Әлемді дағдарыстың шеңгелі бүріп барады

Әлемді дағдарыстың шеңгелі бүріп барады

Әлемді дағдарыстың шеңгелі бүріп барады
ашық дереккөзі
Ресей – Украина арасында шиеленіс басталып, геосаяси ахуал ушыққаннан кейін БҰҰ әлемде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Қымбатшылық әлем бойынша байқалып отыр. Бізде де қымбатшылық пен тапшылық мәселесі қатар аталып, «алда азық-түлік қат болады» деген ел ішіндегі түрлі болжамның шеті шықты. Жыл басында елімізде 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қабылданған болатын. Ресей азық-түлік экспортына салынған тыйымдарды біртіндеп ала бастады. Ал Ресейден бізге экспортталатын азық-түлік 50 пайыздан асқан. Бұл басқасын былай қойғанда, әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлікпен өз-өзімізді қамтуға қауқарсызбыз дегенді білдіре ме? Ахуал алаңдатады Жаһандық азық-түлік дағдарысы күшейе түскені туралы Біріккен Ұлт­тар Ұйымы жыл басында, Ресей – Украи­­­на арақатынасы шиеленіспей тұрып-ақ мәлімдеген болатын. Азық-түлік баға­сының күрт қымбаттап кеткені де сол кезден бері айтыла бастады. 2021 жылы да бұл мәселе бірнеше рет көтерілген екен. БҰҰ-ның Азық-түлік агенттігінің дере­гіне сүйенсек, биылғы ақпанда азық-тү­лік­тің әлемдік бағасы 20,7 пайызға қым­бат­таған. Мұны ұйым кей елдердің белгілі бір азық-түлік тауарлары экспортына шек­теу қойып, азық-түлік қорын өз елінде сақ­тап қалуға тырысуымен байланыстыра тү­сіндірген еді. Мәселен, сол кезде Ин­до­незия пальма майы экспортына шектеу қойған. Сөйтіп, оның бағасы 50 пайызға қым­баттады. Ал пальма майы – әлемдегі ең көп қолданылатын, печенье, маргарин, кір жуатын ұнтақ пен шоколад өндірісінде пайдаланылатын өсімдік майы. Сәй­ке­сін­ше, тізбекті реакция – аталған тауар­лар­дың бағасы да өскен. Тура сол кезде Ресей мен Украина арасында қақтығыс баста­лып, бұл оқиға әлемдік астық өндірісіне, азық-түлік майларын жеткізуге және тыңайт­қыштар экспортына қауіп төндіре­тіні алдын ала болжанған болатын. Яғни, бұл жағдай экспортқа, логис­ти­каға, сәйкесінше азық-түлік дағ­­дарысы мен бағасына байланысты бұрыннан бар мәселелерді тіптен ушық­тырды. Коронавирус пандемиясынан кейін шатқаяқтаған әлем эконо­ми­ка­сының ахуалы күрделене түсіп, инфляция деңгейі өсті. Көп ұзамай, Ресей өзіне салынған санкцияларға жауап ретінде санк­циялар пакетін жариялады. Одан бөлек, наурыз айының ортасында өз ішіндегі қауіпсіздік үшін 31 тамызға дейін ЕАЭО ел­деріне кей азық-түлік тауарларын экс­порттауға да тыйым салған еді. Қант тап­шы­лығы, кей тауарлардың бағасының одан сайын өсуі осы кезде басталған бола­тын. Себебі біздің нарық импортқа, со­ның ішінде Ресейден келетін тауарларға ай­­­тарлықтай тәуелді. Қазір көрші ел бір­тіндеп шектеулерді алып тастап жатыр. Деген­мен бұл аспандап кеткен бағаны тежей ала ма, жоқ па, ол жағы беймәлім бо­лып тұр. АҚШ Ресей астығын экспорттауға санк­ция енгізгені есте, бірақ кейінірек олар­дың бір бөлігін жұмсартып, кейбір тран­закцияларға, соның ішінде тыңайт­қыш­­тар мен ауылшаруашылық тауар­ларын тасымалдауға рұқсат берді. Ал 22 шіл­деде Ресей, Украина, Түркия және БҰҰ өкіл­дері украин астығын