«Қайрат» футбол клубының басшылығы қазақтілді қызметкерін шеттеткен

«Қайрат» футбол клубының басшылығы қазақтілді қызметкерін шеттеткен

«Қайрат» футбол клубының басшылығы қазақтілді қызметкерін шеттеткен
ашық дереккөзі
«Қайрат» футбол клубының басшылығы іс-шараларды қазақ тілінде жүргізіп келген Әділет Бисариевті ескертусіз орнынан алып тастаған деп хабарлады turkystan.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Мен 2019 жылдан бастап «Қайрат» футбол клубында жүргізуші қызметін атқардым. 24 шілде күні басшылық мені жұмыстан шығарып жіберді. 2019 жылдан бері клубтың басшылығының жалпы қазақ тіліне немқұрайлығы барын байқадым. Бұл өзімнің ойым. Орталық стадионда қазақ әндері қосылмайды. Ақсақал жанкүйерлер қазақша ән сұраған. Оны мен басшылыққа жеткізгенмін. «Қайраттың» диджейі басшылыққа сілтеген. Одан кейін  де бұл клубта көптеген мәселе болды», - дейді ол.
Әділет Бисариевтың айтуынша, клуб басшылығы оны тіл мәселесіне байланысты ылғи қыспаққа алып келген.
«Бұған дейін мені жұмыстан шығаратындай себеп таппаған. Кейін «Қайраттың» жанкүйерлері мені жақсы көріп кетті. Жанкүйерлер мен үшін уайымдап жатқанына қуанып жатырмын. Демек, өз жұмысымды жақсы атқарып жүрмін деген ойдамын. 24 шілдеде «Қайрат» пен «Ақсудың» ойынына барғанмын. Маған ешкім ескертпеді. Микрофонды ұстайын десем, сол жерде тағы бір жүргізуші жүр. Орыс жігіт. Менің жұмысыма жауапты басшылық маған қоңырау шалып, бүгін жүргізбейсің деді. Ештеңе маған алдын ала ескертілмеді. Неге десем, сен бұдан былай бізде жұмыс істемейсің дейді. Стадионнан шығып, бас директор Асқарға барсам, ол        «1 хбеттен» саған шағым түсті дейді. Конкурсты дұрыс жүргізбедің дегісі келді. Оны мен сәтті өткізгенмін. Тағы қандай себеп десем, нақты айтпайды», - деп атап өтеді журналист.
Журналист «1 хбет» өкілдеріне де барған. Алайда не үшін шағым түсіргенін нақты түсінбеген.
«Олармен сөйлесіп, мен мынадай ойға келдім: Бұл кісілер қазақ тіліне қыспақ көрсеткісі келеді. Қазақ тіліне қарсы екеніне көзім жетті. «Ты ведешь на тойском», «Әп-бәрекелді» дейсің дейді. «Что такое Адилет, Ап барекелди?» дейді. Мені олар сөйлеткісі келмейді. Бұл менің өз ойым. Меніңше, бұл - қазақ тіліне деген қыспақ, қарсылық. Енді ойын кезіндегі хабарландырулар орысша айтылып жатыр. Сонда орысша түсінбейтін қазақтардың қамын кім ойлайды? Тіл үшін жаным ашып тұр. Аллаға шүкір, табысым мол. Өзім өнер азаматымын. «Қайратта» тіл мәселесі ауыр. «Қайрат» командасы өзін халық командасы деп таныстырғанымен, қазақ тілін менсінбейді, Бұл - менің өз ойым», - деді ол.
Әділет Бисариев Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа, құзырлы органдарға өтінішін айтып, кінәлі адамдарды жазалауды сұрап отыр.