Әкімдіктер әр өңірдің картасын жасауы тиіс – Айдос Сарым

Әкімдіктер әр өңірдің картасын жасауы тиіс – Айдос Сарым

Әкімдіктер әр өңірдің картасын жасауы тиіс – Айдос Сарым
ашық дереккөзі
Елімізде кейінгі 6 айда пайдаланылмай, бос жатқан немесе заңнаманы бұза отырып берілген 904 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. 2021 жылғы көрсеткіш 430 мың гектар болатын. Демек, биылғы көрсеткіш былтырғыдан екі есе көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл соңына дейін 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтармақ. Мұның бәрі аграрлық салаға пайдалану үшін беріледіМемлекет басшысының тапсырмасымен жерді қайтару жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылғаны белгілі. Осы орайда,  Мәжіліс депутаты, саясаткер Айдос Сарым аталған бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатқанын айтты деп хабарлады turkystan.kz – Пайдаланылмай, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару оңай шаруа емес. Осы бағытта қандай органдар бірлесіп жұмыс атқарып жатыр? – Жерді мемлекетке қайтару ісін жерді басқару органдары, Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Жер комитеті атқарады, құзыреті бар. Жылдың аяғына дейін 5 млн гектар жерді мемлекетке қайтару туралы тапсырма берілгенін білесіздер. Қазір жаңа заңнаманы іске асыруға прокуратура, жергілікті әкімдіктер, AMANAT партиясы және қоғам белсенділері атсалысып жатыр. – Жерді заңсыз сатқан, игермеген жағдай ауылда ғана емес, қалада да кездеседі. Иелігіндегі жерді ұзақ уақыт бойы мүлде пайдаланбағандар да бар. Осы орайда, жерді қайтару ісіндегі қандай қиындықтарды айтар едіңіз?   – Осы кезге дейін қалыптасқан жағдай деуге болатын шығар, аймақтық, облыстық жерде өзіндік бір монополия бар. Кезінде жерді иеленіп алған, басқаратын азаматтар бар. Олар билікте де отыруы мүмкін. Солар осы заңнамаға қарсы. Билікте аймақпен нақты бір байланыс бар екені белгілі.  Осыған дейдін жерді бөлумен аудандық әкімдіктер айналысты. Кезінде жерді бөлген әкімдердің біразы қазір де отыр. Бәлкім, осының себебінен болар, ауыл әкімдері заңнаманы тиісті дәрежеде орындауға құлықты емес. Жергілікті қаржылық топтармен, кәсіпкермен байланысын бұзғысы келмейді. Бұл да бір мәселе. Тағы бір мәселе, кейбір азаматтар «болашақта пайда көремін» деп жер алған. Қолында құжаттары тұр. Бірақ ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Басты мәселе осыда. Қазір байқасаңыз, салық құны 20 есеге дейін көтерілді. Демек, жерді пайдаланбай, ұстап отыру қалталы азаматтардың өзіне тиімсіз болып тұр. Өйткені жоқ жерден ақша төлеуге мәжбүр. Жергілікті халық та осы мәселеге белсенді атсалысуы керек. Яғни, әкімдерге, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер инспекторларына көмектесуі қажет. Айналып келгенде, болашақта жердің мөлшерлемесін ауыл халқы бекітетін болады. Жерден түсетін пайда көбі сол жердің игілігіне жұмсалады. Осыны ескеретін болсақ, қоғам өзгеруі керек. Конституциялық өзгерістерден кейін жердің иесі өзі екенін түсінуі керек. Жер өзіміздікі. Салығымыз содан келіп жатыр. Пайдаланылмай, арам шөп басып жатқан жерлер бар. Жерді тиімді пайдалануымыз керек. Осыны ескеріп, қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. AMANAT партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы алдағы уақытта үлкен бір қозғалысқа айналуы қажет. Халықтың өзі қолдайтын, басы-қасында жүретін. Сонда ғана жер мәселесін жуық арада істі насырға шаптырмай шеше аламыз. – Жерді игілігіне пайдаланып отырғандарға қандай талап қойылады? – Жерді тиімді пайдаланып жатқандарға ешқандай шектеу қойылып жатқан жоқ. Қазіргі тәртіп бойынша оларға пайдалануға басқа жерді беруге болады. Ауылдық жерлердің көбі кезінде жекешеленіп кеткен. Жалға берілген. Әр ауылдың аумағы әртүрлі. Халықтың санына, қолындағы малына қарай әкімдіктер әр өңірдің картасын жасауы тиіс. Ол жерлерді қоғамның игілігіне пайдалануымыз керек. Ауыл халқы малын жаятын жер есептелуі қажет. Қазір осы мәселе қолға алынып жатыр.

Әңгімеңізге рақмет!