Бала неге сөйлемейді?
Бала неге сөйлемейді?
Бала тілінің кеш шығуы соңғы жылдары жиі кездесетін өзекті мәселеге айналып отыр. «Балам сөйлемейді» деп шағынатын ата-ана көп.
Бұл жағдай логопед, дефектолог мамандарға сұранысты арттырып отыр. Осы орайда сөйлеу тілі бұзылған балалармен жұмыс істеп жүрген логопед-дефектолог, «Сөйле балақай» орталығының жетекшісі Айман Әділбекқызымен әңгімелескен едік.
– Логопед мамандарға сұраныс жыл сайын артып келеді. Мұны қазіргі балалар тілінің кеш шығуымен байланыстырсақ бола ма?
– Логопед мамандарға сұраныстың артып отырғаны рас. Өйткені қазіргі балалардың тілі кеш шығады. Тіпті, бір отбасында 2-3 баланың сөйлеу тілі бұзылған жағдайлар кездеседі. Яғни, үлкені сөйлемейді, екіншісі кекештенеді, тұтығып қалады, ал кішісі дыбысты анық айтпайды. Мұның астарында ата-ананың педагогикалық-психологиялық білімінің жеткіліксіздігі, баламен қарым-қатынас кезеңін меңгермеуі және қалай жұмыс істеу керегін білмеу себептері жатыр.
– Баланың тілі неліктен кеш шығады? Оның қандай себептері бар?
– Баланың сөйлеу тілінің бұзылуы органикалық және жүре пайда болған деп екіге бөлінеді. Органикалық бұзылысқа құрсақта бала пайда болған кезеңнен бастап ананың бойында болған өзгерістер әсерінен бала тілінің кеш шығуы жатады. Органикалық тіл бұзылуының өзін перинаталдық (туғанға дейін), постнатальдық кезең (туғаннан кейін) деп бөлеміз. Бала пайда болғанда ана ЖРВИ, тұмау сынды вирустық аурулармен ауырса, бұл да баланың сөйлеу тіліне әсер етеді. Сондықтан болашақ ана алғашқы 2-3 айда өте жақсы күтінуі керек. Себебі дәл осы кезеңде баланың миындағы сөйлеу тіліне әсер ететін жасушалар дамиды. Ананың психологиялық жағдайы тұрақсыз, стресс, депрессияда жүрсе, ол жағымсыз энергетика, уайым-қайғы тікелей балаға беріледі. Кейін бала мазасыз, жылауық болады. Себебі ана мен баланың психологиясы тығыз байланысты.
Бала тілінің кеш шығуының тағы бір себебі – авитаминоз. Анасының гемоглабині төмен болса, темір тапшылығы байқалса, йод жетіспесе де баланың сөйлеу тілінің тежелуіне алып келеді. Әдетте жүкті әйелдер гемоглабині төмен болса сазға, борға жерік болады. Бала өзіне керек дәруменді саз бен бордан алмайды, осыны ұмытпаған жөн. Белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігі, қорыту процесінің болмауы да сөйлеу тілінің кешеуілдеуіне алып келеді.
Келесі бір себеп – балаға оттегі жетіспеуі. Босану кезінде анаға оттегі жетіспесе, тікелей баланың ми жасушаларына да оттегі толық бармайды. Ең кең тараған процесс өмірге келген баланың шыр етіп жыламауы, дауыс шығармауы. Миға оттегі қалыпты деңгейде жетпеуі, жылау процесінің қалыпты болмауы баланың жалпы дамуын кешеуілдетеді. Миға 1-2 секунд оттегі бармаса, 1-2 жасында бала бойында арттақалушылық байқалады. Анасының кесарь тілігімен босануы, баланың тым ерте немесе кеш өмірге келуі де сөйлеудің кешеуілдеуіне әкеліп соғады. Себебі 41-42 аптада ананың құрсағында микрофлорада бұзылыс болады. Судың сарғаюы баланың сөйлеу тіліне, қалыпты түрде дамуына кері әсер етеді. Келесі ерекшелік – босану барысында баланың басы қысылып қалуы, ішекке оралып қалуы, қан қысымының жоғары болуы сөйлеу процесін тежейді. Сол себепті ана бала құрсақта пайда болғаннан бастап онымен толыққанды сөйлесіп, өзінің психологиялық жағдайын қалыпқа келтіріп, авитаминоздың алдын ала отырып баланың сөйлеу тілінің, іс-әрекетінің, жалпы моторикасының қалыпты дамуына жағдай жасауы қажет.
– Бұл жағдайдың алдын алудың қандай жолдары бар?
– Бала тілінің бұзылуымен жұмыс істеу кезеңінде бірінші себепті анықтап, сол себепке сәйкес жұмыс істеген дұрыс. Алдын алудың негізгі жолы – құрсақта бала пайда болғаннан бастап болашақ ананың өзін күтуі. Сонымен қатар ағзаға жетіспей тұрған дәрумендерді уақытылы қабылдау, дұрыс тамақтану, болашақ ананың көңіл күйінің жоғары болуы маңызды. Ананың денсаулығы тікелей баланың сөйлеу тілінің дамуына әсер етеді. Сол себепті қыз-келіншектерге бала жоспарласаңыз, алдымен өзіңіздің денсаулығыңызды күтіңіз деймін.
Құрсақта сәби пайда болған сәттен бастап ана баламен сөйлесуі керек. Ішін сипалап, балаға жақсы сөз айтсаңыз, бала бір орыннан екінші орынға ауысып, қимылдап, тебеді. Өйткені бала бәрін сезеді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда анасы стрессте болса, баланың бір орыннан қозғалмауы, тырысып қалуы, тебудің өте аз болуы көп кездеседі.
– Қалыпты жағдайда әр жастағы баланың сөздік қорында қанша сөз болуы керек?
– Бір жастағы баланың сөздік қорында «мама», «бер», «ішем», «су», «папа», «ата», «апа», «әже» деген сынды 10 сөз болуы керек. Екі жастағы баланың сөздік қоры 70 сөзден тұруы керек. Бала сөз тіркесін айта алуы керек. Мысалы, «мама, берші», «су ішемін», «папа, жүрші» деген сынды екі сөзден құралған сөздерді айтуы керек. Бұл жерде бала 70 сөзді айту керек деген қатып қалған қағида жоқ. Бала ол сөздерді білуі, бірақ қолданбауы мүмкін. Бастысы, импрессивті, экспрессивті сөздік қордағы сөздерді бала түсініп, кері байланыспен сыртқа шығара алуы. Үш жасар баланың сөйлеу тілінде 700 сөз болады. Яғни, бала әңгіме құрастырып айта алады. «Мен балабақшаға бардым», «апай тамақ берді» деген сынды әңгіме айтуы қалыптасады. Төрт жастағы баланың сөздік қоры 1 000-1 200 сөзге дейін жетеді. Бұл өте үлкен сөздік қормен бала әңгіме құрап, сұраққа жауап беріп, үлкен адамдарша кері байланыс бере бастайды. Ал бес жастағы баланың сөздік қоры 5 000 сөзге жетеді. Бала дыбыстарды анық айтады, мектепке баруға дайын болады. Бұл – қалыпты даму динамикасының нормативі. Ата-ана дәл осы нормативке сәйкес өз баласының сөйлеу тілінің деңгейін анықтай алады.
– Балалар арасында «з» дыбысын «ж» деп, «р» дыбысын «л» деп айту жиі кездеседі. Енді не себепті бұлай айтады деген сұраққа жауап берсеңіз.
– Мұны ғылым тілінде «дислалия» дейді. Dis – гректің бұзылу, logos – сөйлеу деген сөзінен шыққан. Қарапайым тілмен айтсақ, бала дыбысты алмастырады, айтпай тастап кетеді немесе бұрмалап айтады. Мұның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, бала дыбысты естіп, анализ жасап, сыртқа дұрыс шығара алмауы. Екінші себеп – бала тілі тонусының бұзылуы. Бала тілді қай жерге қойып, қалай дыбыс шығаруды білмегендіктен дыбыстарды автоматты түрде шатастыра бастайды. Сол себепті біз алдымен баланың тонусын анықтаймыз, сол тонусқа сәйкес жұмыс жасай отырып, дыбыстарды кезек-кезек қойып шығамыз.
– Бала тілінің кеш шығуына смартфонның әсері қандай? Ата-ана нені ескеруге тиіс?
