«Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез жетті

1 түйе сатып алып, оны 5 мың басқа жеткізген белгілі кәсіпкер Сыдық Дәулетовтің бай­­ламынша, мына алмағайып заманда Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға бет бұруы керек.

Түйе қорада туған бала
Кейіпкеріміздің дүниеге келу тарихы да қызық. Әкесі Әбу – Ақтөбенің Байғанин ауданында туған қа­зақ. Ала­сапыран заманда Бесқалаға ауған. Нөкіс қаласының маңындағы «Қызкеткен» деген шағын ауылға орныққан. «Қызкеткен» — өзен аты. Аты айтып тұрғандай, ағысы мол, тентек өзен. Ертеректе бір қыз суға кетіп қалып, со­лай аталса керек.
Әбу ағамыз Қарагөз есімді бойжеткенмен бас қо­­сады. Аралары –19 жас. Қарагөз — Кегейлі ауда­нының перзенті. Төлеген Айбергенов: «Кегейлім, жер­дің еркесі, Жас жаным толқып тұр менің. Бердақтың сүйген өлкесі, Әжинияз жазған жыр ма едің?» деп өлең ар­наған киелі өңір.
Сыдық — Әбу мен Қарагөзден туған 6 баланың кенжесі. Бір қызығы, оны шешесі түйе қорада бо­саныпты. Үйді ғана емес, қора-қопсыны да таза ұстай­тын дегдар адам екен. Толғақ мезгілі келіп қалғанын біліп, келген қонақтардың мазасын алмай, үй ішін­дегі­лерге: «Ал шайларыңды қойып, дайындала берің­дер…», –  деп түйе қораға беттеген. Шар етіп дүниеге келген сәби­дің кіндігін әкесі кесіпті. Шешесінің көйлегіне орап, түйе жабуының үстіне жатқызған. «Осы күні ойлап қарасам, дүниеге келген сәтімнен бастап-ақ өмірім түйе­мен байланысты болған екен ғой…» деп күледі кейіп­керіміз.
Расында да, көзін ашып көргені – түйеге қатысты дүниелер еді. Шешесі түйе сауатын, әкесі ботасын жіберіп, қарап тұратын. Бұлар шешесі сауып бола сала тура шелекке бас салатын. Буы бұрқырап тұрған сүтті іш­кенде бойына қуат дарығандай, құлдыраңдай жө­нелу­ші еді. Ешқандай ауру жоламайтын. «Шынтайлағым» дейтін шешесі еркелетіп. Мектептен келе салып түйе бағатын. Бота, тайлақпен бірге өсті. Мектеп бітіргесін Нөкістегі автожол тех­­­никумына түсті. Әскерге алынып, ра­дист мамандығын меңгерді. Әскерден кел­ген соң Шәрипа есімді сұлумен бас қосты. Ал­­­ғашқы балалары дүниеге келді.
80-жылдардың аяғы, 90-жылдардың ба­сын­да Бесқала қазақтары Қазақстанға қарай қо­ныс аудара бастады. Көштің басы негізінен Ал­матыға бұрылды. 1990 жылы бұлар да көш­ті. Алматы маңындағы «Жандосов» атындағы кең­шардан шағын үй алды. Қаскелеңдегі бір ме­кемеге мамандығы бойынша жұмысқа тұр­ды.
