Қытайлық отбасылардың 50 пайызы екінші рет сәби сүйгісі келмейді

Қытайда «бір бала» саясатының тоқтатылғанына қарамастан елдегі бір перзенті бар отбасылардың 50 пайызы екінші балалы болғысы келмейді. Бүкілқытайлық әйелдер қауымдастығы жүргізген зерттеу қорытындысы осындай нәтиже көрсетіп отыр.

Сауалнама Қытайдың 10 провинциясында 2016 жылдың сәуір айынан бастап жүргізілген. Зерттеуге 15 жасқа дейінгі бір баласы бар 10 мыңнан астам отбасы қатысқан. Нәтижесінде қытайлық отбасылардың 53,3 пайызы екінші бала өсіргісі келмейтіні, ал 26,6 пайызы бұл мәселе жөнінде нақты шешім қабылдамағаны белгілі болды. Сауалнамаға қатысқандардың 20,5 пайызы ғана екінші рет ата-ана атанғысы келеді. Екінші мәрте сәби сүйгісі келмейтіндердің көпшілігі –Пекин қаласының тұрғындары(62 пайыз).

Екінші баланы өмірге әкелуге құлықсыздық себебін қытайлықтар білім алу, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік мәселелермен байланыстырған. Әйелдердің көпшілігі бала бағуға және үй шаруасына арналған уақыт пен еңбек уақытының дұрыс бөлінбегенін атап көрсеткен.

Back to top button