«Қарызға баттым»: алаяқтар көпбалалы ананың атынан несие рәсімдеген

«Қарызға баттым»: алаяқтар көпбалалы ананың атынан несие рәсімдеген

«Қарызға баттым»: алаяқтар көпбалалы ананың атынан несие рәсімдеген
ашық дереккөзі
Көпбалалы ана алаяқтардың тұзағына түсіп, 3 миллион теңгеден асатын қарызға батты деп хабарлады turkystan.kz «Almaty» арнасына сілтеме жасап. Наубайханашы Алмагүл Кушеноваға бейтаныс біреу хабарласып, жеке куәлігі мен суретін жіберуді талап еткен. Көпбалалы ананың айтуынша, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, тіпті, аты-жөнін айтып сенімге кіргендіктен оның бұйрығын бұлжытпай орындапты.
«Қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрмын. Сіздің атыңыздан алаяқтар несие рәсімдеп, өтініш қалдырды. Бізге соларды ұстауға көмектессеңіз. Несиені өз атыңызға рәсімдеу арқылы оларды ұстаймыз. Қорықпаңыз, ол ақшаны қайтарамыз, қарыз болмайсыз»  деп сендірді», – деді жәбірленуші Алмагүл Кушенова.
Содан екінші деңгейдегі қос банктен Алмагүлдің атына жалпы сомасы 3 миллион 324 мың теңге болатын ақшалай несие рәсімделеді. Алайда бұл қаражат бейтаныс адам айтқандай қайтарылмады. Хабарласқан адам да ізім-ғайым жоқ.
«Банктің өзіне бардым. Самалдағы бір банкоматтан бетіне маска киген адам ақшаны шешкен. Сосын Самал шағынауданында, Петропавл қаласында банкоматтан алған. Ал екінші банктен 1 млн теңге Нұр-Сұлтан қаласында карточкадан карточкаға аударылыпты», – деді жәбірленуші Алмагүл Кушенова.
Айта кетсек, Алмагүлдің атына рәсімделген несие 5 жылға берілген. Ал оның айға шаққандағы берешегі де аз емес. Пайызы да баршылық. Сондықтан алаяқтардың тұзағына түскен азамат арыз жазды.
«ҚР ҚК 190-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы істі ашуға бағытталған арнайы тергеу тобы құрылып, оның құрамына Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері де қосылды», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция дерегінше, биылдың өзінде интернет алаяқтықтың 1400 дерегі тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 31 пайыз төмен. Десе де тәртіп сақшылары жалған атпен танысатындардың тақырға отырғызатын жаңа әдістері пайда болғанын айтады.