– Балалардың тілінің кеш шығуына смартфон кері әсер етіп отыр. Бесіктегі 3 айлық балаға смартфон ұстатып қояды. Балаға обал, оның көзіне, денсаулығына, қаншама зиян келіп жатыр. Зейіннің тұрақсыздығы, баланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, телефон берсең ғана тамақ ішіп, бермесең, тамақ ішпеуі баланың телефонға тәуелді екенін көрсетеді. Баланың смартфонға тәуелді болуы мидағы ақпаратты қабылдау, сигнал беру процесінің бұғатталуына алып келеді. Бала робот сияқты естіген нәрсесін yellow, red деп айтады, бірақ қазақ тілінде оның сары және қызыл түстер екенін білмейді. Орысша мультфильм көрген баланың тілі орысша шығады. Бастапқыда ата-анасы баласының орысша сөйлегеніне мәз болуы мүмкін. Қиындық мектепке баратын кезде басталады. Баласын қазақ сыныбына берейін десе, баласы қазақша білмейді, орыс сыныбына берейін десе, ата-ананың өзі орысшадан қиналады. Міне, бір смартфонның зияны адамның өміріне әсер етіп отыр. Сонымен қатар балалардың 5-6 жасқа дейін сөйлемеуі де осы смартфонға байланысты. Сол себепті ата-ана баланың сөйлеу тілі анық шықпайынша, дұрыс сөйлемейінше балаға смартфон бермеуі керек. Үйдегі сөйлеу тілі де баланың ана тілінде болуы керек. Баланың тілі шыққаннан кейін ғана басқа тілдерді үйретуге болады.
– Баласын логопедке апаруға барлық ата-ананың жағдайы келмейді. Осы орайда үй жағдайында баланың сөйлеуін дамытатын қандай терапиялар бар?
– Баланың сөйлеу тілін, психологиясын қалыпқа келтіретін, агрессиясын азайтатын бірнеше терапия бар. Соның бірі – арт-терапия. Бұл баланың психологиясын қалыпқа келтіруге, бойындағы ашу-ызаны сыртқа шығаруға, агрессияның қалыпты деңгейге түсуіне жағдай жасайды. Бала әртүрлі акварель краскаларын алып, саусағымен, алақанымен сурет салу арқылы тактильді сезімталдығын арттырып, қабылдауын қалыптастырады. Осы терапияның көмегімен дыбыстарды шығару, екінші адаммен қарым-қатынас орнату процесі өте жақсы жүреді. Екіншісі – құм терапиясы. Бұл баланың өз әлемінен сыртқы әлемге шығу процесінде ерекше рөл ойнайды. Аталған терапия аутизм диагнозы бар балаларға өте жақсы көмектеседі. Баланың миын тыныштандырады, зейінін тұрақтандырады, ойлау қабілетін шыңдайды. Құм терапиясының көмегімен бала айналасымен қарым-қатынас орнатады, белгілі бір іс-әрекетті қайталауды үйреніп, дыбыстарды анығырақ айтатын болады. Үшіншісі – кинезотерапия. Бұл – баланың саусақ ұштарындағы жүйке жасушаларын ояту. Саусақпен жаттығу жасату, жұдырықты ашып-жұму, жұдырықты түю, ыстық-суық заттарды тактильді сезіп қабылдауын қалыптастыру арқылы баланың өз саусақтарымен жұмыс жасауын үйренетін тәсіл. Осы үш терапияны қолданған ата-ана баланың сөйлеу тілін қалыптастыра алады.
– Логопедке баланы неше жастан апарған дұрыс?
– Балада үш жасқа дейін толыққанды даму процесі болады. Үш жастан бастап баланың сөйлеу тіліне, түсінігіне, іс-әрекетіне, психологиялық дамуына мән бере бастаймыз. Қалыпты жағдайда үш жастағы бала үш сөздің басын қосып әңгіме айтып, сұрақ қоя алады. Егер үш жасқа дейін атын атап шақырғанда қарамаса, іс-әрекеттерді түсініп жасай алмаса, сөздерді қосып айта алмаса, логопедтің көмегіне ертерек жүгінген жөн. Мен өзімнің жеке методикама сәйкес орталыққа балаларды екі жастан бастап қабылдаймын. Көптеген логопедтер баламен жұмыс істеуді үш жастан бастайды. «Екі жасар бала кішкентай, жұмыс істеуге икемділігі төмен, бала анасынан жырақтамаған, шешесі шығып кетсе жылайды» дейді кей мамандар. Себебі бұл жаста бала бір орында отырғысы келмейді, айтқан нәрсеңді түсінбейді. Бірақ логопедпен жұмыс неғұрлым ерте басталса, соғұрлым жақсы нәтиже береді. Екі жастан бастап келген бала 3-4 айдың көлемінде анық сөйлей бастайды. Сондықтан ата-аналар бала тілінен кемшілік байқаса, уақыт өткізбей арнайы маман көмегіне жүгінгені жөн.
