Ақтөбеде жыршы-термешілер байқауы өтті

Ақтөбеде жыршы-термешілер байқауы өтті

Ақтөбеде жыршы-термешілер байқауы өтті
ашық дереккөзі
Облыстық халық шығармашылығы үйінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған «Терме деген  нақыл сөз» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті. Өңіріміздегі халық шығармашылығы үйі жұмысының басты бағыттарының бірі – халық өнерін кеңінен насихаттау, өскелең ұрпаққа қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлеріне деген қызығушылығын арттыру. Мұнда осыған сәйкес 2016 жылғы маусым айынан бастап  жыршы-термешілер мектебі өз жұмысын бастады. Бұл өнер мектебінің жетекшісі – белгілі ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есентүгел Әзи. Аз уақыт ішінде жыршы-термешілер мектебі көптеген игі істерді тындырды. Атап айтсақ, барлық аудандарда жыршы-термешілер байқауы өткізіліп, шығармашылық семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылды. Алда республикалық, халықаралық байқауларды өткізу және кітап шығару көзделуде. Бұл жолғы өнер сайысының мақсаты бағзыдан келе жатқан жыршылық өнерді кеңінен дәріптеу, кешегі дана бабалардың асыл мұраларын жастардың жүрегіне жеткізу бүгіннің еншісі екенін ескере отырып, өңір ақын-жырауларының мақам-саздары  мен құнды шығармаларын жинақтап, кеңінен насихаттап, жас әнші, жыршыларды тәрбиелеуге жол ашу болып табылады. Жыршылық дәстүрін кеңінен насихаттап, келешек ұландардың санасына құйып, Отанды сүюге тәрбиелеу, сол арқылы тәлім-тәрбие беріп, ұлттық рухты көтеру. Ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және термені  дамыту жастарымызды ибалылық пен имандылыққа жетелейтіні сөзсіз. Байқауға облысымыздың Қарғалы, Ембі, Хромтау, Әйтеке би, Мәртөк  аудандарынан термеші – жыршы өнерпаздар мен Ақтөбе қаласындағы ұстаздық етіп жүрген жырға жаны құмар жастар қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Динара Шынарбаева бірінші орынды жеңіп алса, хромтаулық Естай Өтеулиев екінші орынды иеленді, ал, үшінші орын ақтөбелік Жасұлан Қасымовқа бұйырды.