Келесі жылы еліміз Тәуелсіздік алды. Бұ­лар қатты қуанды. Бірақ бірте-бірте жан-жағы әбден қуырыла бастады. Бір күні жұ­мысынан қысқартуға ілікті. Не істеу керек? Қо­лында әке-шеше, бала-шаға бар. Әке-ше­ше­ге қиналғанын білдірмеуі керек. Шәрипа екеуі ақылдасты. Қалада әйгілі барахолка бар. Тір­ші­лік қайнап жатыр. Сонда жұмыс іс­тей­тіндерге, сірә, тамақ керек қой. Шәрипаның қо­­лынан бал тамады. Соны неге пай­далан­бас­қа? Екеуі түнімен мәнті түйетін. Таң атпай, оны барахолкаға жеткізеді. Тұрақты клиент­тері бар. Ептеп тиын-тебен құрала бастады. Бірақ…
Әке-шешенің қабағында кірбің бар еді. Әсіресе, әкесінің мазасы болмады. «Бұл Ал­матыңда бәрі жақсы, тек түйе жоғы жаман екен…» дейтін. Түйенің сүтін қатқан шай іш­пе­­гесін бәрі бекер ғой. Сиыр сүтін аузына ал­­ған емес. «Одан да сүтсіз қара шайым ар­тық…». Осы сөз арқасына аяздай бататын. Бас­­қа амалы жоқ, тиын-тебенін жинай бере­тін…
Сол тұста Қарақалпақстаннан Әбіш де­ген ақсақал көшіп келді. Өте дәулетті кісі еді. Түйе, жылқы, сиырларын 4 вагонға тиеп әкеліпті. Бұл түйіншектегі ақшасы кө­бей­ген сайын сол ақсақалдың үй жағына қа­рап қойып жүретін. Екі жыл дегенде реті кел­ді-ау. Жиған-тергеніне Әбіш ақсақалдың қы­зына еншіге берген сары маясын ұрғашы бо­тасымен бірге сатып алды. Сол күні әке-ше­ше­нің қуанғанын көруге көз керек. Әсіресе, әке­сі жүрегі жарыла қуанды. Қорадан шық­пай­ды. Түйені баладай мәпелейді. Шешесі сау­ғанда, әкесі қасында тұрады. Шешесі шұбат ашы­тады. Шіркін, ол ашытқан шұбаттың дәмі қан­дай? Шұбат — иесінің ықыласын бойына сіңі­­ретін дәм. Байқасаңыз, жаңбыр жауып тұр­ғанда түйенің сүті сұйылып кетеді. Ал күн жар­қырап тұрғанда шұбат та көпіршіп, әдемі түс­ке енеді. Кішкентайында шешесі бұларға ағаш кесеге шұбат құйып беріп, «Күнге қарап тұрып ішіңдер…» дейтін. Сол кезде түйенің же­ген бүкіл шөбінің исі бұрқырап, шұбатты ерек­ше дәмді ғып жіберетін.
Бұл — 1995 жыл еді. Келесі 1996 жылдың нау­рызында, наурызкөжесін ішіп, ел-жұр­тымен қоштасып, әке дүниеден озды. Үзі­лер шағында Сыдықты қасына шақырып алып: «Балам, біз қарақалпақ елінде тұрғанда үш-төрт түйемен сендерді бақтық, қақтық, ке­мелге жеткіздік. Сен де енді мына түйеден айы­рылып қалма. Балаларыңның аузын ақтан үз­бе» деп батасын берді. Бата ғана емес, өсиеті сы­қылды еді.

«Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез жетті

Бастау
Шұбат сұрап келушілер көп еді. Көр­ші­лер келетін. Кейде әкімдіктегілер адам жібереді: «Қонақ кеп қап еді…». Өзі көңіл­шек адам, біреуіне беріп, екіншісіне жетпей қал­са, қатты қысылатын. Бір түйенің сүті не бол­сын? Тағы да түйе сатып алды. Бірнеше түйе болғасын тағы бір проблема шықты. Бірін­шіден, 6 сотық жерге сыйуы қиын, екін­шіден, бұл жарықтықтар біреудің қорасына сүйкенеді, мойнын созып, біреудің гүлін жейді. Көршілер ондайда бір дүрлігіп бас­ы­лады. Сол кезде Сыдыққа түйе шаруашылығын ашу туралы ой келді. Қарасай ауданы әкім­дігіне барып еді, олар құптамады. Жамбыл ау­­­даны әкімдігі де сөзін жүре тыңдады. Енді Іле ауданына барды. Аудан әкімі Николай Ло­гутов бұны мұқият тыңдап, бұрынғы Күрті ауданының орталығы болған Ақши ауылының маңындағы Бозой, Айдарлы деген жерден 12 мың гектар жерді 10 жылға жалға беру жө­нін­де қаулы шығартып берді. Бұл 20 мың гектар жер сұрап еді. «Соншама көп жер неге керек?» де­ген әкім таңғалып. «Ертең бір түйем мың түйе болады, сонда қайда сыйғызамын?» деді бұл. Әкім күліп жіберді. Сенбегені анық. Бірақ бұл шын көңілімен айтып еді. Аузына Құдай сал­ған шығар, әйтпесе қорасында екі-үш түйе­сі бар, қалтасында көк тиын ақшасы жоқ адам айтатын сөз емес қой.