Қара теңіз арқы­лы экспорттау туралы келісімге қол қой­ды. Ұлттық статистика бюросының мау­сым­дағы дерегіне сүйенсек, бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған осы азық-тү­лік тауарлары (17,9 пайыз). Салыстыру үшін айтып өтейік, басқа тауарлардың ба­ғасы 11,1 пайыз, ақылы қызметтердің ба­­ғасы 8,9 пайыз өскен. Яғни, елдегі қымбатшылық пен тап­шылыққа сыртқы фактор­лар­дан бөлек, сауда жүйесіндегі делдалдар мен алып­сатарлардың, яғни спекулянттардың ай­тарлықтай көбеюі ықпал етіп отыр. Жауап­ты мемлекеттік органдардың жос­пар­лары мен қабылдаған шараларынан нә­ти­же байқалмайды. Ал әлем сарап­шы­лары жағдай жыл соңына дейін күр­де­ленеді деп отыр. Халықаралық валюта қоры­ның (ХВҚ) сәуір айындағы болжа­мын­да 2022 жылдың қорытындысы бойын­ша экономикасы дамыған елдерде инфляция бұрын болжанғандай 3,9 пайыз емес, 5,7 пайыз, ал дамушы елдерде және нары­ғы енді қалыптасып келе жатқан ел­дер­де 5,9 пайыз емес, 8,7 пайыз, ал кей мем­лекеттерде бұл бірнеше есе жоғары бо­латыны айтылыпты. 2023 жылы әлем елдері азық-түлік дағ­дарысына тап болуы мүмкін екенін Сыртқы істер министрлігіндегі баспасөз мәслихатында БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммед те мә­лім еткен еді. – Украинадағы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі саласында қауіп-қатер бар. Дегенмен азық-түлік қауіпсіздігі са­ласындағы мәселелер барша әлем­дегі пан­демия мен лок­даун­дардан бастау алып отыр. Себебі індет сал­дары­­нан әлем елдері ара­­сында өнімді жет­кізу тізбегі бұзылған бо­­ла­тын. Ал соғыс жағ­­дайы бұл қиын­дық­тар­ды ушықтыра түсті, – деді А.Мұхам­мед. Ол азық-түлік бағасын түсіру үшін Қара теңіздегі қа­рым-қатынасты жан­дан­дыру керегін айтқан болатын. Соғыс аяқ­тал­ма­са, проблемалардың сал­мағы да ауырлай бере­тінін де қосып өтті. Ұлттық статистика бюро­сы мәлі­ме­тін­ше, еліміз бір жыл ішінде тауар­лар мен қызметтерге бағалар мен тариф­тер­дің өсуі бойынша ЕАЭО елдері ара­сында үшінші орынға шыққан. 2022 жылғы мамырда сол жылғы сәуірмен са­лыс­тырғанда тұтыну бағаларының ин­дексі Қазақстанда – 101,4 пайыз, Бе­ла- ру­сьте – 100,7 пайыз, Қырғыз Республи­ка­сын­да – 100,3 пайыз, Армения мен Ресейде 100,1 пайыз болған. Тұтыну тауарлары мен қызметтеріне бағалар мен тарифтер бір жылда (2022 жылғы мамырда 2021 жылғы ма­мыр­мен салыстырғанда) Ресейде – 17,1 пайыз, Беларусьте – 17 пайыз, Қазақстан мен қырғыз елінде – 14 пайыз, Арменияда 9 пайыз өскен. Салыстырмалы түрде айта кетсек, Ресейде жыл басынан бері азық-тү­лік бағасының өсуі орта есеппен алғанда ша­ма­мен 40 пайыз, Өзбекстанда 48 пайыз бол­ған. Яғни, әлем елдеріне қымбатшылық пен тапшылықтың салқыны қатар сезіліп отыр. Дегенмен біздің елдегі шие­ле­ніскен ахуалды сыртқы геосаяси жағ­дай­дың ушығуы ақтап ала алмайды. Қауқарсыздық па, әлде? Былтыр нарықта импорт көлемі күрт ұлғайып, антирекорд тіркел­ген. Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылы елімізге 4,9 миллиард долларға азық-түлік им­портталған, экспортталған азық-түлік көлемі одан миллиард долларға кем. 2020 жылы экспорт бағытының саны 119 болса, 2021 жылы еліміз әлемнің 122 елі­не тауар экспорттаған. Алайда оның 63-інде сату көлемі 10 миллион доллардан ас­паған, 37-сінде 1 миллион доллардан кем болған. Жалпы экспорт көлемі ке­мі­гені байқалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, им­порт көлемі 41 млрд 173,8 миллион дол­­­­ларға жеткен, бұл 2020 жылға қара­ған­да 5,8 пайызға артық. Биыл жалпы импорт тауарлары ішіндегі азық-түліктің үлесі 11,8 пайызға жетіп отыр. Бұл – бес жыл ішін­дегі ең жоғарғы көрсеткіш. Әуелде ай­тып өткеніміздей, азық-түлік импор­ты­ның 50 пайызы Ресей өнімдері. Жалпы ал­ғанда, елімізге ең көп тауар Ресейден ке­леді: 2022 жылғы ақпанда импорт кө­ле­мі 1 353 568,2 мың долларға жетті. Одан кейін қытай, неміс тауарлары тұр. Әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-тү­лік тауарларымен өз ішкі нары­ғы­мыз­ды қамтуға мүмкіндігіміз мол екені анық. Дегенмен Жалпы ішкі өнімдегі ауыл­ шаруашылығы өнімдерінің үлесі бұған тіпті кереғар ұғым қалыптастырады. Қазір ЖІӨ-нің 5 пайызы ғана ауыл ­шаруа­­шылығы өнімдеріне тиесілі. Ал 1990 жылы бұл саладағы өндіріс ЖІӨ-нің 34 пайызы болған. Ел аумағының 80 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысуға жарамды немесе қолайлы деп есептеледі, алайда осы аумақтың тек 40 пайызы немесе 96 мил­лион гектары ғана ресми ста­тистикаға сәй­кес ауыл шаруашылығына пайдала­ны­лады. Тағы бір айта кететін мәселе, ауыл шаруашылығы өнімдерінің 40 пайыз­дан астамын жеке үй шаруашы­лық­тары береді. Яғни, еліміздегі аграрлық өн­діріс ұсақ тауарлы өндіріс. 2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, елімізде 20 154 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жалпы, бұл саладағы өнімсіздік ауа райының қолайсыздығынан ғана емес, сонымен қатар жалпы саланың технологиялық жағынан дұрыс жабдық­тал­мауынан туындап отырғаны қаншама рет айтылды. Өнімді өңдеу және сату про­цестеріне де жаңашылдық, тың бағыт керек. Мысалы, елімізде өсірілген көкөніс және жемістің 2-3 пайызы ғана қайта өңделеді. Дегенмен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесінің айтар­лық­тай төмен болуына қарамастан, еліміз дәнді дақылдар мен ұнды ірі өндірушілер мен экспорттаушылар қатарына кіреді. Ұн экспорты бойынша еліміз әлемдік нарық­та жетекші орынға ие. Алайда қазір қара­құмық, ақ қант, картоп, пияз, сарымсақ, тұқым­дар мен күнбағыс майын экспорт­тауға тыйым салынған. Сәбіз, қызылша, қырыққабат, сондай-ақ ұн мен бидайды шетелге шығаруға байланысты квоталар ен­гізілген. Экспорт мәселесінде де көлең­келі тұстар жетерлік. Экспорттаушылар преференция мен субсидия түріндегі үлкен қолдау алып келді. Ал субсидия төңіре­гіндегі «бармақ басты көз қыстыны» тез арада тыю керегін Мемлекет басшысы ерекше тоқталып айтқаны есте. Агроө­нер­кәсіп­тік кешенді дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған мемлекеттік ба­ғ­дарламасы да мардымды нәтиже бермегені, 30 жылымыз орындалмайтын жоспар­ларды құруға кеткені туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған бола­тынбыз. Бұл мемлекеттік бағдарла­ма­ны іске асыруға республикалық және жер­гілікті бюджеттерден 2774,6 миллиард теңге қарастырылған болатын. Бағдар­ламадан күтілетін нәтижелердің ішінде өңделген өнім экспортын 2,5 есе, ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемін 2 есе ұлғайту болған еді. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: Ауыл шаруашылығы саласында нақты жұмыстар жүргізілуі керек
