Павлодарда көпбалалы отбасы кәсіпорынды сотта жеңіп шықты
Павлодарда көпбалалы отбасы кәсіпорынды сотта жеңіп шықты
Үлкен құбыр жарылып, жер үйді су басқандықтан отбасы жауапты кәсіпорынды сотқа берген болатын деп хабарлады turkystan.kz @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, 2021 жылы қыс қарсаңында қаладағы ірі кәсіпорынның біріне су жеткізетін құбыр жарылып, Шашкин көшесі, 31/1 мекенжайындағы үйді су басқан. Үйлері тұруға жарамай қалғандықтан, отбасы басқа пәтер жалдауға мәжбүр болған.
16 жасқа толмаған 4 баланың анасы Нұржан Кәмесханқызы отбасымен «Павлодар» қалалық су арнасы ЖШС-ін сотқа берді.
«Сот 7 айға созылды. Қалалық сот 2 отырыс өткізіп, кәсіпорынды кінәлі деп таныды. Суға жауапты кәсіпорын шешіммен келіспей, облыстық сотқа берді. Облыстық сотта да біз жеңіп шықтық», - деді Нұржан Кәмесханқызы.
Сот шешімімен «Павлодар» қалалық су арнасы ЖШС үйін су басқан отбасының пәтер жалдау шығынын өтейтін болды.
Көпбалалы отбасы келісімшартпен 1 маусымға дейін пәтер жалдаған. Енді келісімді ұзартып, 1 желтоқсанға дейін созбақ.
«Осындай біз секілді жағдайға қалған адамдарға шындықты дәлелдеп шығуға болатынын көрсеткім келеді. Күрделі мәселе болған соң үнсіз қалып жататындар да бар», - деді Нұржан Кәмесханқызы.
Сотта жеңіп шыққан отбасы 1 желтоқсанға дейін үйлерін - жөндеп, кіруді көздеп отыр. Ендігі жоспар кәсіпорыннан үйге келген шығынды талап ету.