Қарқыны күшейгенімен, қауқары қайтты
Қарқыны күшейгенімен, қауқары қайтты
Ай басынан бері елімізде коронавирус қайта күш ала бастағаны байқалады. Ресми көрсеткіштегі дерекке сүйенсек, алдыңғы аптада індет жұқтырғандар саны тіптен еселене түскен. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары коронавирусқа шалдыққандар саны бойынша көш басында тұр. Елорда «сары аймаққа» өтті.
Екі жыл бойы еңсе тіктетпеген індеттен енді ес жиып жатқанда, мұндай ақпараттың тарауы халықтың күдігі мен үрейін қатар оятты. Вирустың таралуы күтпеген жерден тоқтап, енді қайта көбеюі ел арасында түрлі пікір тудырып отыр. Соңғы рет мұндай көрсеткіш тек қаңтар-наурыз кезінде тіркелген екен.
Індеттің күрт бәсеңдеп, қайта өршуіне не себеп болып отыр? Алда тағы түрлі шектеулер мен ережелер, қарбалас пен қауіп күте ме?
Вирус қайта қарқын алып барады
Шілденің басында коронавирустың күрт өршігені байқалды. Бір күннің ішінде індет жұқтырғандар саны бірнеше есе өскен. Ресми деректерде 10-23 шілде аралығындағы екі апта ішінде 21 мыңнан астам адамнан вирус анықталғаны көрсетіліпті. Күн сайын тіркеліп жатқан жаңа жағдайлардың саны 2 мыңнан түспей тұр. Дегенмен жалпы елдегі эпидахуал «жасыл аймақтан» жылжыған жоқ. Эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасының графигінде тек Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта» екенін байқауға болады, ал Алматы және Жетісу облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы «жасыл» аймақтың шетіне жақындағаны көрініп тұр. Егер вирустың қарқыны бәсеңдемесе, аталған өңірлер де «сары аймаққа» ығысуы ықтимал екені айтылып жатыр. Басқа елдерде де маусымнан бері эпидахуал күрделене түскен. Естеріңізде болса, бұдан бір жыл бұрын осы уақытта «дельта» штамының тіркелуіне байланысты әлем бойынша жағдай ушыққан еді. Бұл жолы «омикрон» нұсқасынан мутацияланған штамдар таралып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметінше, індеттің таралуы тура былтырғы сценарий бойынша қайталанып отыр. Естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында «кентавр» деп аталатын коронавирустың жаңа мутациясы Үндістанда алғаш рет анықталған еді. Содан бері әлемдегі жағдай күрт өзгерді.
Ахуалдың күрт құбылуына байланысты маусымның басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейюс ұмыт қалған ережелерді қатаң сақтап, сақ болу керегін бүкіл әлемге ескерткен болатын.
Жағдайды бағамдасақ, кейінгі
6 аптада Еуропада вирус жұқтырғандар саны үш есе өскен, ал өткен аптада
3 миллионға жуық жағдай тіркеліпті, бұл – әлемдегі барлық жаңа жағдайдың жартысына жуығы. Ресейде де індет жұқтырғандардың саны күрт көбейгені байқалады. АҚШ, Жапониядағы ахуал да тура сондай.
Қарбалас қайталанбайды
21 шілде күні елорданың «сары аймаққа» өтуіне байланысты қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова жаңа қаулыға қол қойған болатын. Қаулы 23 шілдеден бастап күшіне енді.
Онда бірқатар шектеу шаралары қарастырылыпты: науқаспен жақын байланыста болған, вакцина алуға болмайтын және жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеуге көшіру; халық көп жиналатын орындарға барған кезде және қоғамдық көлікте бетперде тағу; 10-нан астам адамның қатысуымен өтетін жиналыстарды онлайн форматқа ауыстыру және тағы да басқа.
Ал Ashyq жүйесі өңірлер «қызыл аймаққа» өтсе ғана қолданылуы мүмкін, әзірге бизнес субъектілерінің жұмысына қандай да бір шектеу қойылған жоқ.
Қазір кей сарапшылар мен мамандар Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен дәрігерлер вируспен күресте вакцинаның маңызы жоғары екенін қайтадан еске салып жатыр.
Сонымен қатар коронавирустың бұл толқыны алдыңғыларға қарағанда біршама жеңіл түрде жүріп жатқанын байқауға болады. Сарапшылар мен дәрігерлер коронавирус мутация кезінде өкпе тініне ену қабілетін жоғалтқанын, омикрон штамы жедел респираторлық вирустық инфекция ретінде жүретінін, өкпенің зақымдануы өте сирек жағдайларда байқалатынын айтып жатыр. Дегенмен, созылмалы аурулары бар жандар үшін коронавирус қауіпті болып қала бермек.