Сонымен, түйесін жетектеп, Ақшиге тартты. Бір кезде аудан орталығы бол­ған ауыл әбден тозған екен. Күші барлар қа­лаға қоныс аударған. Аудан орталығы мәр­те­бесі­нен айырылған 3 жылдың ішінде 9 мың­нан 3 мың адам ғана қалыпты. «Е, Алла, — деді Сы­дық сонда Ақшидің топырағын басып тұ­рып тебіреніп, — егер, бір наным екеу болса, осы ауылды көтеремін!». «Қаладан үй сатып ала­мын…», «Қымбат көлік мінемін…» деген жоқ…
Бұған тиесілі жер Ақшиден 15-16 ша­қы­рым жерде екен. Айдала. Бірақ түйе бағуға таптырмас жер екенін бірден аңғарды. Алдымен сым темірден түйе тұратын қора жа­сады. Төбесін қытайдың палаткасымен қал­қалады. Енді өздері тұратын баспана керек қой. Үй тұрғызып алуға қаржы жоқ. Ақшиден қа­тынауға тағы болмайды, түйеңді жетелеп кетуі мүмкін. Сосын тәуекел деп үлкен ғып жер­төле қазды. Екі жыл сонда паналады. Жаз­да киіз үй тігіп, сонда отыратын. Балдызы Мәлік пен келіні Тамара бұлармен бірге болды. Бала-шаға шешесінің қолында қалды. Таңғы 5-те тұрып от жағатын. Шешініп ұйықтау де­генді ұмытты, киімшең қисая кететін. Ауыл­дардың өзінде жарық жоқ заман ғой, бұлар шыра жағатын. Кейде ол да болмай қалады. Бірақ көкірегінде сенім бар еді.
Алғашқы үш жыл босқа өтті. Өсу, даму бол­ған жоқ. Өйткені қаржы жоқ еді. Банктер жо­латпайтын. Ақыры болмаған соң 2004 жы­лы ағайын-туыстың үйін кепілге қойып, 19 пайызбен несие алды. 50 мың АҚШ дол­лары. Ақшаны белге байлап алып, түйе іздеуге шықты. Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, сол жақтардан Шымкент маңына көшіп келген ағайындардан сол жылы 80 боталы түйе сатып алды. Бір қызығы, сол кезде ең қадірсіз мал түйе еді. Ешкімге керегі жоқ, арзанға тү­седі. Енді қора-қопсыны реттеді. Сүт сатуға шық­ты. Сол кезде Қаскелеңнен үй сатып ал­ған, сонда әкеліп сататын. Қазіргідей пластик бө­телкелер қаптап жатқан кез емес, әрбір ыдыс­тың құны бар. Кез келген үйдің есігін қа­ғады. Шұбат алатындар аз. «Жарайды, алайын…» деп үйіне беттеген әйелдің қолын­дағы ыдысқа қарайтын. Бір литрлік банкі болса, көңілі түсіп кетеді, егер 3 литрлік банкі ұстап шықса, Құдайдың бергені. Түскен ақ­шаға балалардың шай-қантын қалдырып, қал­ғанына жем сатып алатын. Қазір сол күн­дер есіне түссе, соншама күш-жігерді қайдан ал­ғанына таңғалады.
