Жаңалықтар

Қостанай облысында 27,9 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды

ашық дереккөзі

Қостанай облысында 27,9 мың гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Қостанай облысында болды. Аймақтағы көшпелі кеңес қорытындысы бойынша мемлекет меншігіне 27,9 мың га жайылым жер қайтарылды. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Қостанай облысында партия мүшелерінің күш салуымен жалпы ауданы 27,9 мың га жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды. Атап айтқанда, Федоров ауданында 7,1 мың га, Наурызым ауданында – 20,8 мың га қайтарылды. Ал Меңдіқара ауданында ірі шаруа қожалықтарының бірімен 3,4 мың га жерді көпшіліктің қолданысы үшін өтеусіз беру туралы меморандум жасалды. «Біздің комиссияның басты мақсаты – пайдаланылмай жатқан, оның ішінде заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен жайылымдарды қайтару және оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету. Жыл басынан бері Қостанай облысында 60 мың га пайдаланылмай жатқан жер қайтарылды. Сонымен қатар жалпы ауданы 45,4 мың га болатын 24 жер учаскесін қайтару мәселесі бүгінде сот өндірісінде. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы 267 мың га жерді мемлекет меншікке қайтаруға көмектесті», - деді партия Хатшысы Дәулет Кәрібек. Меңдіқара ауданының тұрғындарымен пікірлесу кезінде партия мүшелері өз бастамаларын алға тартты. Қазіргі уақытта, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елдімекен маңындағы 5-тен 20 шақырымға дейінгі радиустағы жерді көпшіліктің пайдалануы үшін тәркілеуге рұқсат етіледі. Комиссия мүшелері осындай қайтарылған учаскелерді жеке қолға беруге жол бермеу үшін ауылдық округтердің балансында қалдыруды ұсынады.