Әлиханның шырақшысы
Әлиханның шырақшысы
Осыдан дәл отыз жыл бұрын – бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жылдың тамызында Жезқазған облысының Ақтоғайында (Сол уақыттағы Жезқазған, бүгінгі Қарағанды облысы) дүркіреп ұлы той өткен. Бұл – ұлт жолында, еркіндік мұраты күресінде шаһид кеткен Алаш арыстарына берілген алғашқы Құдайы ас.
Алаштың ұлы тойы Әлихан Бөкейхан атамыздың құрметіне орай ұйымдастырылған. Саңлағын, туған перзентін ұлықтаған Ақтоғайдың баурайына Мәскеуден көсемнің немересі Евгений (Үгедейдің ұлы), шөбересі Петр, Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар, Жүсіпбек Аймауытұлының қызы Муза, Әлімхан Ермектің ұлы Мағауия, Жақып Ақбайұлының аталас туыстары жан-жақтан жиналып, арқа-жарқа болады. Алматыдан профессор Тұрсынбек Кәкішұлы, академик Кеңес Нүрпейіс сынды алаш тарихын зерттеп жүрген ғалымдар барып, ғылыми конференцияда ұлт келбетіне айналған тарихи тұлғаларымыз туралы тұңғыш рет көсіліп, тұшымды баяндама жасайды. Міне, осының бәрі Алаш аңсаған, қасық қанын төгіп, жанын қиған ұлы күн – Тәуелсіздіктің арқасы, ғасыр тілегі болған бостандықтың құдіреті болатын!
Қыр баласы – Әлиханның тойында фәни ғұмырында еркіндік үшін басын қатерге тігіп, ер тұрманы түгенделмей кеткен есіл ердің ұрпағы – Евгенийге ақбоз ат мінгізіп, иығына шапан жауып, аруақ алдында үлкен құрмет көрсетілген. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жақсы-жайсаң ұлы тойдан тәберік алып, асылдардың ұрпағын көріп, сұхбаттасып, алаштанушы-ғалымдардың тың зерттеулерін тыңдап, мәре-сәре болысқан. Осыдан отыз жыл бұрын Арқа төсінде осындай той өткен еді дүркіреп.
Алаштың алғашқы тойын кең көлемде аталып өтуіне себепкер болған жанның бірі туралы сөз қозғайық. Бұл пікірімді сол жылы өмірге келген ұлдың әрі тәуелсіздік құрдасының бағасы деп қабылдаңыздар.
ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына алапат құбылыс болып келген үркердей оқығандарының шоғырының есімін халыққа жақындатқандарды да ұмытып кетпейік. Алашты тану, зерттеу, зерделеу ісінде ғалымдардан бөлек жергілікті өлкетанушылардың айтарлықтай үлесі бар. Қазақ тұлғаларын таныту, насихаттау жұмысына белсене араласып жүрген азаматтардың бірегейі – Тұңғышбай Мұқан ағамыз.
Өлкетанушы Тұңғышбай ақсақалмен Алаш жолында жүріп таныстық. Әлқисса, 2016 жылы ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, Қазақ географиялық қоғамы «Әлихан Бөкейхан ізімен...» халықаралық экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция көсемнің кіндік қаны тамған Ақтоғайдан Мәскеуге дейінгі аралықты қамтыды. Экспедиция жетекшісі – танымал алаштанушы-ғалым, профессор Айгүл Ісімақова. Ғылыми топ құрамында біз де болғанбыз.