Егер сол кезде ауыл шаруашылығына дәл қазіргідей қолдау болса, бұл да еңсесін тез тіктер еді. Біраз уақыты банктің үстемесі көп несиесін қайтарумен өтті. Бірақ сол не­сиенің арқасында шаруасы оңға басты. Бүгінде түйесі 5 мың басқа жетті. 200 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Дені — 25 пен 35 жастың ара­сындағы жастар. Орташа айлық жалақысы — 200 мың теңге. Шаруасы түзеле бастағанда, баяғы уәдесін ұмытқан жоқ. «Аруақ аттаған оңбас» деп, әуелі жергілікті халық ерекше қадірлейтін Белағаш Ақұлы әулиенің басына тү­нек үй орнатты, ескерткішін тұрғызды. Бір аң­ғарғаны, ауылда той өткізетін жер жоқ екен, 300 орындық тойхана ашты. 100 орындық ба­лабақша мен азық-түлік дүкенін, фото­са­лонды іске қосты. 100 орындық түйе сүтімен ем­дейтін оңалту шипажайын ашты.
Дәулеті бар адам малынан зекет беруге тиіс. Дінге сенетін Сыдық осы жолды қат­ты ұстанады. Осы 20 жылдың ішінде осы зе­кет есебінен 12 отбасына үй алып берді. Ауыл­дағы мешітті ұстау да өз міндеті деп біле­ді.

Өрлеу
2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында шығыстағы көршіге құрғақ түйе сүтін экс­порттау туралы келісімге қол қойды. Бұл «Дәу­­лет-Бекет» ЖШС үшін ғаламат мүм­кін­діктерге жол ашты. Өйткені ішкі нарық пен сыртқы нарықтағы баға мүлде бөлек. Екін­шіден, құрғақ сүт өндіру әлемдік тәжірибеде бар нәрсе, бірақ Қазақстан үшін оны өткізетін нарық болмағандықтан, тиімсіз болып келген еді. Сыдық Әбуұлы енді бұл іске белсене кіріс­ті. 1 миллиард теңге инвестиция салып, Ақ­ши­ден құрғақ түйе сүтін шығаратын шағын зауыт салды. Ол 2021 жылы желтоқсан айын­да іске қосылды. Қазір Қытайдың Бейжің, Чэн­ду қалаларына дайын өнімді экспорттай бас­тады. Енді ақша шетелдік валютамен тү­сетін болды.
Айта кету керек, құрғақ сүт өнімін әзірлеу қа­заққа әсте жат дүние емес. Керісінше құрт, ірім­шік, малта әзірлеп, тұтынып келген ұлт үшін етене тірлік. Әрине, жаңа техно­логия­ларды пайдалану керек. Сыдық зауытқа Қытай құрылғыларын орнатты. Айына 15 тонна сүтті кептіреді. 1 тонна сүтті кептірсеңіз, 100 келі. Сақ­тау мерзімі — 2 жыл. Әлемнің кез келген түк­піріне жөнелтуге болады. Әзірге әлемді қоя тұрайық, іргемізде Қытайдың алып нарығы жа­тыр. «Дәулет-Бекеттің» айына шығаратын 15 тоннасын місе тұтар емес. 50 тонна керек дей­ді. 100 тонна шығарса да талап әкетпек.
Ішкі нарықта сұраныс аз, баға төмен еді. Ең аз дегенде, 16,5 пайызбен берілетін не­сиені қайтару да біраз діңкелететін. Оның үс­тіне, жұмысшыларға жалақы беру керек. Ал сыртқы рынокқа шыққан соң жағдай мүлде өзгер­ді. Мұнда сұраныс та, баға да жоғары. Енді несие алудың керегі жоқ. Есесіне тапқан ақшасын мал алуға жұмсайды. Иә, Сыдық Дәулетов, Құдай қаласа, алдағы екі-үш жылда түйе санын 15 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Сонда әлгі қытайлықтар сұрап отырған 50 тоннаны тауып бере алмаса да, соған жа­қындайды. 5 мың түйенің сүтінен айына 15 тонна құрғақ сүт әзірлесе, 15 мың түйеден 45 тон­на шықпай ма? Әрине, өнімнің барлығын шет­елге асыруды ойлап отырған бұл жоқ. 50 пайызы шетел асса, 50 пайызы Қазақстан халқының игілігіне жұмсалмақ. Қазір елі­міздің 168 дүкенінде «Дәулет-Бекеттің» шұ­ба­ты мен қымызы сатылады.
