Әлиханның шырақшысы

Әлиханның шырақшысы

Әлиханның шырақшысы
ашық дереккөзі
Осыдан дәл отыз жыл бұрын – бір мың тоғыз жүз тоқсан екінші жылдың тамызында Жез­қаз­ған облысының Ақтоғайында (Сол уақыттағы Жезқазған, бүгінгі Қарағанды облысы) дүркіреп ұлы той өткен. Бұл – ұлт жолында, еркіндік мұраты күресінде шаһид кеткен Алаш арыстарына берілген алғашқы Құдайы ас. Алаштың ұлы тойы Әлихан Бөкейхан ата­мыздың құрметіне орай ұйым­дас­тырыл­ған. Саңлағын, туған перзентін ұлық­таған Ақтоғайдың баурайына Мәс­кеуден көсемнің немересі Евгений (Үге­дей­дің ұлы), шөбересі Петр, Міржақып Дула­тұлы­ның қызы Гүлнар, Жүсіпбек Аймауы­тұлы­ның қызы Муза, Әлімхан Ермектің ұлы Мағауия, Жақып Ақбайұлының аталас туыстары жан-жақтан жиналып, арқа-жар­қа болады. Алматыдан профессор Тұрс­ын­бек Кәкішұлы, академик Кеңес Нүрпейіс сын­ды алаш тарихын зерттеп жүрген ға­лымдар барып, ғылыми конференцияда ұлт келбетіне айналған тарихи тұлға­лары­мыз туралы тұңғыш рет көсіліп, тұшымды баян­дама жасайды. Міне, осының бәрі Алаш аңсаған, қасық қанын төгіп, жанын қи­ған ұлы күн – Тәуелсіздіктің арқасы, ға­сыр тілегі болған бостандықтың құдіреті бо­латын! Қыр баласы – Әлиханның тойында фәни ғұмырында еркіндік үшін басын қа­тер­ге тігіп, ер тұрманы түгенделмей кеткен есіл ердің ұрпағы – Евгенийге ақбоз ат мін­гізіп, иығына шапан жауып, аруақ ал­дын­да үлкен құрмет көрсетілген. Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен келген жақсы-жай­саң ұлы тойдан тәберік алып, асыл­дар­дың ұрпағын көріп, сұхбаттасып, алаш­танушы-ғалымдардың тың зерттеулерін тың­дап, мәре-сәре болысқан. Осыдан отыз жыл бұрын Арқа төсінде осындай той өткен еді дүркіреп. Алаштың алғашқы тойын кең көлемде ата­лып өтуіне себепкер болған жанның бірі туралы сөз қозғайық. Бұл пікірімді сол жы­лы өмірге келген ұлдың әрі тәуелсіздік құрдасының бағасы деп қабылдаңыздар. ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына ала­пат құбылыс болып келген үркердей оқығандарының шоғырының есімін халыққа жақындатқандарды да ұмытып кетпейік. Алашты тану, зерттеу, зерделеу ісінде ғалымдардан бөлек жергілікті өлкетанушылардың айтарлықтай үлесі бар. Қазақ тұлғаларын таныту, насихаттау жұмысына белсене араласып жүрген азаматтардың бірегейі – Тұңғышбай Мұқан ағамыз. Өлкетанушы Тұңғышбай ақсақалмен Алаш жолында жүріп таныстық. Әлқисса, 2016 жылы ұлт көсемінің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, Қазақ географиялық қоғамы «Әлихан Бө­кей­хан ізімен...» халықаралық экс­пе­диция­сын ұйымдастырды. Экс­педиция көсемнің кіндік қаны тамған Ақтоғайдан Мәскеуге дейінгі аралықты қамтыды. Экспедиция жетекшісі – танымал алаштанушы-ғалым, профессор Айгүл Ісімақова. Ғылыми топ құра­мында біз де болғанбыз.  width= Алматыдан Ақтоғайға келе жатқан топ­ты аудан атқамінерлері күтіп алды. Жол­басшы – Тұңғышбай аға. Бұған дейін аға­ның сұхбатын «Өнегелі өмір» жоба­сы­нан талай мәрте көргенбіз. Жүзі таныс, ойы мен көзқарасы белгілі. Бұрыннан аралас-құра­лас кісілердей бір-бірімізге тез бауыр ба­сып, жақын болып кеттік. Ақтоғай атырабының тарихын, жерінің ойын да, қырын да жақсы білетін ағамыз ға­лым­дарды аузына қаратып, «Мына жерде Әлихан Бөкейханның ата-анасы жер­лен­ген», «Мына жерде Тоқырауын өзенін қиып өткен үлкен жол болған», «Мына жерде Мұқан төренің қыстағы болған» деп әр нүк­тені көрсетіп, тамсанып келеді. Бала Әлихан су ішкен бұлақты көрсетті. Бәріміз су ішіп, шөлімізді бастық. Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстық күні еді. Бір уақытта бізді бастап Желтау баурайына шығарды. Алып мұзжарғыш кемеге ұқсаған жартасты нұсқап: «Мына тасқа бала Әлекең отырған екен. Бұрынғылардың айтуынша, бұл тасты «Хан тағы» деп айтқан екен» деп ескі тарих­тан үзік-үзік сыр айтып, қарсы тұрған Қы­зыларай тауын көрсетіп, Кенесары хан­ның Ақмола бекінісін алмастан бұрын осы жер­де сарбаздарын даярлағанын тілге тиек етті. Әлиханның тағылымы мен аманатына адал болып жүрген Өміртайдың Тұң­ғыш­байы 1946 жылдың 1 қазанында Қоңырат ауда­нында дүниеге келген. Қарағанды пе­дагогикалық институтының түлегі. Қара­пайым мектеп мұғалімі қызметінен бастап үлкен лауазымды қызметке дейінгі ең­бектің барлық сатысынан сүрінбей, адал жүріп өткен білікті маман. Заманында «Ақ­тоғай халық театры» мен «Тоқырауын тол­қындары» ансамблінің негізін қалаған. Білім беру саласының үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің Құрмет грамо­тасы­мен, Алғыс хатымен марапатталған. Оның қаламынан «Ел тарихы – рухани қа­зына», «Ақтоғай өнерінің шамшырақ­тары», «Алаштың Әлиханы» сынды бірнеше та­нымдық кітаптар туған. Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі ретінде де ау­дан тарихы, ел тағдыры туралы толғану­дан еш жалыққан емес. Жасынан сөзуар болмай, сөзұғар болып өскен Тұңғышбай – өлкенің тарихын бес сау­сақтай тарқатып, жетік білетін көнекөз. 1992 жылы Тұқаң Ақтоғай ауданы әкімінің идеологиялық жүмыстар жөніндегі орын­басары қызметін атқарады. Қырықтың қыр­қасына шыққан жігіт ауданның рухани жаңаруына бар күш-жігерін салған. Сол 1992 жылдың өзінде-ақ Карл Маркс атын­дағы мектептің атын Әлихан Бөкейхан мек­тебі деп өзгертеді. Ленин атындағы ор­талық көше атауын Алаш қозғалысы же­тек­шісінің есіміне ал­мас­тырады. Қарап отыр­сақ, десоветизация Ақ­тоғайда тым ер­те басталған екен. Қазір аудан орталы­ғы­ның әр көшесі, әр ауылы қа­зақыланып тұр! Атауларына қарап-ақ қы­зығасың! 1998 жылы ұлтшыл ағамыз аудан әкімі Тө­леухан Ахметбековке кіріп жүріп, Ле­нин­нің қоладан құйылған ескерткішін құла­­тып, орнына Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермекұлы сынды То­қырауын өңірінде туған үш көсемнің ең­селі ескерткішін қойдырғаны бар. Ақтоғайды аудандық өлкетану музейі – еліміздегі ең бай әрі тақырыптық мазмұны жа­­ғынан ауқымды музей. Осы музейдің ал­дында рух сардары Әлихан атамыздың таран­тасы тұр. 2009 жылы ізденгіш Тұң­ғыш­бай өлкетанушы ауыл-аймақты аралап жүріп, көсемнің жолдасы әрі атқосшысы болған Сәдуақас Әбдидің ұрпақтарынан таран­тасты тауып, музейге алдырады. Бө­кей­хан әулетіне тиесілі әр затты әр жерден тірнектеп жинап, музей қорын байытқан. 2016 жылдың 23-24 қыркүйегінде Ақ­то­ғай халқы өздерінің саңлақ тұлғаларын ұлық­тап, Әлихан бабамыздың 150 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Салтанатты ша­раға елімізге белгілі алаштанушы-ға­лымдар қатынасып, ұлы тойдың қуанышын бө­­­лісті. Сол тойға барған қонақтың бірі, жас ғалым, замандасым Еркін Ерланұлы: «Елдос, мына Тұңғышбай ағамыз Ақто­ғай­дың, Әлиханның «тірі» биохронигы екен» деп жақсы сөз айтты. Шындығында деймін-ау, Тұңғышбай ағамыз жан-тәніммен еңбек ісіне берілген адам емес пе! Тұңғышбай Мұқан Сарыарқа атыра­бында туып, бар қазаққа аға болған Алаш бек­задаларын жіті зерттеп, олар туған, өс­кен, ізі қалған жерлердің картасын сы­зып, тарихи нүктелерге белгітас қойып, маңайын тазартып, абаттандырып, киелі жерге айналдырған. Бұл ісі турасында: «1991 жылдың соңында жұмыс кабинетіме Қа­сенхан Алтынбеков ақсақал келді. Қырым Алтынбековтің әкесі. Бұл кісілер де төре тұқымынан тараған. Сол ақсақал ма­ған қолжазба дәптерін тапсырды. Дәптерде Ақ­тоғайдың маңайындағы тарихи жерлер­дің картасын сызыпты. Сол дәптерге сүйе­ніп әрі ақсақалдың көрсеткен жерлерін бір­­ге көріп, белгі орнаттық», – деп айтқан бо­ла­тын. Тоқырауын өзенінің сағасындағы Тал­дыбейітке, Әлихан Бөкейхандай алыпты дү­ниеге әкелген Нұрмұхамед әке мен Бегім ана және жақындары дамыл тапқан баба қорымына келушілер саны күннен-күнге кө­бейді. Зиярат етіп келген жұртты Тұң­ғышбай шырақшы күліп қарсы алып, жан-тә­німен беріліп, Әлихан әлеміне саяхат жа­сатады. «Әлихан мен Әлімханды таныттым, енді Жа­қыптың тұғырын көтерейін, іздеушісі бол­май жүр» деп жар құлағы жастыққа ти­мей, Алаш ұлдарын аялап, насихаттап, зор шабытпен олар туралы естіген-білгенін жазып, телеарна мен радиодан сөйлеп, жас­тар аудиториясына жиі барып, кездесу өткі­зіп жүрген өлкетанушы Тұңғышбай аға­ның атқарары әлі көп... Иә, біздің тарих­та жанар шырақ, айтылар сөз қаншама!

Елдос Тоқтарбай