Мұрат ӘБЕНОВ: Жерді мемлекет меншігіне қайтару – қоғамның сұранысы
Мұрат ӘБЕНОВ: Жерді мемлекет меншігіне қайтару – қоғамның сұранысы
«Жер аманаты» комиссиясы жер дауына байланысты мәселелерді түбегейлі шешіп, әділдік орнатуды мақсат етеді. Осыған дейін мемлекетке қайтарылған жерлер алдағы уақытта тиімді пайдалануға берілмек. Ал қайтарылатын жер көлемі әлі де көп. Комиссия мүшелері бұл бағытта тынбай еңбек етіп, нәтижелі жұмыс атқаруда. Газетіміздің бүгінгі санында «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті, «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі Мұрат Әбеновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– «Жер аманатының» мақсаты – жер дауына байланысты қордаланған мәселелерді шешу. Комиссия осы мақсатты толықтай атқара ала ма?
– «AMANAT» партиясы жанынан құрылған комиссияның саяси мүмкіндіктері жоғары. Көп ретте елімізде cоттың, Жер комитетінің шешімін орындалмай жатыр. Заң орындалмаған жағдайда сырттан саяси күшпен әсер етпесе, жағдай шешілмейді. Елімізде бір қаланың бос жатқан барлық жерін әкімдермен ауыз жаласып заңдастырып алған олигархтар бар. Бос жерді не өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Қаншама адамға зиян келтіріп отыр. Жер дауына байланысты сот шешім шығарады, Жер комитеті шешім шығарады, бірақ әкімдік орындамайды. Сот шешімі орындалмағаннан кейін халық митингке шығады, бірақ бұдан мәселе шешілмейді. Тұйыққа тіреліп тұра береді. Сондықтан мәселені орталықтан бақылауға алып, саяси шешім жасап, бұл мәселені Парламентте көтеріп, Президент айтуы керек.
«Жер аманаты» комиссиясының мүшелерін әкімдер жақтырмайды. Облыстарға барған кезде әкімдер кездеспейді, қашып жүреді немесе қорқытқысы келеді. Жергілікті халыққа «Мәселені айтпаңдар» деп алдын алда үгіт жүргізеді. Алайда азаматтар осындай кезде айтып әділдік орнатып алмаса, ертең жабулы қазан жабулы күйінде қалып кететінін біліп отыр. Жерді мемлекет меншігіне қайтару – партияның шешімі емес, қоғамның сұранысы. Партия азаматтардың белсенділігі мен талапшылдығын дұрыс пайдаланса, халықтың күшіне сүйенсе, көп мәселе оң шешімін табатыны анық.
– Латифундистер дегеніміз кімдер? Тек олигархтар ғана ма?
– Біздегі латифундистер билікпен байланысы бар немесе билікте жүрмесе де пара беретін жағдайы бар, пара беру арқылы жақсы жерлерді өзіне заңдастырып алғандар. Бұл да сыбайлас жемқорлықтың сорақы бір түрі. Президент әкімдерге «Өз достарыңа барлығын бересіңдер, қалғандарына заңмен бересіңдер» деді. Алматыны басқарған әкімдер «Қазақфильмнің», ҚазҰУ-дың жерлерін әркімге беріп кетті. Қарапайым адам Алматыдан үй салайын десе, «жер жоқ» дейді. Әкімдер өз достарына заңды бұзып тұрып береді. Ал қарапайым халыққа «ертең кел», «арғыкүні кел», «жер жоқ» деп шығарып салады. Кеше Оралда жер мәселесіне байланысты кезекті сот шешімі шықты. Бір олигархқа соңғы бірнеше жылда 26 участок жер беріліпті. Міне, жоғарыда айтылған Президенттің сөзіне тағы бір мысал. Заңды белден басқандарға да тоқтау болатын кез келді.
Жер – халықтың байлығы, ортақ мұра. Кейбір пысықай, жемқор әкімдер жерді достары мен таныстарына оңды-солды таратқан. Сірә, жердің иесі жоқ деп ойласа керек.
Кешегі Қаңтар оқиғасына да себеп жер оқиғасы екенін ұмытпауымыз керек. Әкімдер жерді халықтан қызғанып, пайдалануға бермеді. Ауылда айналысатын кәсіп қалмаған соң жастар қалаға кетті. Тұрақты жұмысы жоқ, жалақысы мардымсыз жастардың алаңға жиналуы да оңай болды.
– Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер қайтадан аукционға түседі. Осы жерде де «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріліп кетпей ме?
– Ондай да қауіп бар. Бірақ осыдан 5-10 жыл бұрынғы кезбен салыстырсақ, қазір жағдай мүлдем басқа. Қазір азаматтар белсенді. Ауылдағы жерді таратып көр қазір, тұрғындар көшеге шығады. Халыққа қарсы шығатын батыл әкімдер аз. Қаңтар оқиғасынан кейін әкімдер халықтан қорқып, санасатын болды.
