҚШ пен Канадада, Еуропа ел­дерінде газет-журналдарды оқырмандарға та­сымалдау шығындары мемлекеттік бюд­жет есебінен қамтылатын болғандықтан, жа­зылу бағасы әлдеқайда төмен. Дамыған мемлекеттер тіл саясатына құйылған қаржылық шығындарды ұзақмерзімді стратегия деп қана емес, мем­лекеттік даму үдерісіндегі аса маңызды ин­вес­тиция санайды. Ал бұл саясатты жүргізу­дің ең маңызды құралы – мерзімді баспасөз. Сондықтан да Англияда көптеген жыл бойы мер­зімді басылымдарға жазылу үшін төле­нетін пошта алымдары өте төмен деңгейде сақталып, ағылшын газеттері қосымша құн салығынан босатылған. Голландияда әр сту­дент мемлекет есебінен бір журналға бес жыл бойы тегін жазылуға құқылы. Фран­ция­да жастарды газет-журнал оқуға ынта­лан­дыру үшін олардың мерзімді баспасөзге тегін жазылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарлама осыдан он жыл бұрын қабыл­данған. Жалпы, мемлекеттік тіл саясатын мер­зімді баспасөз арқылы жүргізу­дің жарқын мысалы – Франция. Бұл саясат француз тілінің ел ішіндегі және әлемдік деңгейдегі үстемдігін сақтауға бағытталған. Мы­салы, мерзімді баспасөзге жыл сайын бө­лінетін мемлекеттік қолдау жан басына шақ­қанда 61,5 еуродан келеді екен. Бұл сала­ға қомақты қаражат бөлуде Франция Еуро­палық одақ елдерінің ішінде көш бастап тұр: француз тіліндегі деректерге қарағанда, мем­лекеттік бюджеттен мерзімді баспасөзге бөлінетін қаржы жылына 1,4 миллиард еуро­дан асады. Бұл телевидение, радио құрал­дарына берілетін қаражаттан бөлек екенін айту керек. Оның ішінде француз тіліндегі мерзімді баспасөзге жазылуды қолдау үшін ел президенті мен үкіметі сайлауалды шара­ларындағы үгіт-насихат науқанын мер­зімді бас­пасөз арқылы жүргізеді. 2018 жылы Фран­ция газет-журналдарға 260 миллион еуро көлемінде тікелей субсидия берген. Сондай-ақ бұл елде мерзімді баспасөзге са­лынатын қосымша құн салығы 2,1 пайыз деп бекітілген (жалпы ел бойынша 20 пайыз). Мерзімді баспасөзге қолдау білдіретін елдер қатарында Швеция да үлгі бола алады. Бұл елде таралымы шағын, жар­намадан түсімі аз газет-журналдарға арнал­ған тікелей мемлекеттік инвестициялар бар. Мұндай газеттерді жабылып қалудан сақтау үшін олардың жалпы шығынының 20 пайызына дейін мемлекет есебінен жабу механизмі жасалған. Оның үстіне, жаңадан ашылған газет-журналдарға арналған мем­лекеттік дотациялар, жеңілдетілген несие сияқты көмек түрлері бар және барлық мер­зімді басылымдар қосымша құн салы­ғынан босатылған. Бүгінде тұрғын халқы өзін «ең бақытты халық» санайтын мемлекет оқыр­ман саны бойынша басқа елдерден озық тұр. 2014 жылы әрбір 1000 шведке 200 газеттен келетін (2000- жылдары бұл көрсеткіш 400 болған), бұл – швед тіліндегі мерзімді баспасөзге үздіксіз мемлекеттік қамқорлық жасаудың нәтижесі. Бұл елдің дамуында швед ұлтының оқырман ретінде қалыптасуы аса маңызды рөл атқарғаны анық. Басқаша айтқанда, дамыған мемлекеттерде газет-журнал оқу мәдениеті қалыптасқан әрі жо­ғары кәсіби деңгейдегі мерзімді баспасөзді шы­ғару ісі мемлекет тарапынан қамқор­лық­қа алынған, бұған қоса, газет-журнал тарату ісі жолға қойылған.
– Дәстүрлі БАҚ цифрлық техно­ло­гия­ға ілесе алып отыр ма?
– Елімізде жарық көретін газеттердің элек­тронды нұсқасы сайттарда қоса жария­ла­нады. Газеттер оқырман сұранысын зерт­теу­ге, заманның талабынан шығуға тал­пы­нып жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Журналистика институтын сауық­тырмасақ, жандандырмасақ, қоғам алға бас­пайды. «Новая газетаның» бас редакторы Дмитрий Муратов Нобель сыйлығын алған кезде сөйлеген сөзінде түркі халқының «ит үреді, керуен көшеді» деген мақалын айтты. Біз осы мақалды иттер үре берсін, біз назар аудармай алға жылжи береміз деп түсінеміз. Алайда Диманың айтуынша, оның мағынасы мүлдем бөлек екен. Ит үнемі үру арқылы керуенді ит-құстан, жыртқыштардан сақ­тан­дырып, ескертіп отырады екен. Жол тазарған кез­де барып керуен жүреді. Қоғамды алға сүй­рейтін, ит секілді үріп, кемшіліктің бәрін қо­ғамда бірінші болып айтатын, керуеннің жо­лын тазалайтын –журналистер. «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, ау­зын­да болу бұл өзі сыздаған барлық жара­ның» деп ұлы шайыр Айбергенов тек ақын­дарды емес, ақынжанды журналистерді жыр­лаған деп ойлаймын.
– Бүгінде саяси, экономикалық са­рап­тама, зерттеу мақалалар аз. Бұған не себеп?
– Оның себебі журналистикадағы маман даярлау сапасының төмендігі дер едім. Қазір барлық өңір база, ұстаздар әлсіз болса да, жур­­­налистер даярлайды. Бір ғана мысал ай­тайын, біздің курстан екі ақпарат министрі, еліміздегі жетекші басылымдардың ондаған редакторы шықты. Ол кезде сапалы білім бері­летін, бізге экономика тақырыбын үйре­туге Нархоздан келген профессорлар сабақ бер­ді. Білімнің негізі дұрыс қаланба­ған­дық­тан, тақырыпты зерттеу жағы кемшін түсіп, жур­налистер терең бойламайды, бос сөзге ұры­нады. Сосын әр нәрсенің басын бір ша­лып, әр сайттан бір қарап, сараптама жасаған бо­лады. Тақырыпты терең зерттеу универ­си­тетте оқып жүргенде басталуы керек. Құқық, заң, қаржы, банк саласын жазатын жур­налистер саусақпен санарлық. Жур­на­листиканың тоқырауға ұшырап жатқа­ны­ның бір себебі олардың дұрыс маманданбауы, екін­шісі – мемлекеттік тапсырыс тетігін же­тілдірмеу. Осындай кемшіліктер қоғам­дағы журналистика институтының беделін тү­сіріп отыр.
– Бүгінгі журналистиканың артық­шы­лығы мен кемшілігін саралап айтып бер­сеңіз?
– Қазақ журналистикасының бұрыннан ке­ле жатқан кемшілігі – көпсөзділік. Екін- ші – көтеріп отырған мәселеде шетелдік тә­жі­ри­­бені ескермеуі, мән бермеуі. Өзімізде бар мәселені жазады да қоя салады. Күн тәр­тібінен түспейтін, жаза-жаза жауыр болған тақырыптар бар. 30 жыл бойы министр неге қазақша сөйлей алмайды деп жүргенде қазақ мек­тебіндегі балаларымыз үйде, түзде орыс­ша сайрайтын болды. Аулада қазақша ес­тімейсің. Мұны біздің газет бірнеше рет кө­­терді. Ал министрді қазақша сөйлету оп-оңай. Қазақша сайрап тұрған өзге ұлт өкілі – отан­дасымызды министр қою керек. Ұлтына емес, тіліне, тілегіне қарайық. Біз тілді айтып зарлап жүргенде, ше­кара­лық аймақтар елсіз қалды, сол­түс­тік өңір халқы сиреп барады, солтүстікке көш малтығуда, жас отаудың екеуінің бірі ажырасатын халге жетті, осыны газетте айт­пай қайда айтасың? Газет ұлттың өзімен-өзі ақылдасатын, пікірлесетін мінбері сияқты. Біздің бір артықшылығымыз – орыс журналистикасында не болып жат­қа­нын оқи аламыз. Олар бізді оқи алмайды. Өзім Мәскеуде шығатын газеттерді қарап оты­ра­мын, ағылшын тіліндегі басылым­дар­дың орысша нұсқасы бар.
– Осы заманның озық журналисі қан­дай болуы керек?
– Бізде руханият, мәдениет туралы жаза­тындар көп-ақ. Осы заман журналисі бір ғана қазақ тілімен шектеліп қалмауы керек. Шетелде не болып жатқанын біліп отыруы тиіс. Өзі жазатын саланың жілігін шағып, майын ішкен бесаспап болсақ, қанеки. Құ­қық саласын жазса, прокурорды жаңылыс­тыратындай, экономиканы жазса, экономи­ка министрімен пікір таластыра алатындай болса дұрыс қой.
– Бүгінгі заман талабына сай жур­на­лис­тика мамандарын даярлаудың ал­ғы­шарты қандай?
– Бұрын ЖОО-да 2-3 жыл сауаттылыққа үйрететін. Журналист алдымен жазу сауат­тылығын үйренген соң барып мамандануы ке­рек. Әлеуметтік желіде ұлттың тілі тү­зел­мейді, оның қайнары – мерзімді басылым. Жур­налистиканы кәсіп деп те айта алмай­мын. Журналистиканы үздік бітіріп, газетке ке­ліп жақсы журналист болып кете алмай­тындар көп. Өйткені журналистика дегеніміз өмір салты. Жақсы журналист болып қалып­тасуға мінез де әсер етеді. Төмен қарап бұйы­ғып жүре берсең, ешқандай тақырып қы­зықтырмаса, өмірге құштарлығың болмаса, жақсы журналист бола алмайсың. Өзіне көңі­лі толмайтын, әрдайым дамып отыра­тын адам ғана алға жылжиды. Әр журналист жауынгер болса, қоғам да алға жылжыр еді. Сон­дықтан журналистиканы қолдау керек, кемшін тұсын жөндеу керек. Жер-жерден ашылған журналистика факультеттерін қыс­қартқан дұрыс. Ондай оқу орындарында тіпті аудандық газетте істемеген адам қалай са­бақ береді? Одан шыққан маман қандай бола­ды? Қазір кім көрінгенді қолдан журна­лист жасап, ол шала-пұла болғаннан кейін мамандықтың да қадірін түсіріп жіберді.
– Бүгінгі оқырманға не қызық?
– Бұрын газеттерде «Оқырман хаттары» дей­тін бөлім болатын. Оқырман хатты қолмен жазатын, біз жауап беретінбіз. Өң­деп, ішінен жарамдысын газетке салатынбыз. Қазір ешкім хат жазбайды. Алайда әлеуметтік желіде мақалаларымызды бөлісіп отырамыз. Астындағы жақсы пікірлерді кейде газетке де береміз. Бұл – кері байланыстың бір түрі. Сөзіңнің далаға кетпегені қандай жақсы...
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