ҚазҰУ-ге зерттеу университеті мәртебесі берілді

ҚазҰУ-ге зерттеу университеті мәртебесі берілді

ҚазҰУ-ге зерттеу университеті мәртебесі берілді
ашық дереккөзі
Үкімет қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне зерттеу университеті мәртебесі берілді деп хабарлады turkystan.kz. Бүгінде ҚазҰУ – әлемдегі ең үздік 150 университет қатарына енген Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Бір жыл ішінде білім ордасы QS WUR жаһандық рейтингі бойынша топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-тен 150-орынға көтерілді. Айта кетсек, университеттің білім беру бағдарламаларының шамамен 25 пайызы QS by Subject пәндік рейтингінде топ-500 деңгейінде ұсынылған.
«Университет құрылымында 16 факультет пен 68 кафедра, 8 ғылыми-зерттеу институты және 29 ғылыми орталық бар. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зертханалары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта білім алушылардың контингенті шамамен 26 мыңды құрайды. Жыл сайын шетелдік студенттер саны артып келеді – әлемнің 30 елінен 2,5 мыңнан астам шетелдік бакалавриатта, магистратурада және докторантурада оқиды. Оқытушы-профессорлар құрамының саны 3 000-нан асады. Университет профессорларының арасында 10 академик,  7 Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 14 ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар», - делінген хабарламада.
Білім ордасын дамытудың негізгі векторы – интернационалдандыру. Университет 500-ден астам шетелдік жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатқан.
«Биыл әлемнің 30 елінен келген 100-ден астам шетелдік профессор мен ғалым ҚазҰУ-де сабақ беріп жатыр. Сондай-ақ білім ордасының 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа шетелдегі университеттерде дәріс оқыды», - делінген хабарламада.
2022 жылы университеттің 41 оқытушысы мен қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегерлері атанды. Қазіргі уақытта олардың басым көпшілігі АҚШ, Еуропа, сондай-ақ Жапония және Түркия университеттерінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Биыл мамыр айында Қазақстан Президентінің Түркия мен Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары аясында ҚазҰУ-дің Ыстамбұл және Бішкек қалаларында филиалдары ашылды. Қазіргі таңда университет елдік және халықаралық стратегиялық міндеттерді шешуде айтарлықтай әлеуетке ие. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің алдағы даму бағыты – әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу және халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігінде алға жылжу.