Аукцион әділ, ашық, жария өтсе, қарсы емеспін. Ақшасы жоқ адам бизнес жасаймын деп өтірік ақпарат беріп, жерді алған соң қараусыз қалдырса, ол бізге зиян. Керісінше, адамдар бірігіп, ақша жинап, аукционға түсіп, жер алып, оны ұқсатып, өндіріс ашып, жұмыс орнын ашса, ол бізге пайдалы. Осы жағын ойлау керек. Себебі бір адамға жер құнды, себебі оған жұмыс істеп, пайда табуы керек. Екінші адамға да жер керек. Ол мен де алып алайын, сосын сатып жіберемін дейді және ол өзінікін дұрыс деп есептейді. Ондай жағдайларды да көрдім. Кезінде жерін тастап, ауылды тастап кетіп қалған. Қазір ауыл адамдарының сол жерді гүлдендіріп, өнім алып жатқанын көріп «Менің үлесімді беріңдер, әйтпесе, мен сендерге сатамын» немесе «бұрынғы есебім бар еді, ауылда отырсыңдар ғой, маған үстінен үлесімді төлеп отырыңдар, мен қалада тұра беремін» дейді.
Жер қай мемлекетте де жұмыс істеуі керек. Аукцион соған қарай бағытталса, нәтиже бермеген жерді қайтарасың деп оған қоғам бақылаушы болса, дұрыс болар еді. Мен алдын ала асыра мақтағым келмейді. Өзім әлі ең әділ конкурсты көрген жоқпын. Егер жерді кабинетте отырып алып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация арқылы жабық түрде сатып жіберсе, жемқорлыққа жол берілді деген сөз. Алматыдағы, Оралдағы жерлерді ешқандай конкурсқа шығармай, жабық түрде заңсыз сатқан ғой. Ал аукцион деген ашық өтеді. Оны да көрелік.
Менің байқағаным, қазір қоғам өзгерді, адамдар белсенді. Бұрын ауылда адамдар бәрі жақсы деп айтатын. Қазір елге барсақ, ауылдың адамдары әкім жемқор деп ашық айтады. Бұрын мәселе көтерген адам арызқой, бәлеқор деп жаман атты болатын, қазір олар – демократ, құқықтық сауатты, белсенді, елдің сөзін сөйлейтін азамат. Бұрын ондай адамды көпшілік жақтырмайтын, үйіне қонаққа да бармайтын. Қазір батыл, белсенді азаматтардың айналасына адамдар өздері жинала бастады.
– Қайтарылған жерлерді тиімді пайдалану экономикамызға қаншалықты пайдасын тигізеді?
– Жұрттың бәрі бізде жерге қатысты белсенді деп айту қиын. Мен қазақты жалқау деп айта алмаймын. Жүздеген, мыңдаған жыл бойы қазақ өзінің малын өзі бақты, жерін сақтады. Мал бағумен-ақ түтіні түзу ұшты. Тек біз өзіміздің үйреншікті жермен айналысу әдісімізден айырылып қалдық. Өзбек халқы әуелден жерге жақын. Жерді пайдаланудың тәсілдерін біледі және одан пайда көріп үйреніп алған. Біз көп жағдайда жердің жағдайын түсіне бермейміз. Жерді қалай пайдалану керек, қандай дақылдар еккен дұрыс, тек қана малмен емес, егінмен де айналысайық деп көрсетіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаңа технологияларды енгізсек жөн болар еді. Қазақ алғыр, ізденімпаз халық, тез үйреніп алады. Мысалы, оңтүстікке барсаңыз, жылыжайдан көп нәрсе жоқ. Өйткені пайдасы көп. Шымкентте бір ауылда барлық отбасы мал өсірумен айналысады. Міне, халыққа осыны үйрету керек. Мал бағатын адамда шыдамдылық, төзімділік сынды қасиеттер басым болып, табиғаттың қыр-сырын түсінетін, мал бағатын жерін қорғай алатындай болуы керек. Ал егіншілік адамнан мүлдем басқа қасиеттерді талап етеді. Сондықтан аграрлық елге айналамыз десек, халқымыздың қанға біткен қасиеттерін ескеріп, дұрыс бағытта дамытып, қалыптастыруымыз керек.
Өзіміз ет қымбаттады деп ренжиміз, бірақ мал өсіріп, ет сатумен күн көріп отырғандарға еттің сәл қымбаттау болғаны жақсы ғой. Оны арзанға сатқызсақ, ауылдағы ағайынның жағдайы қандай болмақ. Малдың күтімі, жем-шөбі бар дегендей. Аграрлық елге азық-түлік бағасының қымбаттауы пайдалы-ақ болар еді.
– Өзіңіз ауыл жақта жүрсіз, ауылдағы ағайынның көңілі тоқ па?
– Ауылдағы әлеуметтік жағдай көп жылдар бойы назардан тыс қалып қойды. Ең негізгі мәселе – «ауылдағы адамдар нанын қалай тауып жейді» деген сұрақ. Кезінде жекеменшікке жер алуды, шаруашылықтардың жерін кейбір адамдардың жекеменшікке заңдастыруын мемлекет бақылаусыз қалдырды. Ірі жер телімдері жеке адамдардың қолына түсіп кетті. Сондықтан көп өңірде мал жаятын, егін егетін жер жоқ. Жұмыс істеймін дегендердің жері жоқ. Ал жер бірінші кезекте еңбек ететіндерге берілуі керек. Маңғыстауда бір латифундистің қолында миллион гектарға дейін жер бар екен. Бұл шағын бір мемлекеттің жер көлемі ғой.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