«Ұл-қызымды Кәрім Мәсімов жұмыстан шығарып жіберді»: Софы Сматаев сырын айтты

«Ұл-қызымды Кәрім Мәсімов жұмыстан шығарып жіберді»: Софы Сматаев сырын айтты

«Ұл-қызымды Кәрім Мәсімов жұмыстан шығарып жіберді»: Софы Сматаев сырын айтты
ашық дереккөзі
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лау­реаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Софы Сматаев Facebook-тегі парақшасында денсаулығына байланысты жазба қалдырды деп жазды turkystan.kz. Жазушы кейінгі уақытта денсаулығының нашарлағаны жайлы жиі айтып жүр. Оның сөзінше, үш ай сайын ем алып жүрген ауруханасы өзін тіркеуден шығарып тастаған.
«Асқазаны жоқ ағзамның қабылдаған тағамды жартылай ғана қорытып, қажетті витаминдерді жеткізе алмай, қанымды сұйылтып, ағарта бастағанда, ауруханаға үш айда бір жатып, қызыл түйіршіктерді біраз жинап қайтушы едім. Тіркеуден шығарып тастағаннан бері сол қан ағаруынан сескенген үрейімді көбірек жазып кетіп, үмітімді үзгізбей, жігерімді жасытпай қадағалап отыратын Шәкем ол жаққа кеткелі үргедек уайымға салынып, сіздерді де шошытып алғанымды сезініп отырмын. Тамыздың онынан ауруханаға жатып шығып, Құдай қаласа, құлдыраңдап оралам ғой» деп жазды ол.
Сондай-ақ Софы Сматаев отбасы жайлы да сөз қозғаған.
«Құдайға шүкір, екі ұл, бір қыз, төрт немерем бар. Бәрі университет тәмамдаған. Қызым университеттен соң Кимэпте ағылшынша оқып, сонда ағылшын тілінде сабақ та берген. Кейінде екі министрлікте қызмет істеп жүрген ұл-қызымды Кәрім Мәсімов бір-ақ күнде жұмыстан шығарып жіберген еді. Оған себеп, менің «К.Мәсімов Қытай мен Ресейдің жоғын жоқтап, қазақ мүддесін аяққа таптап отыр» деген мақаламның жарық көруі еді. Үш балам да мемлекеттік қызметке маңайлатпаған соң, аулақтанып қалып, тиіп-қашты шаруамен күн көріп жүр. Барселонадан оқу бітіріп келген немеремді қызметке алуын сұрап Елбасыға хат та жазғам. Назарбаевтың «тапсыруымен» қала әкімі болған Бауыржан Байбек мырза немереме Ұлттық сарайдың аула сыпырушысының (дворник) (айлығы 35 мың) орынбасарының «лауазымын» ұсынып, мазақтағандай төбемнен басып, төмен тұқыртқан. Иә, бұл - менің отбасымның өзгелерден озбаған да, қалмаған да күйі ғана» деп жазды қаламгер.
Оның сөзінше, тіркеуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері деген атағы жарамайды. Тіркетуге керегі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты немесе жазушыда Қазақстанның Еңбек Ері атағы болуы тиіс. Айта кетейік, Софы Сматаев өзінің өміріне қатысты жазбаларды жиі жариялап тұрады.