Жаңалықтар

AMANAT партиясының мониторинг топтары өңірлерде баға өсімін тіркеп жатыр

ашық дереккөзі

AMANAT партиясының мониторинг топтары өңірлерде баға өсімін тіркеп жатыр

 AMANAT партиясы жанындағы азық-түлік және халық тұтынатын тауарлардың бағасына мониторинг жүргізетін қоғамдық топтардың жұмысы белсенді жалғасып жатыр. Осы аптада партиялықтар Өскемен, Ақтөбе, Тараз және Шымкент қалаларындағы сауда нысандарын тексерді деп хабарлады turkystan.kz. Шығыс Қазақстан облысында партиялықтар сәбіз 28,9%-ға немесе бір келісі 250 теңгеге, картоп 21,8%-ға немесе бір келісі 218 теңгеге, майлылығы 2,5% айран 24,2%-ға немесе литріне 410 теңгеге қымбаттағанын тіркеді. Сонымен қатар, нан 14,9%-ға немесе бір бөлкесі 160 теңгеге дейін, күнбағыс майы 13,6%-ға немесе литріне 715 теңгеге дейін арзандады. «Кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік бағасының 15%-дан артық өсуіне жол бермеуі тиіс. Бағаны жөн-жосықсыз көтерген сатушыларға ескерту жасадық. Егер қайта тексеру кезінде жағдай қайталанатын болса, мемлекеттік құзырлы органдар оларға қатысты айыппұл санкцияларын қолданады. Мәселен, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, Тұтынушыларды қорғау комитеті және тағы басқалар. Сондай-ақ санитарлық кітапшалардың болуын міндетті түрде тексереміз. Кейбір сауда орындары талаптарды сақтамайды», – деді Өскемен қалалық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Серік Оразбайұлы. Мониторинг топтары Жамбыл облысында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Өңірде баға деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Атап айтқанда, бірінші сұрыпты бидай ұны 10,8%-ға немесе келісі 199 теңгеден, қырыққабат 27,7%-ға немесе келісі 81 теңгеден, тауық жұмыртқасы 11%-ға немесе 10 данасына 331 теңгеден қолжетімді. Тараз қаласында партиялықтар бірқатар сауда орталықтарын аралады. Баға облыстық Кәсіпкерлік басқармасы белгілеген бағамен сәйкес келеді. Алайда дүкендердің бірінде қант болмай шықты. Аманаттықтар азық-түлік түрлері толық болуы үшін тиісті ұсыныстар әзірледі.