Елордалық имам 7 баланың анасын мешітке кіргізбей қойғаны рас па?

Елордалық имам 7 баланың анасын мешітке кіргізбей қойғаны рас па?

Елордалық имам 7 баланың анасын мешітке кіргізбей қойғаны рас па?
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желіде 7 баласы бар әйелдің «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, өзін балаларымен бірге мешітте қондыруын талап еткені жайлы видеожазба жарияланды деп хабарлады turkystan.kz.
Видеожазбада көпбалалы келіншек мешіт имамының сөзге келмей сыртқа шығарып жібергенін айтады...
Осы ретте «Әзірет Сұлтан» мешітінің өкілі Ағабек Қонарбайұлы фейсбуктегі парақшасында пікір білдірді.
«Көпбалалы келіншек 20 шілде күні кешкі сағат 19:00 кезінде (екінті намазынан кейін) мешітке көмек сұрап келді. Ол мешіттің күзетшісінен өзін балаларымен бірге мешітте қондыруын талап еткен, тамақ беруді сұраған. Сол уақытта «Әзірет Сұлтан» мешіті бас имамының міндетін атқарушы Әділхан Иманәліұлы келіп, ол кісіден қандай көмек керек екенін сұраған. Имам мешіттің ішкі ережесі мен тәртібі бойынша құлшылық үйінде қонуға рұқсат берілмейтінін жеткізді. Алайда имам мешіттің қаржылық мүмкіндігі аясында оған материалдық көмек көрсетілетінін айтты» деп жазды ол.
Өкінішке қарай, әлгі әйел бұл ұсынысты қабылдамай, өз ұстанымынан қайтпай қойған. Тек мешітте ғана қонатынын эмоциямен жеткізген көрінеді.
«Осылайша, ашуға берілген күйі имамның ұсыныстарын тыңдамастан, мешіттен шығып кетті. Осы орайда, айтарымыз, «Әзірет Сұлтан» мешіті көмек сұрап келген шынайы мұқтаж адамдарға қашан да қолұшын созып келеді. Алайда мешіттің ішкі ережесі мен тәртібіне сәйкес құлшылық үйінде қонуға болмайтынын тағы да қаперге саламыз. Мұндай жағдайда имамдар мүмкіндігінше қонатын басқа орын тауып беруге тырысады. Дін қызметкері ешқашан ешкімге бейпіл сөз айтып, мешіттен қуып шыққан емес. БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан бұл оқиғаға байланысты біржақты пікір таратпауын сұраймыз», - деп жазылған хабарламада.