Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті

Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті

Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті
ашық дереккөзі
Бүгін Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті деп хабарлады turkystan.kz. Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты. Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды: 1) «Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы»; 2) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы»; 3) «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы». Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты аша отырып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысымен қысқаша таныстырып өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары туралы баяндады.
  • Барлығы 6 мандатқа үш өңірден 33 кандидат ұсынылды. Барлық кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған, оның ішінде Жетісу облысында 2 кандидатты осы облыстың Алакөл және Кербұлақ аудандық мәслихаттары ұсынды. Жетісу облысында бір кандидат және Абай облысында бір кандидат тіркелгенге дейін өз өтініші бойынша кандидатураларын алып тастады.
  • Қызмет салалары бойынша: ұсынылған 31 кандидаттың 10-ы коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 12-сі әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 8-і мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері; 1-еуі саяси партия мен ҮЕҰ қызмет етеді.
  • Партияға қатыстылығы бойынша: 24-і «AMANAT» партиясының мүшесі; 1-еуі «Ақ Жол» ҚДП мүшесі; 2-еуі партиясыз; 4-еуі партияға қатыстылығын көрсетпеген.
  • Гендерлік құрамы бойынша: 10 әйел және 21 ер адам.
Барлық кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігі тексерілді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 73-бабына сәйкес кандидаттарды тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүзеге асырылады: 1) депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсу ниеті (келісімі) туралы өтініш; 2) кандидатты қолдап, таңдаушылардың қойған қолдарын тексеру нәтижелері туралы облыстық сайлау комиссиясының хаттамасы; 3) кандидат туралы өмірбаяндық деректер; 4) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы; 5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат. Ұсынылған 31 кандидаттың: 10-ы тіркеуге қажетті барлық құжаттарды ұсынбағаны; 3-і өздерін қолдауға қажетті қол санын ұсынбағаны анықталды.
  • 2022 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша барлығы 18 кандидат тіркелген (әр облыстан 6 адамнан).
  • Қызмет салалары бойынша: 11-і әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 4-еуі коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 3-еуі мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері.
  • Партияға қатыстылығы бойынша: 14-і «AMANAT» партиясының мүшелері; 4-еуі партияға қатыстылығын көрсетпеген.
  • Гендерлік құрамы бойынша: 5 әйел және 13 ер адам.
Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу 3 тамызда, сағат 18.00-де аяқталды. Екінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады. Баяндамаға сәйкес, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы өз өкілеттіктеріне сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, сондай-ақ олардың қорғалу дәрежесін белгілейді, сондай-ақ Парламент депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетеньдерін дайындауды қамтамасыз етеді. Сайлау бюллетенінің қорғалу дәрежесі әрбір сайлау науқаны үшін дербес түрде белгіленеді. Офсеттік баспа тәсілімен басылған қорғаудың полиграфиялық әдістерін, басып шығару түсін, қарпін және басқаларын көздейді. Сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіле отырып, барлық тіркелген кандидаттар және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі. Сайлау туралы Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес сайлау бюллетеньдері сайлау округіндегі сайлаушылардың (облыс таңдаушыларының) жалпы санының 1 пайызы резервімен дайындалады. Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес сайлау бюллетеньдері орналасқан үй-жайға мөр басылады және ішкі істер органдарының күзетіне тапсырылады. Сайлау туралы Конституциялық Заңның 24, 25, 26-баптарына сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімдерін облыстық мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссиясы жасайды. Таңдаушылар тізіміне облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың барлық депутаттары енгізіледі. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылардың тізімі танысу үшін сайлаудан кемінде жеті күн бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ облыс мәслихатының интернет-ресурсында орналастырылады. Таңдаушыларға сайлау комиссиясының үй-жайында тізімдермен танысу, сондай-ақ оларға енгізілген таңдаушылар туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сүйене отырып, «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы» қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының сайлау комиссияларына 2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік таңдаушыларының санына тең мөлшерде, таңдаушылардың жалпы санының 1 пайыз резервімен дайындау тапсырылды. Сондай-ақ қаулымен сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленді. Отырыстың үшінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов баяндама жасады. Баяндамашы Ортсайлауком мүшелерінің қарауына «2022 жылғы 24 тамызға тағайындалған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы» қаулы жобасын шығарды. Қаулыға сәйкес, сайлау процесіне қатысушыларды Парламент Сенатының депутатын сайлау барысы туралы жедел хабардар ету және Орталық сайлау комиссиясының сайтына таңдаушылардың келуі туралы, дауыс берудің алдын ала нәтижелері туралы нақты уақыт режимінде ақпарат беру мақсатында 2022 жылғы 24 тамызда, яғни дауыс беру күні ОСК интернет-ресурсының қосымша функционалын пайдалану ұсынылады. Функционалдың пайдаланылуы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 50-1-бабының 7-тармағының: «электрондық сайлау жүйесін осы Конституциялық заңда регламенттелмеген бөлігінде пайдалану тәртібін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді» деп көрсетілген  ережесіне негізделген. Бұл жүйе дербес деректер және оларды қорғау, ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнама талаптарын сақтай отырып іске асырылды. Ықтимал кибер-шабуылдарға және сырттан рұқсатсыз кіру әрекеттеріне қарсы тұру мақсатында интернет-ресурс пайдаланушыларының қорғалған байланысын қамтамасыз ететін деректермен алмасу хаттамасы (SSL сертификаты) орнатылған. Ортсайлауком интернет-ресурсының функционалы таңдаушыларды электрондық тіркеуге және оларды ОСК интернет-ресурсында көрсете отырып, дауыс берудің алдын ала қорытындыларын шығаруға арналған. Дауыс беру күні сайлау өткізу барысын жариялау мақсатында Орталық сайлау комиссиясы сайтының басты бетінде таңдаушылардың келу диаграммасы мен дауыс берудің алдын ала қорытындылары көрсетілетін ақпараттық хабарламалар болады. Орталық сайлау комиссиясының тәжірибесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды электрондық сүйемелдеу 2017 жылдан бастап жүзеге асырылуда және 2017 жылғы 28 маусымда және 2020 жылғы 12 тамызда өткізілген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын кезекті сайлауда, 2018 жылғы 5 қазанда және 2019 жылғы 24 маусымда Шымкент қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауда сәтті түрде қолданылды 2022 жылғы 22 сәуірде өткізілген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Алматы облысынан сайланған, кейіннен шығып қалған депутатының орнына сайлау кезінде де қолданылды. Отырыс қорытындысы бойынша Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров алдағы уақытта Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенаты депутаттарын сайлау заңнамаға сәйкес, транспаренттік және бәсекелестік жағдайында өткізілуі тиіс екенін атап өтті.