Президент сапарлары
Президент сапарлары
Әлемдегі ахуал ушығып тұрған шақта сыртқы саясаттың ұтымды жүргізілуі ел үшін маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы жыл басынан бері жұмыс сапарымен барған елдер мен жүргізілген келіссөздерге шолу жасап өтсек.
Геосаяси ахуалдың ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп, қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратып отырғанын Президент биылғы Жолдауында айтып өткен еді.
– Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысының жаңа жылдан кейінгі алғашқы келіссөзі Бейжің қаласында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинимен жасалды. Кездесуде көшбасшылар Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің, соның ішінде саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардың ауқымды мәселелерін талқылаған еді. Президент дипломатиялық қатынас орнаған 30 жыл ішіндегі жетістіктер туралы айта келе, екі елдің күш біріктіре отырып, барлық саладағы стратегиялық серіктестіктің берік іргетасын қалағанына назар аударды. Бұл ынтымақтастық мәңгі, жан-жақты және саяси конъюнктураға бағынышты емес екенін де Мемлекет басшысы атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» бастамасын одан әрі іске асыру жөніндегі басым міндетті атады. Одан бөлек, еліміздің цифрлық технологиялар мен көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екеніне тоқталды.
Келіссөз барысында туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективасы, сондай-ақ Қазақстанда қытай мәдени орталығын ашу мәселесі талқыланған еді.
Одан соң Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Бұл кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілді. Атап айтқанда, инженерлік-техникалық саладағы жоғары білікті мамандардың тапшылығына байланысты Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және «Болашақ» бағдарламасы аясында Ресейде мамандар әзірлеу жөнінде келісім жасалды. Одан бөлек, білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.
Мемлекет басшысының Бішкекке ресми сапарына да ерекше тоқталған жөн. Бұл сапарда Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға мемлекеттік сапары барысында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді. Қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемалар қарастырылды. Былтыр Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 миллион доллар болды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия бизнес өкілдерінің басқосуында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия инвесторларына қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Тағы бір айта кететін оқиға – Мемлекет басшысысының «Жаңа әлем – жаңа мүмкіндіктер» атты Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысына қатысуы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның мәдени әралуандықты сақтау және ғаламдық деңгейде өркениетаралық диалогті ілгерілету саясатын ұстана беретінін нақтылады. Мемлекет басшысы биыл қыркүйек айында елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі туралы айтып, осы жиынға Ресей дін қайраткерлерінің қатысқаны жөн екенін жеткізді. Бейбіт, тұрақты және экономикалық тұрғыдан қуатты Еуразия құру жаһандық ауқымдағы орнықты дамудың және инклюзивті өсімнің қуатты факторына айналатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапары кезінде Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді. Осы сапар аясында Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат беру туралы шешім жария етілді.
– Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданатынына сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
Одан бөлек, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәнидің жеке шақыруымен «Жаһандық экономиканы қалыпқа келтіруде теңдікке қол жеткізу» атты екінші Қатар экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Форум «Мемлекеттердің экономикалық дағдарыстан шығу мәселесі» тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысы Ашхабадта ұйымдастырылған Алтыншы Каспий саммитіне қатысуға барған кезінде Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді. Бұл Сердар Бердімұхамедов президент болып сайланғаннан кейінгі екі ел басшыларының алғашқы бетпе-бет кездесуі болды. Президент саммиттің нәтижесі Каспий маңы мемлекеттерінің достық пен тату көршілік байланыстарын одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосып, өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетініне сенім білдірді.
Таяуда Сауд Арабиясында кезекті сапар болғанын білеміз. Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Президент Қазақстан Сауд инвесторлары үшін өзара мүддені көздейтін түрлі перспективті салалар бойынша ерекше шарттар мен кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын екенін жеткізді. Екі ел өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті екенін және жуық арада екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратынын нақтылады. Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады деген сенім бар екені де сол кезде айтылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастырып көруді ұсынды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда инвесторлар үшін заманауи институционалдық орта қалыптасқанын еске салды.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
саясаттанушы:
«Көпвекторлы саясат» көпбағытты
әрекетті қажет етеді
– 2022 жыл Қазақстан үшін де («Қаңтар оқиғасы») және әлем үшін де үлкен сілкініспен басталды. Қазір әлемдік жағдай сағат сайын құбылып тұр және күн тәртібінде жаңа қауіптердің пайда болуы да әп-сәтте.
Қауіптің бағыты да түрлі тараптан болып тұр: экономикалық, саяси немесе тағы да басқа. Мемлекеттер арасында достық жоқ, тек қана мүдде бар. Ал мүдде әр сәт сайын ауысып тұруы мүмкін. Кешегі қарсылас, бүгінгі мүдделес дегендей.
Міне, дәл осы мүдде тұрғысынан Қазақстан билігі бірқатар сапарды іске асырды. Ол, ең алдымен, жаңа экономикалық бағыттарды іздеуге байланысты болды. Шикізатты жеткізу жолдарын іздеу мақсатында транзит-логистикалық міндеттерді шешу қажеттілігі тұр. Біз бір бәрімен дос болуға ұмтылмаймыз, сонымен қатар жау да іздемейміз. Тек мүдде тұрғысынан әрекет етеміз. Барлық ел солай істейді. Қазақстан өз мүддесін қорғау үшін «көпвекторлы саясатты» таңдаған және ол көптеген сапар мен кездесулерді, көпбағытты әрекетті қажет етеді. Бұл сұрақтың жауабын осының аясында іздеген дұрыс.
Негізінен, маңызсыз келіссөз болмайды. Мәдени, саяси, экономикалық, қауіпсіздік мәселесі бойынша бір маңызды құжатты қабылдау іске асады. Бірақ астын сызып, айрықша атап өтетін келіссөздер ретінде Қазақстан – Иран арасындағы кездесуді айтуға болады. Бұл бізге жаңа транзит жолын салуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран –Түркия бағытында теміржол іске қосылып, алғашқы тауар Түркияға осы бағытпен аттанды. Жаңа бағыт дегеніміз – жаңа мүмкіндік, жаңа тыныс. Біздің көптеген транзит жолдарымыз Ресейге тәуелді. Оның зардабын шегіп келеміз. Мәскеу транзит жолдарын қысым тетігіне айналдырған және қалаған сәтте жауып, өз талаптарын қойып келеді. Шығу жолы тек балама жолды іздеу.
Тағы бір маңызды келісім Қырғыз Республикасының билігімен жасалды. Біз трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Ал Орталық Азияда Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның су қоры мол. Еліміздің оңтүстігі осы елдерден бастауын алатын өзендермен суарылады, ауыл шаруашылығы соған тәуелді. Қырғыз билігімен су көзін тиімді пайдалану бойынша келіссөз сәтті өтті. Біз аталған елге ГЭС модернизациясына үлес қосамыз, олар бізге су береді. Екіжақты тиімді келісім болды деуге болады.
Сауд Арабиясымен инвестиция тарту бойынша келіссөздер де тиімді екенін айтуға тиіспіз. Саудия – қаржысы көп ел. Ауылшаруашылық саласына қаржы құюға мүдделі. Еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту потенциалы мол. Жер көлемі үлкен, құнарлы, мал және егін шаруашылығын дөңгелетуге ыңғайлы. Халықтың 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Яғни, ауыл шаруашылығына қаржы құю арқылы ауылдағы халықты жұмыспен қамтып, қалаға ағылған жүйесіз урбанизацияны да тоқтатуға болады. Сондықтан бұл келіссөздің маңызды екенін атап өту керек.