Айтпақшы, Дубайға қоныс тепкен, түйе сүтінен жасалған шоколад жасап, әлемнің барлық еліне сатып отырған бір аустриялық ком­пания қазір Сыдық Дәулетовке бірге жұмыс істеу жөнінде ұсыныс жасап жүр. Бұл ыңғай білдірсе бітті, инвестиция салуға әзір. Бұрын құрғақ түйе сүтін шығаратын зауытты да бірге салғысы келіп еді. Мемлекет басшы­сының Қытайға жасаған сапарынан кейін 20 жылдан бергі арманы орындалып, еркін қи­мылдай бастаған бұл «ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көрді. Расында да, өзінің ша­ма­сы келіп тұрған жерге өзгені қатыстырудың қажеті қанша?
Аустриялық компанияның «Дәулет-Бе­кетке» қайта-қайта келгіштеп жүргені бекер емес. Өйткені, қазақ түйесі сүтінің құнары бө­лек. 68 түрлі шөп өсетін Іле ауданында жайы­лып жүрген Ойсылқараның тұқымы мен таң­дап жейтін шөбі жоқ, қолмен қоректен­дірі­летін араб түйелерінің сүтін тіпті салыс­тыруға келмейді. Бірақ, бизнесте ең бірінші, өз мүддең жоғары тұруы керек. Дәл қазір іргедегі Қытайдың алып нарығының сұранысына сай жеткізе алмай жатқан сүтті тағы бөліп ауст­рия­лық компанияға берген тиімді ме? Әрине, жоқ. Сосын түйе сүтінен жасалатын өнімдерді неге өзімізде шығармасқа? Оған әбден мүм­кін­дік бар. Қазірдің өзінде «Дәулет-Бекет» шы­ғаратын балмұздақты жұрт пышақүсті үлестіріп әкетеді.
Елімізде түйенің екі түрі бар. Біріншісі, ар­ғы жағы түрікменнен келген жалғыз өр­кешті аруана. 10 литрге дейін сүт береді. Бір­ақ майлылығы аз, жазда 3,5, қыста 4,5 пайыз шамасында. Екіншісі, қос өркешті қа­зақы түйе. Оның сүті аз. Маңдайы 5 литр сүт береді. Негізінен, 2-3 литрден аспайды. Есесіне, май­лылығы жоғары — 7-8 пайыз шамасында. Бұл — әлемдік стандартқа сай көрсеткіш. Қа­зір «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің 5 мың түйесінің 4 мыңы жалғыз өркешті түйе. Ендігі сатып алатыны қос өркешті түйе болмақ. Іске сәт!

Түйе санын көбейту керек!
Сыдық ағаның айтуынша, 1906 жылғы санақта қазақ даласында 1 млн 200 мың түйе болған екен. 1991 жылғы санақта 50 мың түйе ғана қалған. Тәуелсіздік алған 30 жыл­да 150 мыңнан асыпты. Бұл аз. Өте аз!
Кейіпкеріміз түйе сүтін «ақ алтын» деп атайды. Оның пікірінше, Қазақстан эко­номикасын көтерген «қара алтын» – мұ­найға өкпе жоқ, бірақ жерасты байлығының да таусылатын күні болады. Сосын эконо­ми­каның бір ғана саласына иек артып отыруға болмайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Қазір дүние жүзінде азық-түлік тапшылығы байқалады. Оның үстіне, әлем халқы қазір қос­пасы жоқ таза өнімдерге зәру. Ендеше бізде ауыл шаруашылығын дамыту керек қой. Мы­салы, түйе басын 1 миллион болмаса да, 500 мыңға жеткізуге не кедергі? Іргеде Қытайдың алып нарығы тұр. Сондықтан «қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін уақыт жетті. Тек қана түйе шаруашылығы емес, төрт түлікке қатар мән беру керек.
