Роналду-Месси. Португалия ойыншысы алда

Роналду-Месси. Португалия ойыншысы алда

Роналду-Месси. Португалия ойыншысы алда
ашық дереккөзі
Әйгілі футболшылар Лионель Месси мен Криштиану Роналдуды әлемдік баспасөз ылғи салыстырып отырады. Екеуінің алған ата-дәрежесін санап, тіпті рейтингін жасау үшін БАҚ беттерінде есімдері неше рет аталғанын санап шығады. Биыл да әлемдік БАҚ үшін Мессидің өз елінде ең үздік спортшы атағынан құр қалуы сенсацияға айналды.
Аргентинада жылдың ең үздік спортшысы таңдалды. Тілшілер арасындағы дауыс беру қорытындысы бойынша теннисші Хуан-Мартин дель Потро жыл үздігі атанды.
«Олимпия-де-Оро» марапаты Аргентинада жыл сайын табысталып келеді. Биыл бұл сыйлықты Риодағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Аргентина құрамасының Дэвис кубогын жеңіп алуына сүбелі үлес қосқан теннисші Хуан-Мартин дель Потро иеленді. Ол дауыс беруде каталондық «Барселонаның» үздік сұрмергені Лионель Мессиді басып озды. «Месси де бұл марапатқа лайықты. Елі үшін еңбек сіңіріп жүр. Менің бұл марапатты алғаным сәл әділетсіздеу де болған шығар. Бірақ біз сіздердің қолдауларыңыздың арқасында елімізде таныта түсетін боламыз», - деді Хуан-Мартин дель Потро «La Nacion» басылымына берген сұхбатында.
Ал осы уақытта ең танымал футболшылардың бірі,  «Реал» мен Португалия құрамасының шабуылшысы - Криштиану Роналду  Палестинада жыл адамы атанды. 1 200 адам жиналған салтанатты шараға Палестина президенті Махмұд Аббас та келді. Футболшы «спорттық және адамгершілік қасиеті» үшін марапатталды. Биылғы жылдың наурызында Роналду бомбалаудың салдарынан жетім қалған бес жасар палестиналық баламен кездескен болатын. Таяу уақытта награда Испанияға жеткізіліп, португалиялыққа табысталуы тиіс.