– Шынын айту керек, қымбатшылықтың қыспағында қалуымыздың негізгі себебінің бірі – тапшылық. Жалғыз ғана қант тапшылығының өзі жалпы инфляция көлемінің өсуіне әкеліп соқтырды. Инфляция қазір 14,5 пайыз, ал азық-түлік инфляциясы 20 пайыз. Ал кей тауарлардың бағасы тіпті 80 пайызға дейін қымбаттаған. Екі еселеніп кет­­кені де жоқ емес. Жалпы жағдайдың ушығуына геосаяси ахуал ықпал етті деуге негіз бар. Себебі біз тауарлардың көбін Ресейден әкелетінбіз. Әсіресе, солтүстік өңірлеріміз азық-тү­л­ік­ті көрші елден тасымалдайды. Осы өңірлерде бағаның өсуі тіпті қатты бай­қалды. Ресей нарығынан көп компанияның кетуін де тағы бір мәселе ретінде атап көр­сетуге болады. Біз сүт, йогурт өнімдерін, атап айтқанда «Домик в деревне», «Прос­токвашино» өнімдерін Ресей өнімдері деп келдік. Шындап келгенде, ол Danone ком­паниясынікі болып шықты. Демек, компанияның кетуіне байланысты нарықта орын босап қалды. Бұл – бір ғана мысал. Одан бөлек, тұрмыстық-химиялық заттарға байланысты қаншама мысал келтіруге болады. Логистикалық кедергілер, әрине баға­ның үстемеленуіне ықпал етіп отыр. Ал маған түсініксіз бір жайт бар: ол – нанның, ұнның бағасының өсуі. Бидай тап­шылығы туралы айтудың өзі қисынсыз, біз ішкі нарықты бидаймен қамтуға то­лы қауқарлымыз. Яғни, бидай өнімдерінің қымбаттауы негізсіз деп сенімді түрде ай­туға болады. Сондықтан күріш болсын, сұйық май болсын тура сондай жағдай. Сон­дықтан осы мәселеге Үкімет көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Негізінде, бізде мүмкіндік бар, Ресейден кеткен компанияларды тарту арқылы да үлкен мүмкіндік туғызуға болатын еді. Егер ол компаниялар біздің нарыққа келер болса, жаңа жұмыс орындары ашылады, инвестиция тартылады. Неге бізге Ресейден көп тауар келді? Себебі Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, онда 150 миллионнан астам халық бар. Нарығы – 170 миллион. «Сіздер осындай үлкен нарыққа тауар тарата аласыздар, бізге келіңіздер» деген саясатты ұстанған. Соның нәтижесінде шетелдік компаниялар Ресейге орныққан. Ал дәл қазіргі жағдайда Ресейден кеткен шетел компаниялары Ресей нарығынан кетсе де, Еуразиялық экономикалық одақтан қол үзгісі келмейді. Сондықтан сол компанияларды өзімізге релокация жасау мәселесі өте ұтымды болар еді. Бірақ бұл жерде екінші санкциялы елдердің қатарына қосылып қалмауды ойлау керек. Барынша сақ болып, санкциялы тауарлардың бізге өтуіне тосқауыл қоюымыз керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі – Үкіметтің алдындағы ең негізгі міндет. Тым қауқарсызбыз деуге келмейді, дегенмен ауыл шаруашылығы саласында шынымен нақты жұмыстар жүргізілуі керек.
Қорыта айтқанда, шиеленіскен ахуалдың салқыны мен көлеңкесін жеңіл өткерудің жолын қарастырып қана қоймай, жылымығы мен күнгейін іздеу де артық етпейтіні анық. Ал ішкі нарықтағы мәселені реттеу үшін кешенді де жүйелі қадамдар керек.