Оның үстіне, мал шаруашылығы – таза бизнес. Экологияны құртпайды. Бұл – бір. Екіншіден, таза өнім тұтынса, ұрпағы­мыз­дың да денсаулығы мықты болмақ. Үшін­ші­ден, экспортқа шығарсақ, қып-қызыл пайда.
Рас, түйе өсіру оңай емес. Екі жылда бір боталайды. Алғашқы ботасын 4-5 жа­сын­да туады. Түйе бағуға темірдей шыдам ке­рек. Қазір Сыдыққа қарап бой түзеп, 50, 100 түйе бағатын шаруашылықтар пайда болды. Солар­ға мемлекет тарапынан көмек болса, кә­дім­гідей ынталанар еді. Мысалы, 2011 жыл­дан бері түйе сүтіне субсидия береді. Етіне, жүніне берілген емес. Рас, Үкімет соңғы жыл­дары құрғақшылыққа байланысты жем-шөпке аз-маз тиын-тебен бөлді. Қазіргідей ақша ар­тылған кезде ғана субсидия бермей, бұл са­лаға сәл жанашырлықпен қараса, шаруа дөңгеленіп кетейін-ақ деп тұр.
Осы ретте шетелдің кәсіпкерлері ба­қыт­ты. Өткенде неміс кәсіпкерлері «Дәулет-Бекетке» арнайы келді. Сол кезде Гер­манияның Қазақстандағы елшілігі бұларға тыным таптырған жоқ. «Келе жатыр…» деп бір ха­барласты, «Кеп қалды…» деп бір қоңырау ша­­лады, әйтеуір мігір жоқ. Келген мей­ман­дар­дың ішінде ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің хатшысы, ветеринария жағынан, малдың құқығын қорғайтын ұйымнан арнайы өкілдер келген. Оларды Германияның Қазақстандағы елшілігінің арнайы маманы «жетелеп» жүр. Немістер малдың денсаулығына, күйзеліске түс­пеуіне қатты мән береді екен. «Дәулет-Бе­кеттің» бүкіл жұмысына жіті назар аударды. Таңер­тең сауып алынғаннан кейін, түске дейін ботасының бірге жайылып, кешке де бір мез­гіл бірге жайылатынын көріп қатты риза бол­ды. Яғни, малда күйзеліс жоқ. Табиғи жол­мен иіп, аппаратпен сауып алынады. Зауыттың тіршілігімен де танысып, мұнда жұмыстың әбден жолға қойылғанына көзі жеткесін тізе қосып істеуге бел байлап отыр. Сырт елдің ма­ман­дары осылай шұқшиып, мән беріп жат­қанда, өзіміздің Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің бірде-бір өкілі 20 жыл ішінде бұнда бір рет те ат ізін салмағанын айтудың өзі ұят…

Пір Бекеттен бала Бекетке дейін
Сыдық ағаның ЖШС-нің атын «Дәулет-Бекет» деп қоюы бекер емес. Кәсіп-
кер – атақты Бекет әулиенің жетінші ұрпағы. Даң­қты бабасының түсінде ылғи жол сіл­тей­тіні – бөлек әңгіме…
Ол өзінің бүгінгідей дәрежеге жеткенін басқа мал емес, дәл түйе баққанымен байланыстырады. Өйткені, өзінің айтуынша, ол – өте көңілшек адам. Егер жылқы не сиыр не­месе қой бақса, сұраған адамға беріп, мал басы өспес еді. Ал, 90-жылдарда, тіпті бертінге дейін, Қазақстанда, әсіресе, Алматы жағында түйе ешкімге керегі жоқ мал болды. Оның сү­тіне, етіне қызыққан адам бола қойған жоқ. Соның арқасында мал басы өсті. Осы күні боз­бала шағында әкесі қанша айтса да, түйе бағу­дан қашып, басқа мамандықты игеруге талпынғаны еске түссе, күледі. Маңдайдағы жазу­дан аса алмайды екен ғой адам. Оның мис­сиясы — түйе шаруашылығын дамыту екен. «Мен өзі түйе сияқты асықпайтын, тө­зім­ді адаммын», – дейді ағамыз ағынан жары­лып.