– Бүгінгінің баласы ботқа мен блендерде езілген дайын өнімді жейді. Мұның тілдің кеш шығуына әсері бар ма?
– Шайнау рефлексі артикуляциялық аппараттың қалыптасуына, сонымен қатар баланың дыбыстарды анық айтуына және анық сөйлеуіне тікелей әсер етеді. Бала өмірге келгенде сору рефлексін автоматты біліп, ана сүтін өзі емеді. Бала 4-6 айға келген кезде рационға қосымша тамақтарды қосамыз. Олардың органикалық өнім болғаны дұрыс. Қазіргі дайын езбелердің құрамында ГМО бар. Негізі құрамында баланың денсаулығына қажетті дәрумендер бар езбелерден бастаған дұрыс. Яғни, ботқадан бастасаңыз да, ең бастысы қоспа дұрыс таңдалуы керек. жеміс-жидек, көкөністерді күнделікті рационға аз-аздан берген дұрыс. Кейде балаға үлкендер ешкінің, сиырдың сүтін беріп жатады. Баланың ішек микрофлорасы дайын болмаса, оның асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзылады. Сондықтан бұл мәселеге де асқан жауапкершілікпен қарау керек.
Қазір біздің орталыққа төрт жастан асқан балалар келіп жүр. Сөйлеу тілі қалыптаспаған. Төрт жасқа дейін бөтелкеден қоспа (смесь) ішкен, ботқа, езбе жеген. Сондықтан шайнау рефлексі қалыптаспаған. Шайнауды дұрыс үйренбеген бала сөйлеуді де білмейді. Қазіргі балалар ет жемейді дейміз. Ата-аналар «Балам ет жемейді, шайнап-шайнап, жұтпай тастай салады» деп жиі айтады. Оның себебі баланың тісі шыққаннан бастап шайнау рефлексін қалыптастырмауда. Шайнау дұрыс қалыптасса, артикуляциялық аппарат дұрыс жұмыс істейді. Нәтижесінде, баланың тілі анық шығады.
– Сөйлемейтін немесе тілі бұзылған баланы логопедке апара ма, дефектологқа ма?
– Баланың сөйлеу тілінде қандай да бір бұзылу болса, ең алдымен баланы невропотологқа апару керек. Ол ары қарай логопед, дефектолог, психологқа жолдама береді. Баланың сөйлемеуінің бірнеше себептері бар. Бала атын атағанда қарамайтын болса, сөйлеу туралы түсінік болмаса, айналасындағылардың не айтып тұрғанын түсінбесе, дефектолог пен логопед бірлесе отырып жұмыс істеуі қажет. Егер балада сөйлеу тілі бар, 1-2 сөзді айтып, ары қарай айта алмайтын болса, логопедтің көмегіне жүгіну керек. Бұл жердегі ерекшелік – баланың деңгейін анықтау процесі невропотологпен қатар жүргізілуі керек.
– Аутизм белгісі бар балалардың сөйлеуін жақсартуға бола ма?
– Орталықта аутизм диагнозы қойылған 4 бала бар. Олардың келіп жүргеніне 3-6 ай болды. Қазір төртеуінің де сөйлеу тілі қалыптасып келе жатыр, өзіне керекті нәрсені сұрайтын деңгейге жетті. «Апай, бер», «мама, кел», «тамақ ішем» деген сөздерді айта алады. Бұл нәтижеге мен баланы өз әлемінен сыртқа шығарып, қарым-қатынас орнату арқылы қол жеткіздім. Сондықтан аутизм, Даун деңгейіндегі балаларды сөйлетіп, қоғамдық ортаға қоса аламыз.
Әңгімелескен Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