Жаңалықтар

«Кофеханадағы ең маңызды нәрсе кофе емес» – бариста Азат Сағидоллаев

ашық дереккөзі

«Кофеханадағы ең маңызды нәрсе кофе емес» – бариста Азат Сағидоллаев

«Starbucks», «Costa» деген кезде көз алдымызға әдемі бедерленген стакан, иісі аңқып, дәмі тіл үйіріп, ұйқыңды қашырып жіберетіндей күйге бөлейтін кофе елестейді. 2018 жылға дейін бұл тенденция санаулы жерлерде ғана бой көтерді. Қазақстандағы үлкен қалаларда енді-енді бастау алып, адамдарды дүңгіршек ішінде тұрып, тез-тез дайындап жіберетін кофеге үйрете бастаған баристалар соңғы жылдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді көбейді. «Шайхана» дейтін жазуға көз үйретіп, қазақтың шайға деген махаббаты бөлек деп жүргенде кофехананың бәсі озып, көше бойында қаз-қатар тізілген «Coffee» деген маңдайшада жазуы бар шағын орындардың саны күн сайын артты. Еуропаға тән философиялық мәні бар кофеге қазақ неге ғашық болды? Санаулы жылдардың ішінде не өзгерді? Есіктен кіре салып «Латте» дейтін қазақтың аузына «шай» емес, «кофе» деген сөзді кім салып қойды? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін Елордадағы «PhotoBar» кофеханасында бариста болып жұмыс істейтін Азат есімді жігітті әңгімеге тарттық. –  Үздік бариста атану үшін қанша жыл тер төгу керек? – Негізі адамның өзіне, қабілетіне байланысты. Көп еңбектенген, қабілетін дамытып, шыңдағандар жақсы кофе жасайды және оларға да сұраныс аз болмайды. Алғашында мен де келіп тұрған адамға кофені құйып бере саламын, онда тұрған қиын ештеңе жоқ деп ойладым. Алайда интернет арқылы зерттеу жасаған кезде кофенің, бариста болудың өзі үлкен ғылым екенін түсіндім. «Бізде адамдар кофе ащы әрі ыстық болса ғана сапалы болады деп түсінеді». Сіз жаңа кофені «ащы болып кетті» дедіңіз және аса мән бермедіңіз. Себебі кофе өзі ащы деп ойладыңыз. Ол дұрыс емес. Кофе қатты ащы болмауы тиіс. Біздегі менталитетте қазақстандықтар ащы кофені сапалы әрі дұрыс деп таниды. Біздің халықтың шайға деген махаббаты бөлек, бірақ кофе екеуін салыстыруға келмейді. Кофені ыстық қылып емес, өзіне лайық тұрақты 60-65 градус температурасын сақтап дайындайды. –  Бір күнде қанша адам келеді? Кофе ішуге келетіндердің ішінде қазақтар көп пе әлде өзге ұлт өкілдері ме? – Күніне кофеханаға 50-60 адам келеді. Олардың жартысынан көбі қазақтар. Алайда қазақша амандасып, қазақша қызмет көрсетуімді сұрайтындар аз. Жоқ деуге де болады. Олар өзара отырған кезде де көбінесе орыс тілінде сөйлеседі. Мен тіл жағынан аздап қиналамын. Атыраудан Елордаға келгелі бері маған орыс тілі күнделікті сөйлесу тіліме айналып кетті. Латте. Капучино. Елордаға келетін адамдардың көбі бизнес жасауға, ақша табуға ұмтылады. Олардың жұмысы таңда басталатындықтан кофе ішуде қалыптасқан түсініктер бар: ұйқыны ашады, сергек жүресің және т.б. Ал Алматыда басқаша. Онда адамдар демалу үшін, қыдырып жүріп, бір-бірімен жолыққан кезде кофе ішеді. Әрі Алматыда кофе ішудің мәдениеті қалыптасып келеді. Елордада адамдардың 80%-ы кофені сергек жүру үшін ішеді, талғамына қарай мән бермейді.