Бір кездері күллі Қазақстанды түйеге тол­тыруды армандап еді. Нақты жос­пар­лары болған. Бір баласын елорда жаққа аттандырғандағы мақсаты да сол еді. Өкінішке қарай, ол ұлы жол апатынан қаза тапты. Сол кез­де дүние тоқтап қалғандай күй кешкен. Еш­теңе керек болмай қалып еді. Етбеттеп жата беретін. Сол кезде Серік Үмбетов, Өмірзақ Озған­баев секілді ел ағалары қасында болып, қол­дау көрсетті. Зайыбы Шәрипа да еңсесін тік­теу үшін ұлы іске тәуекел етті. Алланың бер­гені ғой, 56 жасында ұл тапты. Қатты қуан­ған бұл сәбидің есімін Бекет қойды. Тәубеге ке­ліп, шүкіршілік айтты. Белін буып, жұмы­сына қайта кірісті.

«Қара алтыннан» «ақ алтынға» өтетін кез жетті

Аруана – бауыр дүние
Түйе — киелі жануар. «Аруана жаудың қо­лына түссе, ботасын шайнап өлтіріп, Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп. Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен, Омырауын шерге тол­тырып…», – дейді Төлеген Айбергенов «Аруа­на – бауыр дүние» атты өлеңінде. Дәл осы жайт­ты біздің кейіпкеріміз көзімен көрді. Түрік­менстаннан әкелген аруананың қайта-қайта қоршаудағы ботасына мойнын созып жүр­генін байқап, шаруадағы жігіттерге мық­тап тапсырған. Ақыры ботасын ертіп кете ал­­­майтынына көзі жеткен аруана оны шайнап өл­тіріп, Түрікменстанды бетке алыпты. Мойын­құмның маңынан ұстап әкелді…
Сәкеңнің ойынша, жарықтық түйенің осы қасиеті бар қазақтың бойынан та­былуға тиіс. Жердің бетіндегі қазақтың бәрі Қа­зақстанға ағылуы керек. Осында іс ұйым­дастыруы қажет. Қазақстанның түтіні түзу ұшса, қазақтың да жағдайы дұрыс болады. Әсіре­се, тапқанын сыртқа асырғандар осында кә­сіп көзін ашса, өзінің де ұйқысы тыныш бо­лып, біраз адамға жұмыс тауып берер еді.
– Адам қай жаста да іс бастаудан қашпауы ке­рек, — дейді ол. — Мен отыздың дәл орта­сын­да осы шаруаны қолға алдым. Өзім бөтен елден келген адаммын. Аға-көке болған жоқ. Не­сие алып, қолымнан келген шаруаны дөң­геленттім. Алғашқы он жылда көмекке қатты зәру болдым. Мені ешқандай БАҚ насихаттаған жоқ. Ал сол кезде ол маған ауадай керек еді. Қазір маған Үкіметтің қолдауы керек емес, ең бас­тысы, кедергі келтірмесе болды. Ал кәсібін жаңа бастағандардың қолтығынан мемлекет демеуі керек. Кейін олар оның сүйеніші, тірегі болады.
Бұл кісі бәсекелестіктен қорықпайды. Кері­сінше, дәл түйе шаруашылығында көптеген кәсіпкердің шыққанын қалайды. Өйткені таласып-тармасатын ештеңе жоқ. Ішкі нарықты да, сыртқы нарықты да игеру үшін бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз керек. 60-қа келіп қалған бұл осындай шаруа істеп жатқанда, жастар неге ұмтылмауы керек? Он Сыдық, жүз Сыдық керек бұл іске!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button