Омикрон жұқтырған кезде қызу көтеріледі, дегенмен көп жағдайда 38 градустан аспайды. Күрделі жағдайларда ол одан да жоғары көтерілуі мүмкін, тыныс алудың қиындауы қосылады, жөтел күшейеді, кеуде қуысы қысылып, ауыруы мүмкін. Дегенмен жауаптылар алдыңғы жылдардағыдай жағдай, дүрбелең мен дүрмек, қайталанбайды деп сендіріп отыр. Әйтсе де, сақтансаң ғана сақтайтынын қаперде ұстаған абзал.
Ержан БАЙТАНАЕВ,
Денсаулық сақтау министрлігінің
ресми өкілі:
Тұмау тәрізді екен деп қарап
отыруға болмайды
– Қазір елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп айтуға болады. Соған қарамастан, инфекцияның таралу қарқыны күшейіп келе жатқанын да жоққа шығармаймыз. Өткен тәулікте
2 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырды, ал жазылып шыққандар саны бір мыңнан асады. Індеттің таралуы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Қарағанды облысы көш бастап тұр. Елімізде вакцина алғандар саны 10 миллионнан асады. Ал ревакцинациядан өткен, яғни қайтадан вакцина алған азаматтар саны 5 миллионнан асады.
«Кентавр» штамы елімізде тіркелген жоқ. Қазір бізде «омикрон штамы», «стэлс омикрон» штамы және аздаған «дельта» штамы циркуляцияда жүр.
Расымен де, қазіргі коронавирус толқыны тұмау тәріздес болып өтіп жатыр. Дегенмен тұмау сияқты екен деп қарап отыруға болмайды. Оның таралу қарқыны жылдам, яғни тез жұғады, сонымен қатар адамның бұрыннан бір жері ауырса, денсаулығында басқа да бір кінәраты болса, сол жерге зақым келтіруі әбден мүмкін. Ал ауруды ауыздықтаудың жалғыз жолы – вакцина алу. Ол вирусқа қарсы қоғам иммунитетін қалыптастыру үшін аса қажет. Халық көп жиналатын жерлерде, қоғамдық орындарда бетперде тағып, сақтық шараларын сақтау аса маңызды екенін ескерткім келеді.
Әкім ТҰРСЫН,
медицина сарапшысы:
Коронавирус тұмау сияқты аурулардың
бірі болып қалады
– Егер естеріңізде болса, біздің климат жағдаймызға байланысты 2020 жылы да, былтыр да шілде, тамыз айларында вирусты қарқыны күшейген еді. Яғни, коронавирустың да тұмау немесе тағы басқа аурулар сияқты маусымдық сипат алғанын аңғаруға болады. Енді вирус жойылып кетпейді, осындай жаз айларында пайда болып отыруы ықтимал. Вирустың қарқыны бәсеңдеп келіп, енді өршуін осы нәрсемен байланыстыруға болады.
Қазір әлем бойынша коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасты деп айта аламыз. Әу баста-ақ бұл вируспен бәрібір кездесеміз деп айтқан болатынбыз. Барлық адамда антидене бар десек болады. Жылдың басында «омикрон» штамы тараған еді. Оның таралу қарқыны жылдам, бірақ мутацияға ұшыраған себепті әлсіз болды. Сол «омикрон» ортақ иммунитет қалыптасуына зор ықпал етті. Қазір вирус жеңіл өтіп жатыр, тіпті симптомсыз өтіп жатқандардың үлесі жоғары. ИВЛ аппаратына түсіп жатқандар бар, бірақ олар өте аз.
Әлем ғалымдары бұдан бұрын да уақыт өте келе коронавирус тұмау сияқты аурулардың бірі болып қалады деген болжамдарын, тұжырымдарын айтқан болатын. Сол жағдайға қазір келдік. Әлем бойынша қатаң шектеу шаралары алынып тасталды.
Ал вакцина алда да бола береді. Күз айларында халық салдырып жататын тұмауға қарсы вакцина бары белгілі. Коронавирустың вакцинасы да сол сияқты қала береді.
Қорыта айтқанда, елдегі ахуал тұрақты, вирустың таралу қарқыны жоғары болғанымен, қаупі баяғыдай емес деген тұжырымға келуге болады. Дегенмен бұрыннан бар сырқатты асқындырып жіберуі мүмкін екенін есте ұстау керек.
Мамандар мен жауаптылардың сөзіне сүйенсек, адамзаттың бұл індетті жеңетін уақыты жақындаған сияқты. Десе де, сақтық шараларын сақтау ешқашан артық болмайды.