Жаңалықтар

ҚАӘ – ұлттық күш, аймақтық модель, жаһандық артықшылық

ашық дереккөзі

ҚАӘ – ұлттық күш, аймақтық модель, жаһандық артықшылық

2022 жылғы 1 тамызда Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің (ҚАӘ) Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігін техникалық бақылауға және қадағалауға жауап беретін тәуелсіз агенттік ретінде құрылғанына үш жыл толды. ҚАӘ үздік әлемдік тәжірибеге сәйкес ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін жүйелі түрде жүзеге асырады. Қазір қазақстандықтар әлемнің 28 еліне тікелей рейспен ұша алады. Осы жылдың басты жетістіктерінің бірі Еуропалық комиссияның Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен ҚАӘ-нің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында қабылдаған шараларына оң баға беруі болды. Нәтижесінде, қазақстандық әуекомпаниялар Еуроодақта тыйым салынған әуе тасымалдаушылар тізіміне кірген жоқ. Құрылған күннен бастап ҚАӘ бірқатар халықаралық аудиттерден сәтті өтті. Соның ішінде ИКАО Валидация миссиясы (ICVM), Еуропалық комиссия сарапшыларының техникалық сапары және АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі (TSA) сарапшыларының сапары. Қазір Қазақстан мемлекеттік тізілімінде 912 әуе кемесі бар, 75 әуе кемесі тұрақты жолаушылар рейсін орындайды. Биыл қайта жөндеуден кейін Үржар және Үшарал әуежайларын сертификаттау жүргізілді. Биыл Орал әуежайында жаңа жолаушылар терминалы ашылды. Күзде Қостанай қаласы әуежайындағы жолаушылар терминалын қайта құру бойынша құрылыс жұмыстары аяқталады. 1 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында жаңа халықаралық терминал құрылысын бастап берді. Қазір Шымкент қаласы әуежайындағы жолаушылар терминалын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыс жолаушыларға қолайлы жағдай жасау аясында жүзеге асып отыр. Жаңа терминалдар айтарлықтай үлкейтіліп, заманауи технологиялармен жабдықталады. Жалпы, елімізде жолаушылар тасымалының оң динамикасы байқалады. Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында отандық әуекомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны – 4 605 470 адам. Тек 2022 жылдың екінші тоқсанында ғана Қазақстанның әуежайларында 5 172 536 адамға қызмет көрсетілді, бұл бірінші тоқсанмен салыстырғанда 39%-ға артық. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанның әуежайларында қызмет көрсеткен жолаушылар саны 8 889 989 адамға жеткен. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан Республикасының әуежайларында өңделген жүктер мен пошта жөнелтілімдерінің көлемі 26 110 тонна болған. Отандық әуе компаниялары тасымалдайтын жүк пен поштаның көлемі – 7 995 тонна. Қазір елімізде тұрақты коммерциялық рейстерді жүзеге асыратын жеті әуекомпания бар: Air Astana, SCAT, FlyArystan, Qazaq Air, Жетісу, Жезқазған Эйр және Южное небо. Әлеуетті арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Оның бір бөлігі – авиациялық инспекторларды оқыту. ҚАӘ қолдауымен әуежай қызметкерлерін Wildlife Management бойынша шетелдік инспекторлар оқытты. Сонымен қатар ҚАӘ қызметкерлері ИКАО мен Корея Республикасы үкіметінің үш оқу грантын, сондай-ақ жас мамандарды қолдау үшін Сингапурде бір грант ұтып алды. 2019 жылдан қазірге дейінгі кезеңде ҚАӘ-де 9 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Авиациялық оқу орталықтарына 84 тексеру жүргізіліп, 33 сертификат берілді. Авиациялық қауіпсіздік саласында соңғы үш жылда 212 тексеру және 24 сертификаттау жүргізілді. 2023 жылы ИКАО бастамасымен Қазақстанда Авиациялық қауіпсіздік және жеңілдету жөніндегі жаһандық симпозиум (AVSEC/TRIP-2023) өткізу жоспарланған. Биылғы 11-12 тамызында Ақтау қаласында авиациялық қауіпсіздік шараларын жетілдіру бойынша халықаралық конференция өтеді. ҚАӘ мамандары тұрақты түрде халықаралық жұмыс топтарына қатысып, олардың нәтижелері аймақтық ұшу қауіпсіздігі бағдарламасына енгізіліп жатыр. Сонымен қатар олар Қазақстан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп, азаматтық авиация саласындағы құқықтық актілерді әзірлеуге, жетілдіруге және халықаралық стандарттарды енгізуге қатысады. Осы жылы ҚАӘ мамандары азаматтық авиация мәселелері бойынша 32 заңға тәуелді актілерге түзету, 3 Үкімет қорытындысының жобасына, 2 заң жобасына ұсыныс әзірлеуге қатысты. Сонымен қатар 2021 жылғы 30 маусымда Парламент Мәжілісіне ұсынылған «Кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына тұрақты қолдау көрсетеді. Түзетулер қабылданған жағдайда келесідей нәтиже күтіледі: ұшу қауіпсіздігін жақсарту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және азаматтық авиацияны неғұрлым объективті тексеруді қамтамасыз ету, әуе кемелерінің бортында жолаушылардың тәртіпсіз мінез-құлық жағдайларының санын азайту, Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының қауіпсіздігін жақсарту. 2020 жылдан бастап елімізде 262 ұшқышсыз ұшу аппараты тіркелген. Халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі ECAC-пен Қазақстанның бақылаушы рөлінде қатысуы туралы, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік, аварияларды тергеу, ұшу қауіпсіздігі және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Биылдан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей рейстерге рұқсат беру үшін FAA (IASA) ұшу қауіпсіздігін алдағы халықаралық бағалауға дайындық аясында техникалық әлеуетті арттыру бойынша талқылау жүргізіліп жатыр. Бүгінде біз авиация саласындағы барлық мүдделі тараппен, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетімен саяси және стратегиялық деңгейде қызмет атқарамыз. Сонымен қатар салалық серіктестермен, экономикалық даму институттарымен және ғылыми топтармен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін, сондай-ақ тиімді әрі жоғары деңгейде нәтижелі қызмет көрсету үшін жұмыс істейміз.