Сенбі, 8 Қазан, 2022

GalamTOP: жастар интернетке тәуелділік бойынша білімдерін арттырады

AMANAT партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты интернетке тәуелділіктің алдын алу бойынша онлайн-курсқа қатысушыларды тіркеу басталғаны туралы хабарлады деп жазды turkystan.kz.

Курс «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ «Жастар мен балалар арасында Интернет және YouTube-тәуелділіктер мен құмар ойындардың алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы шеңберінде өткізілуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинарлардың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерде интернет-тәуелділіктің алдын алу және білімді арттыру.

«Қазір біз лудомания, кибербуллинг, Интернетке тәуелділік сияқты терминдерді жиі кездестіреміз. Атап айтқанда, олар біздің балаларымыз бен жастарымызға қатысты. Сондықтан, олардың білімін арттыру және интернетке тәуелділіктің алдын алу мақсатында біз «GalamTOP» атты онлайн-курсты іске қостық. Курс келесі тақырыптар бойынша өткізіледі: лудомания, кибербуллингпен күрес, әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау. Курсқа 14 жастан асқан оқушылар, сондай-ақ 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады», – деп атап өтті «Жастар Рухы» төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Сондай-ақ «Жастар Рухы» төрағасы аталған курстар жоба аясында жүргізілетін кешенді шаралар бағыттарының бірі екенін жеткізді.

Айта кетсек, қатысушылар үшін тіркеу 2022 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады. Онлайн-курстардың басталуы 2022 жылдың 22 тамызына жоспарланған. Тіркеу келесі сілтеме бойынша: https://forms.gle/KBQSkkiZQ7nFb1e78

Сондай-ақ жоба мен өткізілетін іс-шаралар туралы толық ақпаратты @galamtop ресми Telegram каналынан алуға болады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button