Көміртегі бейтараптылығы - заман талабы

Көміртегі бейтараптылығы - заман талабы

Көміртегі бейтараптылығы - заман талабы
ашық дереккөзі
Әлемдік экономикадағы әрбір сала қарыштап дамығандықтан түрлі түсті металлургия саласы жаңа тренд – декарбонизацияға қадам басуда. 2016 жылғы Париждегі климаттық өзгеруі жөніндегі келісім күшіне енгеннен кейін энергия жүйелеріндегі көміртегін бейтараптандырудың өзектілігі туды. Яғни, Париж келісімінің мақсаттарына сәйкес 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге мүмкіндік беретін декарбонизацияланған сутегі негізіндегі экономикаға көшу жаңартылатын және төмен көміртекті сутегі өндірісін жылдам және қарқынды кеңейту қажеттілігін туындады.  БҰҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жаһандық экономиканы декарбонизациялау 2050 жылға дейін жабдықтау үшін 10 триллион еуро инвестицияны қажет етеді. Өткен жылы қарашада жарияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа Сараптамалық тұжырымдамасына сәйкес, сутегі үлкен инвестициялар мен оңтайлы саяси қолдау арқылы экономиканы көміртексіздендіруге жұмылдырады. Сутегі экономикасына көшу кезінде 2050 жылы әлемдегі сутегіге деген жылдық сұраныс ағымдағы жылмен салыстырғанда 70 млн. тоннадан шамамен 650 млн. тоннаға өседі. Бұл жалпы әлемдік энергия сұранысының шамамен 14 пайызын құрайды деген сөз.  Еуро Одақтың Сутегі стратегиясына сәйкес, 2050 жылға қарай Еуропадағы жаңартылатын сутегіге инвестицияның жалпы көлемі 180-нен 470 миллиард еуроға дейін, ал көміртекті ұстау және сақтау технологиялары бар қазба отындарына негізделген төмен көміртекті сутегі үшін 3-тен 18 млрд еуроға дейін ауытқиды деп болжанған. Мысалы, Еуропаның, Үндістанның, Қытайдың және АҚШ сияқты алпауыт елдердің кәсіпкерлері жер шарын жаһандық жылынудан сақтап қалуға ұмтылуда. Өздері өндіретін көміртегі қалдықтарына саналы түрде «соғыс» жариялап, жинақталған техногендік қалдықтардан құтылуға және жаңа қалдықтардың пайда болуына жол бермеуге тырысуда. Мойындауымыз керек, бүгінде біз бизнес пен индустрияның уақытпен бірге оза дамып жатқан әлемде өмір сүреміз. Адамзат әрбір салада экологиялық стандартты сақтамасақ, бұл бүкіл планетада ауыр гуманитарлық апаттарға әкелетінін, миллиондаған адамдар теріс салдарға ұшырайтынын ұғынатын кез келді. Еуропада басталған декарбонизация қозғалысы біздің экономикамыз үшін күрделі сынаққа айналды. Мақсат 2050 жылға қарай ЕуроОдақ елдерінде көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету.  Біздің еліміз Батыс пен Шығысқа көміртегі шикізатын экспорттаушы әлемдік он елдің қатарына кіреді және дәстүрлі түрде көмірсутектерді өндіру және жағуға сүйенеді. Ал, еуропалық «Жасыл келісімнің» қағидаттары Қытайға ортақ болғандықтан, бірден бірнеше саланың табыстылығы ықтимал әсер етуде. Біріншіден, бұл шын мәнінде көмірсутектерді өндіру және өңдеу, екіншіден, мұнай мен газды тасымалдаумен байланысты сектор – құбыр және металлургия. Әлемдік экономиканың «жасыл» трансформациясы, ең алдымен, энергетикалық сектордағы және металлургиядағы революцияны білдіреді. Континенттегі көршілер қазба отындарын жағудан бас тартуды ұсынады. Көмірге, мұнайға және газға балама сутегі болады, ол жанғаннан кейін атмосферада бір тамшы су буы қалдырады  – сондықтан экологиялық таза отын болып саналады. Бірақ оттегімен қоспада, сондай-ақ фтор немесе хлор болған кезде сутегі жарылғыш болып келеді. Менделеевтің периодтық жүйесінің бірінші элементі – көмірсутегін адамзат қолға түсіріп, оны қауіпсіз энергия ресурсына айналдырумен қазір ондаған ғылыми-зерттеу институттары, соның ішінде біздің еліміздің ғалымдары айналысуда. «Жасыл» энергияға ауысу процесінде металлургияның рөлі негізгі болады, өйткені металлургия өнімдері басқа салалардың көміртексізденуіне ықпал етеді. Басқаша айтқанда, металлургия декарбонизацияны қажет етеді, бірақ басқа салалардың декарбонизациясы да металлургияға байланысты.  «Жасыл» энергетика мен металлургияға көшу экономиканы қазба отындарын жаңартылып ауыстыруға бейімдеуді қамтамасыз етеді. Бұл үдеріс  жоғарыда айтып өткен Париж климаттық өзгеруі жөніндегі келісімі негізіндегі бастама еді. Барлық қатысушы мемлекеттер ауа-райының өзгеруін шектеу мақсатында жасылжайлық (парниктік) газдар шығарындыларын азайтуға өз үлестерін қосуға міндеттелді. «Жасыл» энергетикаға көшу арқылы экономиканың қазіргі жұмыс істеп тұрған секторлары сыртқы келбетін өзгертеді. Құрылыс пен көлік салаларын, энергетика мен өнеркәсіпті толығымен қайта құрып, бұл экономиканың құрылымын түбегейлі түрлендіреді. Мұндай қайта құру металлургиясыз мүмкін емес. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойды. 2050 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасына сәйкес қазіргі таңда бұл мәселеде ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіп секторлары бойынша мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізумен айналысады. Парниктік және қоршаған ортаға зиянды заттар шығарындарына қатысты Доктрина көзқарасын азайту және ұстану мақсатында министрлік 122 ірі және орта кәсіпорынмен бірлесіп қажетті шараларды қабылдауда. Мәселен, еліміздің бірінші санаттағы 50 негізгі ластаушы тізіміне енген тау-кен металлургия өнеркәсібінің, сондай-ақ құрылыс және химия өнеркәсібінің 20 кәсіпорнымен мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Нақты көрсеткіштермен қоршаған ортаны ластайтын шығарындарды азайту бойынша тиісті меморандумдарға қол қойылып, жүзеге асырыла бастады. Қоршаған ортаны қорғауға инвестиция құйып, экологиялық стандарттарды жан-жақты ұстанатын компанияларды мысал келтіруге болады. Мәселен, «Қазмырыш» күкірт өндіру бөлімшелеріндегі бейтараптандыру жүйесі жабдықтарының бөліктерін қайта құру және ауыстыру және газ-ауа қоспасын ұстау есебінен шығарындыларды жылына 53,3 тоннаға нақты төмендетуге қол жеткізді. «Алюминий Қазақстан» АҚ шығарындыларды азайту стратегиясын қабылдап, жылына шығарындыларды 10 мың тоннаға азайту көрсеткішімен 34 млрд теңге инвестициялау жоспарлануда. Нәтижесінде 2030 жылға қарай еуропалық стандарттар деңгейіне дейін көрсеткіштерге қол жеткізузе бекініп отыр. Сонымен қатар, атышулы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы мазут, сұйытылған газ және қатты отынды табиғи газға көшіру, шаң-тозаңнан тазарту жабдықтары мен тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту, сондай-ақ электр сүзгілерін салу жұмыстарын бастады. Компания экологиялық жағдайды жақсарту бойынша іс-шараларға 830 миллион доллардан астам инвестициялауды жоспарлап отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған күрделі инвестициялар бір жылда құндық мәнде 30,7%-ға төмендеген. Яғни, 2021 жылы 8,9 млрд болса, осы жылы 6,2 млрд теңгеге дейін қысқарды. Инвестициялық төмендеу үшінші жыл қатарынан байқалады, себебі 2019 жылы ең жоғарғы көрсеткіш 31,3 млрд теңгені құраған. Бұл да алаңдататын мәселе. Ал аймақтық тұрғыда айтып отырған секторға ең көп инвестиция Түркістан облысына құйылды: 2,3 млрд теңге. Екінші орында Қарағанды ​​облысы: 1,9 млрд. Үздік үштіктің қатарын 608,1 млн.теңгемен Павлодар облысы көрсетіп отыр. Әлемде экология мәселесі күн сайын шиеленісіп келеді. Ғалымдар бүкіл өркениеттің дағдарысына айналып бара жатқан және үнемі күшейіп келе жатқан ауыр экологиялық дағдарыс жағдайында адамзат өмір сүріп жатыр деп дабыл қағып отыр. Бүгінде бүкіл дүние жүзіндегі саясаткерлер, кәсіпкерлер,  эколог мамандар қоршаған ортаны қорғау мәселесін ашық көтеріп келеді. Жыл сайын Қазақстанда 4,5-5 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар түзіледі, бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.  Бұл күрделі мәселеде еліміз де шет қалмады. Өткен жылы Мемлекет басшысы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бекітті. «Жасыл Қазақстан» ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Жоба «Таза Қазақстан»,   «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» деп аталатын  төрт негізгі бағыттан тұрады. Жалпы, жобаны жүзеге асыру халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған, жалпы ішкі өнімнің 231 млрд теңгеге өсуіне ықпал етеді. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын жүзеге асырудың арқасында 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бұл дегеніміз, біз бір жобамен екі мәселені шешеміз. Бір жағынан халық жұмыспен қамтылса, екінші жағынан қоршаған ортаны қорғауда ат салысамыз. Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында құрылыс және ірі көлемдегі қалдықтарды жинайтын орындар құру жоспарлануда. Самат АҚЫШЕВ, Парламент Мәжілісіні депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі.